Бір кем дүние
Тасаттық
Тышқан жылы – құрғақшылық. Мыңбұлақта құлпырып өсетін асыл қызғалдақ биыл шықпай қалды. Құтырына гүлдеген өрік пен алманы бір түнде қырғын үсік ұрып кетті. 10 градусқа дейін суық болып, қалың өскен көгеріштің бәрін жайратты.
Тәңіртаудың Ақсу-Жабағылысын қалың бұлт бүркеп тұрып-тұрып жаумай кетеді.
«Эпоха водолея» дегені осы ма? Бірақ әлем ала-құла. Мұзды мұхит еріп жатыр дейді. Америкада, Европада су тасқындарынан зардап шеккендер көп деседі.
«Табиғаттың бермесін тартып аламыз!» деген большевикшіл ұранды Құдай жазалаған сияқты.
Ендеше, Құдайға құлшылық ет. Мешітте құран оқытқызып, тасаттық бергіз.
Кім біледі, Алланың рахымы түсер.
Құдайға сыйынған құстай ұшады. Адамға сыйынған мұрттай ұшады.
Тәңіртаудың басында будақ-будақ бұлт бар. Бірақ бедеу сияқты, тамбайды. Иә, Жаратқан Құдірет, бұлттарды идіре гөр!
Бір кем дүние.
Әзәзіл
Арақты о басында адамдар дәрі ретінде ойлап тапқан екен. Шипа болған соң, оны бір-бір тамшыдан ғана пайдаланған.
Бара-бара, келе-келе, әсіресе ормандағы халық арақты рүмкемен, стаканмен ішетін болған.
Ал арақпен ауызданбаған, қымыздан артық қызулы сусын ішпеген біздің халық, кейін-кейін, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, араққа бой алдырғаны сонша, арақты «атасының асындай» көретіндерден озып кетіп, шіркінді кесесімен ішетінді шығарған жоқ па?!
Ата-баба қанында болмаған зәһарға бой алдырғандар ажалынан бұрын баудай түсіп жатты. Көз алдымызда қаншама боздақтар, қаншама таланттар өкпе-бауырлары іріп-шіріп өлді. Олардан туған ұрпақ шалажансар мүгедектер.
«Өмір деген өмір бойы әзәзілмен арпалыс» деген екен бір данышпан.
Әзәзілдің ең үлкені – арақ!
Бір кем дүние.
(Жалғасы бар).