Ақ жаулықты іскер әже
Сағымбекова Тұрсынкүл Пірімқұлқызы 1940 жылдың 21 желтоқсанында Луговой ауылында дүниеге келген. Осында отбасын құрып, ұл-қыздарын дүниеге әкелген. Тұрсынкүл апай биыл 83 жасқа толды.
Тұрсынкүл Пірімқұлқызын ұдайы аудандық деңгейде өтетін көптеген іс-шараларда көріп тұрамын. Өте еңбекқор жан. Бәзбіреулер ұқсап, бәле іздемейді. Анауың дұрыс, мынауың бұрыс деп те «ақыл» айтпайды. Қанша дегенмен ұстаз ғой. Тегінде бегзаттық, адам баласына деген ерекше құрмет көрініп тұрады.
Тұрсынкүл апай айтады: – 1958 жылы орыс мектебінен қазақ орта мектебі (қазіргі Т.Рысқұлов) бөлініп шыққанда, ең алғашқы түлегі болып өмірлік серігім Жиенбек Қонысбаев, Нұрғазы Нұфтиев (обл. мед. техниканың бастығы), Самат Каипов (бас прораб), Әлімқұл Шорманов (доктор, профессор), Петро Сатимбеков (райпотребсоюздың бастығы) Алмакүл Абдраимова (атақты сауыншы, депутат), Айна Қыдырова, Шәрия Керимова, Ертай Дайрабаев, Бейсен Саткеев (өз маман иелері) Қырықбай Быжыбаев (мектеп директоры) тағы басқалар мектепті бітіріп, көпшілігіміз Алматыға жоғары оқу орнына түстік. Қыздардан тек мен ғана едім. Бізге мектепте филология ғылымының докторы, профессор Хасен Қуандықұлы Арғынов (сол жылы ҚР Білім министрлігіне ауысты) және жолдасы Жұмабике Байсекеева, Насыр Жантаев, Шәймерден Егембердиев, Валентина Андреевна Пачес, Әміребай Әлімбетов (класс жетекшісі) тағы да басқа өте білікті ұстаздар жақсы білім берді. Мектеп бітіргенімізге 65 жыл болды. 1964 жылы Алматының шет тілдер институтында оқып, ағылшын – қазақ тілі мамандығын бітірдім. Сол жылы өзім оқыған Т.Рысқұлов мектебі мен орыс мектебі М.Горькийде ағылшын тілінен сабақ беріп, алғашқы еңбек жолымды бастадым. Жолдасым Жиенбекпен отбасын құрып, ол қазіргі Көкдөнен ауылына аға инженер, мен ондағы Калинин мектебіне ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, екі ай өтпей бірден тәрбие ісінің меңгерушісі болып қызметке орналастым. Кейіннен районода инспектор-методист, Луговойдағы бұрынғы балалар үйінде меңгеруші әрі директор, аудандық сырттай оқу мектебінің директоры әрі Ш.Уәлиханов атындағы мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, кейіннен Құлан ауылшаруашылық колледжінде білімгерлерге ағылшын тілінен дәріс беріп, 1994 жылы зейнетке шықтым. Өткеніме қарасам, ешбір өкпем жоқ. Қоғам жұмысына белсене араластым. Өзіме жүктелген тапсырманы дер кезінде тиянақты орындап, кабинет жабдықтау, пәнді жүйелі беру жөнінен аудан көлемінде алдыңғы қатарда болдым.
Соның нәтижесінде 1978 жылы «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің үздігі», 1985 жылы Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым. 1980 жылы СССР министрі М.А.Прокофьев, ЦК профсоюз председателі Г.П.Янушковскийдің «Құрмет грамотасы» секілді тағы басқа марапаттарға ие болдым.
Көркемөнерпаздар байқауына қатысудан да тыс қалмадым. Институттың ІІІ курсын бітірген кезім. Каникулда Тұраркүл және Мырзатай әкпе-жездемнің үйіне қыдырып барғанымда қонақта отырған мектеп директоры Омбаев атты кісіні кездестіріп, бізге ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қажет деп, бәрі жабылып көндіріп, ойда жоқта 1 жыл академический алуыма тура келді. Ауыл адамдары өнерге өте құмар екен. Мені өнерпаздар сайысына қатыстырып, парторгі Әбіқұл деген кісі партияның дүрілдеп тұрған кезі, қатыспаймын десем де болмай, ақыры ойлана келе «Партия туралы жыр» деген 4 шумақ өлең жаздым. Сөйтіп, аудандық, облыстық байқауда 1962 жылы облыстық І дәрежелі дипломмен марапатталдым. 1968 жылы ВЛКСМ-ның 50 жылдығына арналған облыстық фестивальда ән айтудан ІІ дәрежелі дипломға ие болдым. 1960 жылдары Алматының шет тілдер институтында оқып жүргенде Жазушылар Одағында Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов тағы басқа белгілі ақын-жазушылармен бірге Әбіш Кекілбаев басқарған әдебиет бірлестігіне қатысатынмын. Сол кезде «Жұлдыз» журналында ағылшын этюдтері мен шағын тәрбиелік мәні бар әңгімелер жазылып тұратын. Әдеби кітаптарды көп оқитынмын. Кейде өлең шумақтарының ұйқасы ұнап жатса, түртіп қоятыным да бар еді.
Зейнетке шыққан соң босқа қарап жатқым келмеді. Ойлана келе, заманауи тігінші болмасам да қазақтың ұлттық қолөнеріне қызығушылығым оянып, тігінші, керемет құрақты махаббат және басқа да көрпелерді жасаудың хас шеберлері Фатима, Қалби, Аманкүл, Қалдан атты шеберлермен келісіп, қыз жасауын, әр түрлі прокатка берілетін Жаңа жыл киімдері, ұлттық киімдер тағы басқа тапсырыстарды орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленіп келеміз. Кәсіпкерлікпен айналысып жүргенде 2014 жылы «Бәйтерек» даму қорының сертификатын алдым. 2016 жылы облыстық «Атамекен» байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталдым. 2017-2019 жылдары Қазақстанның «Үздік тауары» байқауында алғыс хаттар сыйын алдым. Аудандық «Көрпе-best» байқауында жеңімпаз атандым. 2020 жылы Қарттар күніне орай ұйымдастырылған байқауға қатысып, тоғыз ауылдың ішінен бірінші орынды жеңіп алдым. Аудандық музейде менің немерелеріммен жасалған біраз қолөнерлеріміз бар. Осынша еңбектерім аудан көлемінде бағаланып, 2020 жылы «Т.Рысқұлов ауданының Құрметті ардагері» медалін Луговой ауылының әкімі Мұрат Сванов кеудеме тақты. Кейіннен талай жанның өмірін жалмаған пандемия дертіне байланысты тігіншілікті тоқтаттық. Алланың сынағы болар, өте қиын жағдайда қолымдағы балам Аят екеуміз бір күнде ауруханаға түстік. Аурумен арпалысу оңай болмады. Өзімнен бұрын Аяттың амандығын тіледім. Оған Алматыдан Дидардың жіберген дәрілері көмектесті. Маған да, Аятқа да, дәрігерлердің жанталаса көрсеткен көмегінің арқасында Аллаға шүкір, аман қалдық. Бізге көмектескен туыс-жақындарға, ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. 80 жасқа келгенде әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгердім. Оның да бір себептері болды. Оның ғажаптығы, өмірдің тағы бір жаңа есігі ашылғандай болды. Жасаған қолөнер бұйымдарымды әлеуметтік желіде жарнамалауға мүмкіндік туды. Біз әрқашан еңбек етуден жалықпауымыз керек, – дейді Тұрсынкүл апай. Осындай жастарға жанашыр, мадақ сөздің емес, нағыз істің адамы Тұрсынкүл апайдың шынайы әңгімесіне дән риза болдық.
Марат Диханбай.