«Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындық…»
Ләззат Қалабаева (Жүзбаевтар әулетінің келіні) 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматшалардың бірегейі. Оны бұрын да газетке жазғанмын. Ләззат Салмахамбетқызының бойындағы шыншылдықты сол кезде байқағанмын. Бір адамдармен сұхбат құрып отырсаң, «құр өзін мадақтай» береді. Бар ондайлар. Ал, Ләззат Қалабаевамен сұхбат құрсаң, тыңдай бергің келеді. Ең бастысы, айтқан әңгімесі шынайы. Ешбір қоспасы жоқ. Ол жел сөзден гөрі жөн сөзді айтады үнемі. Сондықтан Ләззат Салмахамбетқызымен сөйлескен сайын өз басым рухты жазушы Шерхан Мұртазаның «Бұл өмірде шындық дейтін шірімейтін дүние бар» деген сөзінің астарында үлкен мағына жатқандығын сезінемін.
Жақында Азаттық үшін алаңға шығып, қатарластарымен бірге қаһармандық танытқан желтоқсаншы әпкемізбен дидарласып, әңгімесін тыңдадық. Сонда кейіпкеріміз бастан өткерген жайттың бәрін бүкпесіз айтып берді. «Бүгіп қалып, басын қасығанды» ұнатпайтын қайсар жан әуелгі әңгімені Қазақстанның халық ақыны Мұхтар Шахановтың «Жігерлендіру» атты өлеңімен бастады.
Екпінді жырдан соң Ләззат Салмахамбетқызы сәл тыныстап алып, әңгімесін былай жалғады.
– Мен ол кезде арман қала Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының кітапхана ісі (библиограф) мамандығында 2 курс оқимын. Жаспыз. Оның үстіне, бабаларымыздан қалған батылдық бойымызда тулап тұрған кез. Жағдайды тарихтан өзіңде білесің. Бәрі де Димаш атамыздың биліктен кетуінен басталды. Сенесіңбе, Маратжан, алаңдағы оқиға әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Тіпті, желкеме дубинка да тиді. Ұсталдық. Тергеді. Сол кездегі жастардың рухшылдығына таң қаламын. Бір-бірімізді сатқан жоқпыз. Қазіргі жастар қайтер еді? Ойланатын жағдай. Бірақ, мен осы ісіме ешқашан өкінген емеспін. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақ дейтін халықты барша әлем халқы таниды, – дейді Ләззат Салмахамбетқызы. Кейіпкеріміз сөзінің соңын Желтоқсан көтерілісінің символына айналған ақын Мұхтар ағамыздың:
Әр дәуірдің еркіне сай нарқы өзгерген алтынның,
Айналайын алтын әнім, жас өркені халқымның.
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдың,
Желтоқсанда егеменді ел болсам деп талпындың.
Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, желтоқсанның мұзда жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы,
– деген жыр-жолдарымен түйіндеді.
М. Диханбай.