Тамыры терең ТЕРЕҢӨЗЕК

233 Views

Жыр алыбы Жамбылдың атын алған колхоздың арғы тарихы кімге де болса ой тастамай тұра алмайды. Ақыртас сияқты ақырғы төбе жатқан аймақтың да ауыз толтырып айтарлықтай тарихы бар. Оның үстіне бұл өзі бір шоғыр шайырлар шыққан қолында домбырасы, аузында аталы сөзі бар Өзбек Ақжолұлы, Әбдіәкім Жәлімбетов, Сыдық Аткелтіров, Қазыбай Бижанов сынды ақын-жыраулары бар өн бойына өнер қонған киелі мекен. Ауыл терең өзегі бар сайымен ғана емес осындай орақ тілді шайырларымен де ерекшеленеді. Жамбыл, Жәкемнің «қызыл жолбарысы» осы ауылды айналып кетпей жүр ме, кейінгі буыннан да аузы дуалы Хамит Есаман сынды салкүрең ақын шыққанын қазір тек Әулиеата өңірі ғана емес, бүкіл республика жұртшылығы біледі. Аруна Керімбек сынды аруымыздың Жамбыл бабасының жолын қуып, суырып салмалық-импровизаторлық жолды таңдағаны шынында да көңілге медеу ұялатады.
Иә, ақындар халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаса, Шыныбек датқа мен Бекқожа билер румен рудың, бай мен кедейдің, жетім мен жесірдің, ел мен жердің дауын шешіп, қаймана қазақты ынтымақ пен бірлікке, кішіпейілдік пен кісілікке шақырған. Осынау абызы мен ақыны бар аймақтың арғы тарихына көз жүгіртсек, жүрегін жалау етіп, сонау 1916 жылы орыс патшасының: «ауыр жұмысқа» деп, 16-43 жас аралығындағы азаматтарды көпе-көрнеу күш көрсету жолымен әскер қатарына алу туралы Жарлығына Меркіде Қабылбек Сармолдаев сынды өжет өреніміз қарсы шықса, Ақыртөбеде отаршылдардың озбырлығына қарсы Байсейіт Танагөзов көтеріліске бас болғанын біз кешегі тарихымыздан жақсы білеміз.
Ал, 1924 жылғы өкіметтің Жер-су реформасына сәйкес жаңадан шаңырақ көтерген «Тереңөзек» колхозы мал және егін шаруашылығымен мықтап айналыса бастады. Сол кезде шаруаға ең алдымен жер керек болды. Осы олқылықты Омар Айтуов сынды азаматымыз толтырды. Ол орта құмдағы «Нияз», Алатау аймағындағы «Жамбас жайлау» мен «Хан жайлауындағы» 38500 гектар жайылымдық, 11500 гектар егістік жеріміздің ел игілігіне жаратылуына көп еңбек сіңірді. Артынша артельдер мен «Союзқосшы» одақтары пайда болды. 1929-1930 жылдары осындай жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық жұмыстың нәтижесінде «Ынтымақ», «Мақпал», «Тереңөзек» ұжымдары өз алдына «отау» тікті.
Ел тұрымтай тұсымен күтпеген нәубетке ұрынған 1928-1932 жылдарды да бектеміс, қарақойлы жұрты аштық атты зұлматты тікенекке тік тұрып, тайлы-таяғымен қарсы алды. Сол жылдары қаншама бейкүнә міскін көз жұмды…Олардың жатқан жері жәйлі, топырағы торқа болсын.
Бірақ, сол кездегі жұрттың жаны сірі ма деймін, қандай қиындыққа да қаймықпай қарсы тұрды. Ақыртөбе маңынан отарбалар жүретін болат жолдың нобайы сызылып, біраз жұрт сол Түрксіб құрылысына аттанып жатты. Колхоз өндірісінің алғашқы қадасы қағылып, ауылда да айпара істер қанат жайды. «Халық сонда жалаң ұранмен, жадағай энтузиазммен жұмысқа шығатын. Мен 1936 жылы еңбекке араластым. «Тереңөзек» колхозын Омар Айтуов басқарды. Біз ол кісіні «қарадан шыққан хан» дейтінбіз. Өйткені ол елдің жағдайын көп ойлайтын, қарттарды сыйлайтын, өте кішіпейіл жан еді. Ал, ауылдық кеңесті Сиқымкүл Сегізбаева деген әйел кісі басқарды» дейді есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» енген бригадир Жайылыш Сайлаубаев. Иә, елдің еңбекке деген құлшынысын ол кезде тосыннан келген топан су да тоқтата алмас еді. Өйткені, олар Ильич жаққан шамның жарығымен, жаңа өкіметтің түтінін түтетіп жатқан болатын.
Осынау кеңестік социалистік қозғалыстың ұранымен қаруланған жұртқа ең алғаш осы Бірлес ауылының азаматы Қожали Әлішев сынды жүрегі жігерге толы азамат басшы болып келді. Иә, колхоз, яғни коллективтік шаруашылықтың сойылын соғу ол кезде оңай емес болатын. Оған жаңадан қызыл туын желбіретіп ауылдық Совет келді. Лениндік идеялармен қаруланған алғашқы ауылдық кеңесті сол кезде Бүбішира Исаева есімді азматша басқарды. Ес жиып, етек жинап үлгергенше болған жоқ, СССР-дың Батыс шебіне жау кеп тиді. Қолына қару ұстай алатын бар азамат майданға аттанып жатты. Бір үйелменнен 3-6 азаматан сұрапыл соғысқа аттанғандары да болды. Жұрттың арқа тұтар ағасына айналған Жайылыш та «Жау қайдасың?» деп жауына аттанды. Бір үйден Біткенбай мен Күткенбай, Мақпалбай есімді үш азамат бірдей Батысқа қарай кетті. Олардың алғашқы екеуі сол кеткеннен қайтпады. Ал, Мақпалбай аман-есен елге оралды. Кейін атты әскерге Абылхан Спаналиев, Әбілезқұл Смайылов, Әбдіжапар Әбдіхалықов алынды. 150 азамат майдан даласында ерлікпен қаза тауып, елге оралмады. Ал, туған жер топырағын басуды арман еткендердің қатарында әскери «Даңқ» орденін алған Жанысбек Бүксіков пен әскер «Қызыл Ту» орденін алған Әміртай Жұманбайұлы бар болатын. Бүгінде олардың құлпытасқа түсірілген бейнелері «Өзбек Ақжолұлы атындағы аллеяда» тұр.
Соғыс жылдарында тылда да еңбек майданы қыза түсті. Тереңөзек жұрты Шолаққайыңды, Көкарық ауылдарының белсенді азаматтары Жадыра Сүгірбаеваның, Жақай Бөзбаевтың, Садуақас Әлімқұловтың есімдерін әлі ұмытқан жоқ. Ол кезде бұл ауылдар «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозының құрамында болды. Жоғарыда аты аталған азаматтар сол кездегі Тереңөзек колхозына қосылуға сонау Мәскеуге хат жазды. Сөйтіп, олардың өтініші орындалып, 1952 жылы үш ауыл Жамбыл атындағы колхоз болып, бір шаңырақтың астына бірікті. Міне, содан бергі 40 жыл бойы колхоз жыр алыбы Жамбылдың атын алып келді. 2001 жылы Қайыңды ауылдық әкішілігін Тереңөзек ауылдық аймақ әкімдігіне қосты. Ал, 2004 жылдан бері әкімшілік өз алдына аймақтық басқару құқын алды.
Қазіргі таңда Тереңөзек, Көкарық, Шолаққайыңды үш елді мекенінде 3198 халық тұрып жатыр. Жалпы жер көлемі 50000 гектарды құрайды. Тереңөзек ауылындағы 355 отбасында 2201 адам, Көкарақ ауылындағы 108 түтінде 652 адам, ал, Шолаққайыңдыдағы 62 үйде 347 адам бар. Аймақта 21 ұлттың өкілі тұрып жатыр. Олардың ішінде татарлар, қырғыздар мен өзбектер тағы басқа ұлттар мен ұлыс өкілдері бар. «Алтын алқалы» 31 батыр ана, «Күміс алқалы» 89 ана, Ұлы Отан соғысына теңестірілген екі тұлға, 11 соғыс жесірі, 18 тыл еңбеккері, Семей полигонында әскери борышын өтеген тоғыз азамат, сол полигонда зардап шеккен алты азамат болса, тәжік-ауған жерінде әскер қатарында болған екі азамат тіркелген. Қазіргі таңда аймақта 115 шағын шаруа қожалығы жұмыс істейді.
«Туған жерге туыңды тік!» атты бастама біздің рухани жаңғыруымыздың шамшырағына айналды. Мәселен, біздің жастарымыз Социалистік Еңбек Ері, Көкарық ауылында дүниеге келіп, Тереңөзекте оқыған майталман қызылша өсіруші Сындыбала Оңғарбаевамен мақтана алады. Сонымен қатар мектептегі өскелең ұрпақ Қаншайым Үркімбаеваның, Ырысты Жұмаділованың, Ботагөз Құттықованың есімдерін мәңгі есте сақтайды. Осындай өмірі өнеге боларлық аға-әпкейлеріміз көп-ақ. Солардың ішінен үш ауданның «Құрметті азаматы» атанған, кезінде партия-совет қызметінде жоғары қызметтер атқарған Халел Бейсеев ағамыз бен Асқар Жүнісқадыров, Асылбек Аязбаев сынды ардақтыларымызды бөле жарып атағым келеді. Ал, «Ленин» орденінің кавалері Көпен Қилыбаевтың 37 жыл туған ауылына арнаған қажырлы еңбегі шынында да айтуға тұрарлық. Бүгінде жаңа нарықтық қатынасты жатырқамай өзінің жеке кәсібінен нәсібін тауып жүрген «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабит Сұлтанбаевты да ел мақтан етеді. Олар туған ауылын – «Алтын бесігім» деп ардақтап жүрген азаматтар.
Ауыл төрінде айдай жарқырап алтын ұя болатындай мектебің тұрса қандай ғанибет. Ағартушылық саласындағы тұңғыш оқу орны 1934 жылдың қоңыр күзінде ашылыпты. Оған қозғаушы болған, тұңғыш мектептің іргетасын қалаған Сәтімбек Үсенбеков ақсақал екен. Ол кісі колхозға басшылық жасай жүріп, бастауыш мектептің ғана емес, ауылдық клубтың, қамба мен моншаның құрылысын да қатар жүргізіп, ауылдың әлеуметтік-мәдени бейнесін түбегейлі өзгертті.
Бастауыш мектепке ең алғаш мұғалім болып Көпбосын Оспанбеков келіпті. Одан кейінгі жылдары жас жеткіншектерге Жарлықан Тойбаев, Өмірбай Сұлтанбаев, Келгембай Дүкенбаев, Сәтімбек Бесбаев, Әбілезқұл Смайыловтар дәріс берген. 1956 жылы мектеп жеті жылдық білім беру үрдісіне көшеді. Осы кезде Керімбек Омбаев деген білімді азамат басшылыққа келеді. Сөйтіп, ол мектепке 1963 жылға дейін басшылық жасайды. Одан кейінгі жылдарда онжылдық оқыту жүйесіне көшіріліп, оған Шәріпхан Кәдірқұлов, Ахметалы Құрманалиев, Рәтбек Алтынбеков, Нұрлан Әбдіқадыров, Болат Егембердиев, Ғалия Раздықова, Берікбай Мамырқұлов, Бауыржан Әлімбетов, Бақытжан Өтебаев және Эльмира Зәкімбаева басқарады. Осы жылдар ішінде ұстаздық кәсібімен ел құрметіне бөленген Қазыбай ақын Бижанов, Сейітжапар Иманбеков, Рашида Арсланова, Жапарқұл Айдаралиев, Базарбай Есалиев, Бердіғұл Мақашев, Кеңескүл Нұржанова, Нұржақан Есмолдаева, Ұлбосын Байқұрақова, Күләнда Айтбаева, Зәуреш Ахаева, Күләш Махамбетқұлова, Тілеукүл Жармахамбетова, Рыскүл Наурызқұлова, Лескүл Сүгірбаева, Орынқұл Алпысбаев, Өмірхан Рахымбердиев, Зина Ниязқұлова, Боранкүл Бидайбекова, Алшакүл Әбдірахманова, Тұрсынкүл Саурықова, Кеңес Дабылбеков, Айнагүл Жайлауовалар жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берді.
Бүгінде мектеп ұжымына Эльмира Зәкімбаева басшылық етеді. Ал, Айбек Жайылышев сынды ақындығы мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары білікті ұстаздың шә­кіртке берер тәлімі мен тәрбиесі шексіз. Ауылдың атын ақын Хамит Есаман, журналист Гүлнұр Егембердиева, Аруна Керімбек сияқты ұл-қыздары да елімізге танытып отыр.

С.ҚОЖЕКЕ.

Поделиться ссылкой: