Жақсылықпен кел, Жаңа жыл
54 ViewsЖаңа жыл мерекесі аудан орталығында да, әрбір ауылдық округтерде де ерекше тойланды. Дәл сондай ерекше форматтағы Жаңа жылдық мерекелік кеш Көгершін ауылында да өтті.…
Мерейтой тек мерекенің иесіне ғана емес, онымен бірге өмір сүретіндерге де қажет
Жақында мен өзімнің туған ауданымнан қуанышты хабар алдым. Мен білетін Жексен Мәткерімов бір емес, екі медальдармен марапатталыпты. «Т.Рысқұлов ауданына – 85 жыл» мерекелік медалімен және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған екен. Құтты болсын медальдарың Жеке!
Осы жағдайға байланысты мен де қарап қалмай осы мақаламды жазайын деп бел будым. Оған байланысты себептер бар. Қызмет бабымен Жекеңмен танысып-біліскеннен кейін көп ұзамай-ақ, оның тіл байлығының, рухани деңгейінің жоғарылығына, тарихи шежірелерді керемет талдай білетініне, көркем әдебиетті өте көп оқитынына бірден көзім жетті. Бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік, бірге демалдық, бірге әңгіме-дүкен құрдық, қаншама тамаша отырыстарды бастан кешірдік. Шіркін-ай десеңші! Сырғып бара жатқан қайран уақыт! Сөйтіп, біздің достығымыздың жалғасып келе жатқанына да міне 50 жылға жуық уақыт болыпты.
Биыл ерекше жыл Жекеңе! Желтоқсан айында Жекең 75 жасқа толады. Бұл – бір. Және тағы бір айта кететін әдемі әңгіме бар! Ол – Жекең мен Тоғжанның отау құрғанына да 50 жыл болыпты. Алтын тойға жеткен де бар, жетпеген де бар. Бұндай күнге де Алланың өзі іріктеп алып келеді деп жатады ғой! Біздің достарымыз бақытты болсын. Ғұмырлары ұзақ, мәнді және сәнді болсын.
Жекең 1948 жылы 12 желтоқсанда Алатаудың етегінде орналасқан Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, «№ 97 Луговой жылқы зауытын» құрған Көгершін ауылында дүниеге келіпті. Иә, бұл жылқы зауыты бүкіл әлемге танымал. Бұрынғы кеңес одағындағы жетекші нәсілді шаруашылықтардың бірі болды. Осы орайда айтып отырған жылқы зауыты – Конезавод туралы айта кетсем деп отырмын. Мен өзім осы Конезаводта бірер жыл партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқардым ғой. Бұл шаруашылықты жақсы білгендіктен облыстық және аудандық газеттерге мақалам да жарияланған болатын.
Айтар болсам, 1952 жылы өмірге келген сүйкімді Абсент зауытқа лайықты даңқ әкелді. Ақалтекенің қарасы тірі кезінде аты аңызға айналған болатын. Бүгінде жасыл желекпен, әдемі гүлдермен қоршалған, даңққа толы Абсенттің қола мүсіні Көгершін ауылындағы биік гранит тұғырында әсем бейнесімен мәңгіге қатып тұр.
Иә, осы атақты ауылда біздің Жексен дүниеге келіп, жалаң аяқ жүгіріп, «Луговой жылқы зауытының» көшелері мен аулаларында ойнапты. Балалық шақтағы достарым: «Социалистік Еңбек Ері, аға шопан Н.Биғазиев, «Ленин» орденінің иегері, аға шопан С. Тәуірқұловтың ұлдары еді» дейді Жекең.
Өзі 1955 жылы Ақтоған орта мектебіне барып, әрі қарай оқуды Подгорный орта мектебінде жалғастырыпты. Көбінесе мал бағып, үй шаруасымен айналысып, ақсақалдардың әңгіме шежірелерін тыңдап өсіпті.
Осы жерде айта кету керек, Жекең гуманитарлық пәндерді өте жақсы көріп, жалпы мектепті озат бітіріпті. Ұстазы Ә.Мадияров «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» деген атаққа ие болып, осы мектептің директорлық қызметін атқарыпты. Әбдезім ағайы: «Біздің Жексен мектебіміздің Ломоносовы» дейді екен. Бұл сөзді Жекең ақтады! Партия қызметінде де, ауыл шаруашылықты басқарып жүргенінде де, жұмыспен қатар саясат жағынан да біздің Жекең алда жүрді. Қалып бара жатса, ауданның шежіресін жинап жүрді. Шындығында, Жекеңнің есте сақтау қабілеті өте жоғары. Оқығанын еш ұмытпайды.
Ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетін үздік бітіріп келіп, Жамбыл облыстық нормалау, зерттеу станциясында агроном болып жұмыс істеп жүргенінде, алдынан жарқ етіп бір жұлдыз шыға келіпті. Иә, ол Тараз каласында мектепте ұстаз болып жұмыс атқарып жүрген Тоғжанмен танысқан. Иә, ол Жекеңнің шаңырағының отын маздатып, балаларын дүниеге әкеліп, өсіріп, жоғары білімді ұстаз ретінде аудан мектептерінде дәріс беріп, еңбегін сіңірді. Немерелеріне ардақты әже болып қана қоймай, зейнетке шықса да, ауданның қоғамдық жұмыстарына қатысып, көзге түсіп, Тұрар Рысқулов ауданының «Құрметті ардагері» белгісімен марапатталды.
Жекең мен Тоғжан алтындай үш ұл мен қызын дүниеге әкеліп, оларды өсіріп, баптап, барлығының жоғары білім алуына жағдай жасап, өмірлеріне бағыт-бағдар берді. Бүгінде бірнеше немерелер сүйіп отырған ардақты ата мен әже.
Жекең өзінің еңбек жолының көбін партия жұмысында өткізді. Әсіресе, аудандық партия комитетінің аппаратында ұзақ уақыт жұмыс істеді. Аудандық партия комитетінде Жекең жұмыс атқарып жүргенде, мен Жекеңмен таныстым. Ол кезде мен Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумда комсомол комитетінің хатшысы едім. Және осы техникумда студентерге сабақ беріп жүретінмін. Ал 1978 жылдары аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы ретінде жұмыс атқардым. Осы кезден бастап біз жұмыс арқылы жақынырақ таныса бастадық.
Сол кездерде партияның орны Одақтастар уақытында үлкен маңызға ие болды. Кеңес одағының Коммунистік партиясы (КОКП) нені білдіретіні туралы жастарға қысқаша айта кетсем. Еліміз осы кезеңде өзінің дамуында көптеген белестерден өтті. Олардың барлығы Коммунистік партиямен байланысты болды. Бұл туралы үндемеу мүмкін емес. Өйткені, бұл біздің тарихымыз, бұл біздің өміріміз және оны біз тарихтан кесіп тастай алмаймыз.
Осыған сүйене отырып, жастар «КОКП мүшесі туралы», «КОКП мүшелерін партияның аудандық комитеттерінде есепке қою туралы», сол кездегі Коммунистік партияның басқарушы рөлі туралы, яғни Кеңес өкіметі кезеңін білсе, артық болмайды деп ойлаймын. Кейінгі ұрпақтар нақты социализмде өмір сүрген адамдардың қалай жұмыс істегендерін, қалай оқығандарын, ғылыми жетістіктерге қалай жетіп, игергендерін, осының бәріне қандай қиыншылықтан, қандай кедергілерден жасымай өткендерін білсе екен деген мақсатта жазып отырмын.
Бүгін осы мақаланы оқып отырған жастар ойлауы мүмкін, мақаланы жазған автор, бұрынғы «партийная ностальгия» ретінде жазып отыр ма деп… Осының бәрін мен дұрыс деп те, бұрыс деп те айта алмаймын. Себебі, партия жүйесі солай болды. Біз сол кезеңде дүниеге келдік, өстік, оқыдық, қалыптастық.
Сол кезде әрбір ауданда, жергілікті коммунистерді аудандық партия комитеті басқарды. Осы айтулы партия жолында бірталай азаматтар қызмет еткеннен кейін осы жолмен біз де жүрдік.
Луговой аудандық партия комитетін бірінші хатшы басқарды. Оның екі хатшысы, сонымен қатар 4 бөлімі болды: ұйымдастыру, идеологиялық, жалпы бөлім, кейінгі жылдары ауылшаруашылық бөлімі құрылды. Осылардың ішіндегі жетекші болып – ұйымдастыру бөлімі басқаратын.
Иә, жылдар өтеді, уақыт та тез жылжиды екен. Кейде өзімізбен бірге жұмыс істеген, қазіргі уақытта біздің арамызда жоқ, өздері жетекшілік еткен партиялық ұйымдар үшін күндіз-түні алаңдаған, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылары: Қойшан Сұлтанқұловты, Рахмаш Сүлейменовті, Татьяна Зятикованы, Әбіш Базарқұловты, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Аман Әлпейісовті, сектор меңгерушісі Әлімбекова Қыздаркүл апайды, идеологиялық бөлімінің меңгерушісі Ілес Бекебаев ағамызды, жалпы бөлімнің меңгерушісі Виктор Михайлович Дорожкинді және басқаларды еске алып отырамыз.
Сол толқындағы аудандық партия комитетінің нұсқаушылары, біздің тәлімгерлеріміз, біздің ауданның Райком хатшылары: С.Е.Есімовты, В.Г.Кравчукты, Б. Т. Стародубцевті, Ә.Ә.Исаковты, Н.И.Шолтырованы, Қ.С.Қонаровты, Ә.Н.Қохаеваны, Т.Б.Мүсіралиевті, С.Ә.Әмрекұловты және басқаларды қалай атамасқа! Кезінде ол кісілер бізге алынған нәтижелерге сыни көзқараспен қарауға, қол жеткізілген мақсатқа тоқталмауға, әрбір іске асырылған идеяның артында одан да күрделі міндеттерді шешу қажеттілігі туындайтынын ұмытпауға үйретті.
Жекең еңбек жолын «Путь-коммунизм» колхозында қатардағы агроном лауазымынан бастады. Осы аралықта коммунистік партия қатарына мүшелікке өтті. Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1978 жылы Жекең «Қазақстан» колхозы парткомының хатшысы болып сайланған. «Қазақстан» ұжымшарының партия ұйымының хатшысы, содан кейін аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, «Мақпал» совхозының директоры, аудандық Құнарлылық бірлестігінің директоры, аудан әкімінің бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, аудандық жер бөлімінің басшысы болып қайшылығы мол күрделі жолдан өтті.
Осы тұста сол кездегі күнделікті жұмыстарымыздың бір қырына ғана тоқталып өтейін деп отырмын. Жоғарыда айта кетіп едім, жетекші болып — ұйымдастыру бөлімі басқаратын. Оның функциялары: азаматтарды КОКП мүшелігіне қабылдау, коммунистердің мүшелік жарнасының төлеуін бақылау, жергілікті жерлерде басшы кадрларды іріктеу, аудандық комитет тарапынан ауданның бастауыш партия ұйымдарына көмек көрсету, пленумға, бюроға баяндаманы дайындау. Ол кезде казіргідей компьютер жоқ, баяндаманы, бюроның материалдарын машинкамен басқызып, оның қателерін түзетіп, қайта бастырудың өзі орасан еңбек еді. Міне, осындай жұмыстарды атқару барысында қаншама түндер ұйқысыз өтті, қаншама жүйке жұқарды. Отбасының мәселесіне көңіл аударуға да уақыт болмай жататын. Мереке күндері күн демей, түн демей кезекшілікте болатынбыз. Мал төлдейтін кезде, қырқын кезінде, егін жинау кезінде, хатшыларға уақтылы деректерді телефонмен жеткізу үшін, күні-түні кезекшілікте отыратын едік.
Бұл біздің өткен өміріміз! Тәртіпке, еңбектен қашпауға, төзімділікке, жауапкершілікке үйрендік. Жекеңе келер болсақ, жоғарыда аталған еңбек жолындағы жетістіктерін қорытындылай келе, кереғар дәуірде өзін жоғалтпаған адам. Өзінің ар-намысы мен қадір — қасиетін сақтап қалған адам. Өз ісінің патриоты бола отырып, ауданда партиялық — шаруашылық жұмыстарын жүргізіп, өз ісінің қажымас еңбеккері бола алған адам. Жексен Мәткерімов ешқашан партиялық немесе шаруашылық желілері бойынша сөгіс алған емес. Осылайша, ол көшбасшы болып, өз заманының нағыз еңбек адамы атанды.
Міне, мен білетін Жекең осындай!!!
Болат ӘЖІХАНОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты. Алматы қаласы.