Азаттықтың ақ таңы
Тәуелсіздік. Бұл сөздің ұғымын бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді. Тек еркіндікті шын сүйетін, азаттықты жан-тәнімен қалайтын адам ғана тәуелсіздіктің қандай асыл ұғым екенін аңғарады. Біз дәл қазір тәуелсіз, еркіндікке бейбіт түрде қол жеткізген елде тұрып жатырмыз. Ал сол азаттық үшін қазақ халқы Тәуелсіздігімізді қолымызға алғанға дейін күресін ешқашан тоқтатпаған. Дүниені дүр сілкіндірген кеңестік үкіметтің бұғауын үзуге себепкер болған да 1986 жылғы азаттық оқиғасы. Қазақ тарихында еркіндік үшін қан төгіс соғыстар мен оқиғалар жетіп артылады. Сонау сақ дәуірінен бастап ешкімге ақысын қолдан бермеген ата-бабаларымыз жерін, дінін, тілін қаншама қиындықтан өтіп, сақтап қалды. Ерлеріміз ерлікпен ұлан-байтақ жерімізді, келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырды.
Ызғарлы Желтоқсан көтерілісіне шыққан қазақ жастары сол аманатты жүректерінде берік сақтаған екен. Қазақты қайдағы жоқ ешқашан көрмеген, білмеген орыстың басқарғанын қаламады. Дінмұхамед Қонаевтың биліктен алынып тасталғанына толықтай наразылық білдіріп, елім, жерім деп ұран етіп шыққан жастардың өмірлік жолдары, өкінішке орай, көтерілістен кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. От болып жанған алауларымызды бір сәтте сөндіруге тырысты. Ызғарлы желтоқсанда қара домалақ боздақтарымыздың сағын сындыру үшін небір айла-әрекеттер жасалды. Алайда, жастарымыздың жүрек көзі тек ақиқатты қалады, әділдікті тіледі. Сол батыл жүректілердің арасында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатев, Сәбира Мұхамеджанова сынды рухы биік, қатарының алды болған жастар өте көп еді. Тәуелсіз күнді аңсап, алаңға жиналған жастар топтасып, әділетсіздікке қарсы шығуға құрбы-құрдастарын шақырды. Алайда, қайтпас- қайсар Қайрат Рысқұлбековті көрсеткен наразылығы үшін түрмеге жапты. Ақыр аяғында ол түрменің қапасында жатып, шейіт болды. Ішіндегі зарды өлеңмен жеткізді. Артында ызғарлы желтоқсан күнінің бейнесін көрсететін өлеңдері ғана қалды. Кейбір зиялы қауым өкілдері «өлмегенде ол атақты ақын болар ма еді» деп еске алады. Ал Ербол Сыпатаев болса, желтоқсан оқиғасында еркіндік пен бостандықты талап еткен, ұлтын сүйген ұлы перзент ретінде тарих бетінде қалды. Ол ақ ниетті абзал халықтың әділ екенін мәлімдеу жолында ерлікпен қаза тапты. Ләззат Асанова да ол кезде қаршадай ғана қыз еді. Небәрі 16 жаста. Дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқанда қалай шыдады екен? Бірақ, бойында ерекше батырлықтың нышаны бар қаршадай қыздың жүрегінде еліне деген махаббаты лаулап тұрды. 16 жасында қиылған ғұмырдың соңғы сәттерін күйзеліспен өткізді. Жанындағы жандарды сатып кетпеді. Жауыздардың көрсеткен зомбылығы оның жас жанын қинады. «Белгісіз жағдайда мерт болды, қылмыс жасап, 5-ші қабаттан секіріп кетіпті» деген екіұдай қауесет тарады. Ресми түрде хабар да тарады. Оның шын не өтірігі әлі жұмбақ. Сол сияқты Желтоқсан жыры да уақыт өткен сайын көміліп, көмескіленіп бара жатыр. Тек сол жерге төгілген бейкүнә, кінәсіз адамдардың қаны, мұз үстінде қара көз қыздарымызды итше тепкілеп, сүйрегендері ішіңді удай ашытады. Олардың бар жазығы әділеттілікті талап етіп, азғындыққа тойтарыс бере алмауы еді ғой. Талай жүрек шындық «жырын» шырқаймын деп шарқ ұрып, лезде өшіп тынды.
Бірақ бұнымен қазақ елі құрдымға кеткен жоқ. Желтоқсан қасіреті көп адамның көзін ашты. Әр тұлға халқы алдындағы жауапкершілікті сезінгендей болды. Әрбір пенде тәуелсіздікті армандады. Бұл оқиға Қазақстан Республикасының бейбіт әрі тыныш өміріне көпір болып, жол ашты. Иә, Тәуелсіздік –Желтоқсанның жемісі. Араға 5 жыл салып ғасырлар бойы бабалар аңсаған бостандыққа қол жеткіздік. Бұл күн мәңгілік тарих бетінде қаттаулы. Тұғырлы тәуелсіздігіміз біздің ұлттық құндылығымыз. Сондықтан оны берік сақтауымыз керек.
Ақбота Аманбай,
студент.