“Әулиеата үздігі” облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындаудың ережесі

206 Views

1. «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындау ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы Қа­зақстан Республикасының Заңын бас­шылыққа ала отырып әзірленді және «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жас­тар сыйақысын тағайындау тәртібін айқын­дайды.
2. «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысы облыс жастарының азамат­тық және қоғамдық-саяси белсен­ді­лігін арттыру, өңірдегі мемлекеттік жас­тар саясатын іске асыруда белсенді, азамат­тық ұстанымы қалыптасқан, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жас­тарды көтермелеу және қолдау мақса­тында тағайындалады.
3. «Әулиеата үздігі» облыс әкі­мі­нің жастар сыйақысы (бұдан әрі – сыйақы) жылына бір рет осы Ереженің 1-қосымшасында көрсетілген номина­циялар бойынша беріледі.
4. Әр номинацияға ақшалай сый­ақы тағайындалады және қатысып жатқан номинация түрі бойынша бұрын «Әулиеата үміті» байқауының жеңім­пазы болған сыйақы иегерлері қатыса ал­майды.
5. Сыйақы алуға Жамбыл облы­сы­ның 14 пен 35 жас аралығындағы жастары (35 жасты қоса алғанда), халықаралық, республикалық және облыс­тық жарыстардың, байқаулардың, олимпиадалардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, жүлдегерлері, қоғамдық өмірге белсенді араласқан, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша жаңашыл бастамалар алып келген, жеке басының жетістіктері бар, өтінім берген номинация түрі бойынша жетістікке жеткен немесе мәселені шешкен облыс жастары үміткер болып танылады.
Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйақы алуға ұсынуға болмайды.
6. Сыйақы алуға кандидатуралар ұсы­нуды жергiлiктi және өзге де мем­лекеттiк органдар, ұйымдар, қоғам­дық бiрлестiктер мен Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлға­лар жүргiзедi.
7. Сыйақы арнайы құрылған «Әулие­ата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі негізінде беріледі.
Комиссия мемлекеттік органдардың, шығармашылық одақтардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдерінен және қоғам қайраткерлерінен, танымал тұлғалардан құралады.
Комиссия құрамы арнайы бұйрықпен бекітіледі.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және жеті адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия мүшелерi Комиссия қызметiне алмастыру құқы­ғынсыз қатысады.
Комиссияны төраға, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары басқарады.
8. Сыйақыны тағайындау үш кезең бойынша ұйымдастырылады:
– бірінші кезең: үміткерлердің құжаттарын қабылдау (2023 жылдың 1-11 желтоқсаны аралығында);
– екінші кезең: сыйақы жеңім­паз­дарын анықтау (12-14 желтоқсан 2023 жыл);
– үшінші кезең: сыйақы иегерлерін марапаттау (15-22 желтоқсан 2023 жыл).
9. Қатысушы Комиссияға мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;
2) осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;
3) мекемеден ұсынымдық хат;
4) өмірбаяны (3х4 фотосуретімен);
5) жұмыс орнынан (оқу орнынан) анықтама;
6) «Мен осы сыйақыға неге лайықтымын?» тақырыбында жазылған эссе (кемінде 1,5-2 беттен);
7) 10х15 фотосуреті (1 дана, электронды нұсқасымен);
8) Соңғы екі жылда (2022-2023 жылы) алған марапаттау диплом­дары­ның, грамоталарының, алғыс хатта­рының көшірмесі (болған жағдайда);
9) Соңғы екі жылдағы (2022-2023 жылы) кандидаттың немесе кан­дидат туралы мақалалардың, жария­ланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);
11) Соңғы екі жылдағы (2022-2023 жылы) кандидаттың жетістіктерін рас­тайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).
Құжаттар портфолио түрінде бет­теліп ұсынылады. Тапсырылған құжат­тар рәсімдеу талаптарына сәйкес келмеген немесе толық ұсынылмаған жағдайда қарастырылмайды.
Ұсынылған құжаттар кері қайта­рылмайды.
Ұйымдастыру алқасы кандидаттан келіп түскен құжаттарды қабылдап, одан әрі Комиссия мүшелерінің қарауына ұсынады.
10. Комиссияның сыйақы берілетін кандидатураны бекіту туралы шешiмi Комиссия отырысында қарапайым көпшiлiк дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Егер отырысқа Комиссия мүшелерiнiң үштен екiсiнен астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
11. Комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.
12. Комиссия шешімінің негі­зінде сыйақы тағайындау туралы Ұйым­дастыру комитетіне ұсыныс беріледі.
13. Сыйақы тағайындау туралы шешім Комиссия хаттамасы қабыл­данған кезден бастап күшіне енеді. Сыйақы тағайындау туралы шешім марапаттау рәсімі өткеннен кейін жергілікті бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланады.
14. Сыйақы алған адамдарға «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жас­тар сыйақысының иегері» атағы беріледі, диплом, статуэтка және ақша­лай сыйақы табыс етiледi.
15. Сыйақылар салтанатты жағдайда қолма-қол беріледі, марапаттау рәсiмi өтетін орын Ұйымдастыру комитетімен анықталады.
16. Жеңімпаздың статуэткасы мен дипломының сипаттамасы ұйым­дас­тыру алқасымен айқындалады.
17. Мекенжайы: Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Төле би көшесі 35, 2 қабат, байланыс телефоны: 8 (7262) 43-00-59, электронды мекенжай: ump_zhambul@mail.ru

«Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындау ережесіне 1-қосымша

«Әулиеата үздігі» облыс әкі­мі­нің жастар сыйақысының номина­циялары:
«Әулиеата үздігі» облыс әкімі­нің жастар сыйақысы мынандай номинациялар бойынша тағайын­далады:
1. Үздік жас ақын
2. Үздік жас журналист
3. Үздік жас депутат
4. Үздік жас педагог
5. Үздік жас спортшы
6. Үздік жас медицина маманы
7. Үздік жас әнші немесе музыкант
8. Үздік жас театр немесе кино саласының қызметкері
9. Үздік жас құтқарушы
10. Үздік жас әскери қызметші
11.Үздік жас құқық қорғау қызметкері
12. Үздік жас мемлекеттік қызметші
13. Үздік жас өндіріс саласының маманы (зауыт, фабрика)
14. Үздік жас кәсіпкер
15. Үздік жас өнертапқыш.
Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы.

Поделиться ссылкой: