Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Сәрсенбі күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Қазақстан дәуірі» қоғамдық-саяси газетінің директоры Сәуле Мешітбаева ауданымызға келді. Сәуле Мешітбайқызымен Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінде кездесу өтіп, жиынға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мырзабек Манғұтов, билер кеңесінің төрағасы Серікбай Өтегенов және аналар кеңесінің мүшелері мен педагогтар да қатысты.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Жұмабекұлы сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Жиын еркін форматта өрбіді. Сөз кезегі Сәуле Мешітбайқызына берілді. «Қазақстан дәуірі» газетінде түйткілді мәселелерді көтеріп, нардың жүгін арқалап жүрген Сәуле Мешітбайқызы ұлт мәселесіне қатысты көптеген ойлар айтты.
«Қазір мен әр облыстарды аралап жүрмін. Көксегенім жеке басымның мәселесі емес. Ұлт болашағына алаңдаймын. Өзім көптеген жылдар бойы ұстаздық қызметте еңбек еттім. 60 жастан асқанда газет ісіне араластым. Қазір жұрт газет оқуды тыйды. Себебі, қазіргі таңда әрқайсысының қолында бір-бір смартфон. Жас ұрпақ ұялы телефонға телміріп отыр. Жаңалықты көріп қалсаң, жылт еткен жақсы хабар жоқ. «Бүйтіп кетіпті, сөйтіп кетіпті» деген жалаң ақпараттар ғана. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев: «Қуана білмегенге құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ қонбайды» деген. Осы сөздің шығар күндей шындық екеніне әбден көзіміз жетті. Әлемдегі геосаяси жағдайды көріп, біліп отырсыздар. Осы орайда Ғабит Мүсіреповтің сөзі есіме түсіп отыр. «Біз жиылсақ – көппіз, жойылсақ – жоқпыз» деп еді ғой қазақтың сөз зергері. Осы сөзді сіздердің қаперлеріңізге салғым келеді. Расымен де «ұйымдасқан ұтады» дегендей, елдік мәселелер осындай кездесулерде айтылуы керек деп ойлаймын. Қазақ «сауап болады», «обал болады», «ұят болады» деген сөздерді жанына желеу еткен. Біз осы тамыры терең үш сөздің мазмұнына терең бойлай алмай жатырмыз. Ертегі айтар әже, бесік жырын айтар ана азайды. Баламыз жыласа, оны жұбату үшін қолына телефонды ұстата салу сәнге айналды. Бұның дұрыс емес екенін сіз бен біз жақсы білеміз. Біле тұра, солай істейміз. Телефонға телмірген ұрпақтың болашағы жарқын болады деп айта алмаймын. Дұрыс. Бұның да кей тұста пайдасы бар. Бірақ біздің ел оның пайдасын емес, зиянын көп көріп отыр. Осы жағын мемлекет ойлануы керек. Әлемдегі алпауыт елдердің бірі Жапония ұялы телефонды пайдалануға тежеу салды. Өйткені, түсінді. Рас қой. Қазір «шыбын өліп қалса да», әлеуметтік желіде отырып алып, мемлекетті кінәлайтындар көп. Біз бұдан не ұтамыз. Жаңада айттым ғой. Әбіш ағам қандай көреген десеңізші. Біз барымызды асырып, жоғымызды жасыратын ел едік қой. Бір-бірімізді жамандағаннан еш әбүйір таппаймыз. Сондықтан ел боламыз десек, бір-бірімізді қадірлей білуіміз керек» – деді.
Содан соң ортаға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы шығып сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ұлдарымыз сесті, қыздарымыз есті болу үшін Сәуле Мешітбайқызы секілді ұлт жанашырларының тәрбиелік мәні зор мақалаларын ұдайы оқып отыру қажеттігін сөз етті. Одан кейін сөз сөйлеген ардагер ұстаз Ғалия Өтеулиева мен билер кеңесінің төрағасы Серікбай Өтегенов те ұлт тағдырына қатысты ордалы ойларымен бөлісіп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Айтылған ұсыныстарға Сәуле Мешітбайқызы өз тарапынан жауап та қатты. Кездесу соңында Ерғазы Жұмабекұлы ауданымызға келіп, танымдық деңгейдегі мәні бар мазмұнды кездесу өткізгені үшін Сәуле Мешітбайқызына алғысын білдірді. Содан соң «Қазақстан дәуірі» газетінің директорына «Тұрар Рысқұлов ауданына – 85 жыл» атты мерекелік медаль мен сый-сыяпатын тарту етті. Өз кезегінде Сәуле Мешітбайқызы қолдау көрсетіп, кеңпейілділік танытқан киелі құландықтарға разы екендігін жеткізді.
Марат Диханбай.