210 Views
Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласында жеткен жетістіктер жетерлік. Бүгінгі мақаламда сіздерге алда тұрған жоспарларымызды, өнімділігі мен табысы жоғары дақылдарды егуді қолға алу барысы және алға қойылған міндеттер туралы айтсам деймін.
2023 жылдың көктемгі егіс дала жұмыстарын сапалы және оңтайлы мерзімде атқару үшін іс-шара жоспары жасалып, бекітілді. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды егуде тапсырмадағы 113481 гектар орнына 122458 гектар егіліп, тапсырма 107,9 пайызға орындалды. Бидай 66904 га. (107,5 пайыз), 4705 гектар артық себілді. Жаздық арпа 55272 гектар (396 га артық), дәндік жүгері 281,9 га. 10322 га. майлы дақылдар, 550 га. қант қызылшасы, 717 га. картоп, 900 га. көкөніс, 237 га. бақша, 13100 га. мал азығы дақылдары (оның 9200 га. бұрынғы 3500 га. биылғы жылғы егілгені 400 га. сүрлемдік жүгері). Барлық себілген алқап көлемі 148285 гектар болып, 2023 гектар пар айдалынды. 150308 гектар егістік жер толық игерілді.
Көктемгі жер жырту, тұқым себу алдындағы жер өңдеу жұмыстары, көктемгі ылғал жабу жұмыстары жоспарлы түрде мерзімінде орындалды.
Тәлімді егістікке егілген дақылдардың шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы аудан бойынша 113 АШТӨ-і 5937 тонна минералды тыңайтқыштарға сұраныс беріп, 4710,4 тн. алынды. 1226,6 тонна минералды тыңайтқыштарды алуға келісімшартқа тұрды (уақтысында тыңайтқыштың болмауы және берілу мерзімінің өткендіктен). Жалпы жыл ішінде 5937,4 тонна алынып, 63200 гектар егістік алқаптарға сіңірілді. Бұл жалпы аудандағы егістік жердің 42,0 пайызын құрады.
Ауданда екі тұқым шаруашылығы («Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «ҚайнарАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) сапалы күздік бидай, жаздық және күздік арпа тұқымдары мен мақсары тұқымдарын дайындап, себілетін алқаптарға барынша жоғары сападағы тұқымдарды дайындады. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген бағамен берілетін дизель отынын таратушы оператор болып бекітілген «Wedo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсынылған калькуляциясына сәйкес, бекітіліп, шаруашылықтардың сұраныстары бойынша уақтылы беріліп отырды.
2023 жылы аудандық фитосанитариялық орталығының мамандары зиянкестердің орналасқан алқаптарын алдын-ала анықтап, дабылдық хабарламалары күнделікті ауылдық округ әкімдіктеріне, шаруашылықтарға хабарланып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі күнделікті аудандық аумақтық инспекциясымен және фитосанитария орталығы мамандарымен бірлесіп, залалсыздандыру іс-шаралары жоспарлы түрде атқарылды.
Аудан диханшылары 2023 жылғы егін орағы науқанын облыста алғашқылардың бірі болып бастады. Егін орағы маусым айының 20-да ішінара басталып, толық егін орағы шілде айының 12-де басталып, тамыз айының 22-де аяқталды. Биылғы жыл егіншілік саласына өте қолайсыз жыл болуы салдарынан бидайдың әр 1 гектарынан 11,0 ц/га. арпаның әр 1 гектарынан 6,9 ц/га өнім жиналып, аудан бойынша орташа әр гектардан 9,2 ц/га өнім жиналды. Қамбаға 108322,4 тонна астық құйылды. Егін орағы науқанына 208 дана егін орағы комбайны қатысты. Егін орағы науқанына әртүрлі маркадағы 80 доңғалақты тракторлар, 169 дана автокөліктер, 42 дана су таситын көліктер қатысты. Ауданда егін орағы науқанын 649 шаруашылық жүргізіп, тұрақты 660 адам, маусымдық 105 адам жұмыс жасады. Сонымен қатар, 9200 га. мақсары, 800 га. күнбағыс, 1800 гектар сорго дақылдары ораққа түсіп, орташа аудан бойынша әр гектардан 5,8 ц/га. өнім жиналды.
Ауданда механикаландырылған 37 ток және 24 асфальтталған астық қырманы 54 жүк тарту таразысы егін науқанында жұмыс атқарды.
Ауа-райының құрғақ болып, егіншілік шаруашылығына өте қолайсыз болғанына қарамастан, масақты дақылдың әр гектарынан 20 центнерге жуық өнім алған «Бай Алғабас» шаруа қожалығын, әр гектардан 14-17 центнерден өнім алған «Ақтоған» ШҚ, «Мақпал», «Ернар», «Ернұр», «Нартай», «Шалқар», «Нұрдәулет», «Мақсат» сияқты шаруа қожалықтарының жоғары жетістіктерге қол жеткізген ерен еңбегін атап өткен жөн.
Егістік басында жылжымалы дала қостары, су тасушы, өртке қарсы соқалы тракторлар, атты қарауылдар және қызметші жеңіл автокөліктер жұмыс істеді. Бұл жұмыстар «Мақпал», «Шәушен», «Нұрдәулет», «Луговой жылқы зауыты», «Шалқар», «Ақтоған», «Көкірек» шаруа қожалықтарында жақсы жолға қойылды.
2024 жылдың өніміне 57100 гектар күздік бидай себілуі жоспарланып, нақты 58287 гектарға күздік бидай тұқымы себілді. Бұл межелі тапсырманың 102,1 пайызға орындалуы деп түсінген абзал. Келесі жылдың көктемінде аудан бойынша 61500 гектар жаздық арпа, 12800 гектар мақсары, 3000 гектар жоңышқа, 200 гектар қант қызылшасы, 720 гектар картоп, 1010 гектар көкөніс, 130 гектар бақша дақылдары жалпы жиынтығы 146560 гектарға егілетін болады.
Ауыл шаруашылығы техникаларынсыз егістік жерлерде агротехнологиялық жұмыстардың сапалы атқарылуы мүмкін емес.
Осыны түсінген аудан шаруашылықтары 2023 жылдың 11 айының қорытындысымен 1,4 млрд. теңгеге 190 дана әр түрлі маркадағы ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылар алынды. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалауда «Шалқар», «Елдар», «Әділбек», «Құлбарақ», СПК «Ынтымақ – 2022», «Айбар», «Ернар» шаруа қожалықтары техника паркін жаңалауға баса бет бұрды. 2023 жылы аудандағы машина-тракторлар паркі 12,4 пайызға жаңаланды.
Аудан облыс аумағындағы ағын сумен аз қамтылған аймақ. Ауданда суармалы егістік аумағы 6728 гектар белгіленгенімен, нақты 2380 гектарына ғана су жеткізуге мүмкіндік бар. Осыған орай, аудандағы 192 дана ұңғымаға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 104 ұңғыманың егістік басында орналасқаны анықталды. Қазір осы ұңғымаларды қалпына келтіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
2023 жылы жер асты суын тиімді пайдалануға баса назар аударылып, 2023 жылы тамшылатып суару әдісімен 454,9 гектарға пияз, 45 гектарға жоңышқа, 18 гектарға бақша, 73 гектарға қант қызылшасы егіліп, суарылды.
Алдымыздағы жылы жер асты суын пайдаланып, су үнемдеу технологиясымен басым бағыттағы дақылдарды егу үшін 20 ұңғыма қазу жоспарланып, бүгінгі күнге «Шалқар» шаруа қожалығы 4, «Атамекен өнімі» ЖШС-і 3 ұңғыма қазылды. Сондай-ақ, «Береке» шаруа қожалығы, «Ернар» шаруа қожалығы, «Шәушен» шаруа қожалығы, «Мақсат» шаруа қожалығы ұңғыма қазып, электр желісін тарту, тамшылатып суғару қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізуді қолға алуда.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде 57020 гектар жаздық арпаға қажетті тұқым 9625 тонна қажет болса, қолда бар тұқым 10085,5 тонна немесе қажеттіліктің 104,7 пайызын құрады. Тұқымдардың сапасына келсек, 35 тонна супер элита, 1117,3 тонна элита, 3749 тонна 1-ші репродукция, 5240,2 тонна 2-ші репродукция, 233 тонна 3-ші репродукциялы тұқымдар болды. Аудандық тұқым зертханасына тұқымдарының шығымдылығын тексертпей сеппеу керектігі шаруашылықтарға қатаң ескертілген.
2024 жылдың өніміне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 57100 гектар күздік бидай тұқымын себу тапсырмасын жүктеген болатын. Ауданның дихандары 58287 гектарға сапалы тұқым сеуіп, тапсырманы 102,1 пайызға орындап отыр. Сонымен қатар, 75950 гектар сүдігер айдалынды.
2024 жылдың өніміне 58287 га. себілетін күздік бидайға 10492,0 тонна тұқым қажет болса, аудандық зертханадан 12389,1 тонна тұқым тексеруден өтті. Дайындалған тұқымның 97 тоннасы супер элита, 1049,1 тоннасы элита, 4119 тоннасы І репродукциялы, 6799 тоннасы ІІ репродукциялы, 325 тоннасы ІІІ репродукциялы, кластары бойынша 994, 1 тоннасы І класс, 5745 тоннасы ІІ класс, 5650 тоннасы ІІІ класс тұқымдар себілді.
Ауданда 2023-2024 жылғы мал қыстатуға дайындалатын мал азығын дайындау жұмысы мамыр айының 5-нен басталды. Биыл мал азығы 32700 гектар шабылатын алқапта, оның ішінде 9200 гектар жоңышқалық, 19600 га. табиғи шабындық алқаптарынан тапсырмадағы 240300 тн. шөпті 245150 тн. (100,1 пайызға), 50500 тн. сабан (105,2 пайыз), 70000 тн. құнарлы азық, жем дайындалды.
Былтырғы жылдан қалған, пайдалануға жарамды 37000 тн. шөп қоры бар.
Мал шаруашылығы саласы бойынша 2023 жылдың 11 айында айында мал басы мүйізді ірі қара 37124 бас, жылқы 23 582 бас, қой 600999 бас, түйе 107 бас, құстар 126254 басқа жетіп, мал басының барлық түрлерінен 100,3 пайызға өсім қалыптасып отыр. Жыл басынан 5811,5 тонна ет, 26638,2 тонна cүт, 3808,5 млн. дана жұмыртқа өндірілді.
Ауданда малдың сандық көрсеткіштен сапалы көрсеткішіне де баса назар аударылуда. Бүгінгі күнге аудан көлемінде мүйізді ірі қара малымен 5 асыл тұқымды шаруашылық, қой малынан 6 асыл тұқымды шаруашылық, жылқы малынан 1 асыл тұқымды шаруашылық және шошқа малынан 1 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді.
Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші 27 шағын кәсіпорындар, цехтар орналасқан. Оның ішінде 2 диірмен, 10 наубайхана, 2 шұжық өндіру цехы, 1 май шығару цехы, 1 сүт өңдеу цехы, 1 қымыз өндіру зауыты тіркелген. «Ақтоған» шаруа қожалығындағы макарон шығару цехында 20 түрлі макарон өнімдерін шығарып, облыс көлемінде жоғары сұранымға ие және төменгі бағада сауда саттық жұмыстарын жүргізуде.
«Ұлы Сұлтан» шаруа қожалығының шұжық цехтары сұраныс арқылы 10- нан астам түрін шығарып, халыққа тұтынуға ұсынып отыр.
«Шәушен» шаруа қожалығының қымыз өндіру зауытында жылына 100 тоннадан аса қымыз өндіріліп, аудан, облыс және Алматы мен Астана қалаларының тұрғындарына сапалы өнім ұсынылып отыр.
Ауданымыз облыстағы егістігі қатаң тәлімді, суармалы егістік алқабы аз аймақ. Сондықтан мол өнімге қол жеткізіп, жоспардың орындалуын жүзеге асыруда егістік алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізу, егін шаруашылығы саласында межеленген өнімді алу үшін агротехнологиялық жұмыстар сапалы дер кезінде атқарылуы, ауыл шаруашылығы техникаларын тұрақты түрде жаңалау, ауа-райына тәуелсіз, күткен өнімді алу, жаңа технологияларды енгізу жұмыстары одан ары тиянақты жүргізілетін болады.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығындағы жеткен жетістіктер – ол әрине, күннің аптаған ыстығы мен суығына қарамай, тер төгіп жүрген ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлерінің, механизаторлар мен шопандардың, дала мамандарының еңбегі екендігі баршамызға мәлім.
Аудан аумағында егіншілік пен мал шаруашылығы саласына қатысты жаңалықтарды, ережелерді, қажетті тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы қолданылатын препараттарды, сапалы тұқымдарды, оңтайлы себу мерзімдерді, ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғыларды, жанар-жағармайды алуда, мал шаруашылығы саласындағы жеңілдіктерді АШТӨ-не мерзімінде сапалы түсіндіруде ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандар, яғни сектор меңгерушісі Қайырбек Ауталипов, бас маман Ғабит Қартаңбаев, бас маман Досымжан Жайлыбаев, бас маман Айгүл Мейманханова, статист маман Аденова Мерей Оңғарқызы, бөлімнің хатшысы Тоқтабаева Асия Мақсатқызы және осы бөлімде көп жылдан бері қызметте болып, бүгінгі күнге мамандардың тәлімгері Туғанбаев Әлдибек Бекенбайұлы қызмет етеді.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласы алдында тұрған міндет – бәсекелестікке қабілетті өнім өндіру және аудан халқының тұрмысын одан әрі жақсарту.
Құрметті ауыл шаруашылығы еңбеккерлері! Сіздерді жақында ғана аталып өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтап, отбасыларыңызға ынтымақ пен бірлік, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Лайым елімізде бейбітшілік болсын. Елде тыныштық болса, біз еңсермейтін белес жоқ.
Темірғали Биғазиев,
аудан әкімдігі ауыл
шаруашылығы
бөлімінің басшысы.
Поделиться ссылкой: