Жемқорлыққа жол бермеу – басты назарда

153 Views

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды қадам – мемлекеттік аппараттың жұмысын оңтайлы әрі тиімді ұйымдастыру. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бұл бағытта бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда.
Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қо­ғам» атты Қазақстан халқына арналған Жол­дауында мемлекеттік басқару ісін қай­та жаңғырту жаңа кезеңдегі басым ба­ғыт ретінде белгіленген. Мұны іске асыру халыққа әділ, адал, ашық қыз­мет көрсететін, адамға бағдарланған сер­вистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалып­тастыруды көздейді.
Осыған орай, әлемдік тәжірибедегі жетістіктер мен мемлекеттік қызметтің ман­саптық және позициялық модель­дерінің ұтымды элементтері ескеріліп, елімізде мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді ұйымдастыру жаңаша сипатта өріс алуда. Нақтырақ айтсақ, мансаптық модельге сәйкес, іріктеудің ашық жүйесін қамтамасыз ете отырып, жас мемлекеттік қызметшіге төменгі лауазымдардан бастау арқылы мери­тократия қағидаты бойынша өсу мүмкіндігі, ал позициялық модельге сай жеке сектордан кәсіби мамандарды тарту тетіктері енгізіліп отыр.
Кадрларды іріктеудің ашық, әділ жүйе­сін қалыптастыру сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерінің алдын алу­дағы басты қадам. Осы орайда агент­тікпен мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту жүр­гі­зілуде. Мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленіп, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстың жетілдірілген тәртібі үміт­керлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа бар­лық кезеңдерде әлемнің кез келген нүк­тесінен және кез келген уақытта кон­курсқа қатысуға мүмкіндік береді. «Адами фактордың» ықпалын және сы­байлас жемқорлық тәуекелдерін бол­дырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде үміткерлер туралы ақпарат толы­ғы­мен жасырылып, оларға ID-нөмір беру көзделген. Бұған қоса прокторинг жүйе­сі үміткерлердің тестілеу кезіндегі жаса­ған іс-әрекеттерін қадағалайды. Конкурс қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған үміткер жеңімпаз ретінде жүйемен анықталады. Мұның мемлекеттік қызметке тамыр-таныс арқылы орналасу туралы стереотипке тосқауыл қояры анық.
Әлемдік тәжірибеде сыбайлас жем­қорлық құқық бұзушылықтарға тос­қауыл ретінде ротациялау институты кеңінен қолданылады. Қызметшілерді ротациялау олардың кәсіби әлеуеті мен басқару тәжірибесін тиімді пайда­лануды жүзеге асырып, сыбайлас жем­қор­лықтың орын алу тәуекелдерін азай­тады.
Бұған дейін тиісті қызметтік бас­па­налармен қамтамасыз етуге мүмкін­діктің шектеулігі ротациялауды тежейтін өзекті мәселелердің бірі болған еді. Агенттік бастамасымен заңнамаға енгі­зілген өзгерістерге сәйкес, енді бас­қа елді мекенге ротацияланған қыз­метшілерге тұрғын үйді жалдау үшін ротациялық төлемдер төленеді. Бұл шара мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал бір орнында ұзақ отыру факторын болдырмау сыбайлас жемқорлықтың орын алу тәуекелін азайтады.
Мемлекеттік қызмет жүйесінде сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл­дың басты құралы ретінде мемлекеттік қызметшілер үшін этикалық стан­дарт­тарды белгілейтін Әдеп кодексі қолда­нылады.
2022 жылы мемлекеттік қызмет­ші­лер­дің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабыл­данды. Онда ашықтық, әділдік, адал­дық, сыпайылық, адал ниеттілік, және адамға бағдарлану – мемлекеттік қыз­меттің негізгі әдептік қағидаттары ретін­де белгіленді. Осылайша, қызмет­шілер жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуі және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде әуре-сарсаңға жол бермеуі тиіс.
Еліміздің барлық өңірлерінде сы­байлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзу­шылықтардың, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шара­лар әзірлеуді көздейтін Әдеп кеңес­тері жұмыс атқарады. Олардың басты міндеттерінің қатарында сы­бай­лас жемқорлық тәуекелдерін тал­дау және мемлекеттік органдардың сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын бұзу профилактикасы бойынша жұмыс қорытындыларын қарау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу арқылы сыбайлас жемқорлықты ескерту мен оның алдын алу кіреді. Бұл бағытта Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жыл басынан 17 мыңнан астам азамат пен қызметшіге консультативтік көмек көрсетілді.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ту­ра­лы қолданыстағы заңнамаларға сәй­кес мемлекеттік органдардың, ұйым­дардың, квазимемлекеттік сектор субъек­ті­лерінің басшыларына қоластындағы қызмет­шілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс­тарын жасағаны үшін жауап­ты­лық қарастырылған.
Ағымдағы жылы осы мәселені кү­шейту мақсатында заңнамаға толық­тырулар енгізілді. Енді қоластындағы қызметшісі бірнеше рет немесе ірі және аса ірі мөлшерде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, саяси мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілігі міндетті түрде қаралатын болады.
Сонымен қатар, саяси мемлекеттік қыз­метші бұрынғы жұмыс орны бойын­ша қызметі кезеңінде өзіне тікелей бағы­нысты қызметшінің сыбайлас жем­қорлық қылмысы үшін отставкаға кету жауапкершілігінен босатылмайды.
Электрондық мемлекеттік қыз­меттерді дамыту сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың тиімді тетіктерінің бірі. БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде Қазақстан 28-орынға көтерілді. Бүгінде мем­лекеттік қызметтердің 93%-ы элек­тронды түрде көрсетілуде. Бұл адам факторының орын алмауына үлкен септігін тигізуде.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапа­сына бақылауды жетілдіру аясында проактивті мониторинг жасау ар­қылы құқық бұзушылық орын ал­ған жағдайда заңдылықты орнату тәжі­рибесі басталды. Жүргізілген мони­торинг өңірлерде алты жүзге тарта негізсіз бас тарту және толық жауап жол­дамау фактілерін анықтап, қызмет алушылардың құқығы қорғалды.
Мемлекеттік қызметтер көрсету саласын одан әрі жетілдіру аясында Агенттікпен «Мемлекеттік қызметтер туралы» Заңға енгізілетін түзетулер әзірленуде. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бас тартусыз рәсімдерге» көшу, көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын дереу қалпына келтіру жүйесін қалып­тастыру қарастырылуда.
Сондай-ақ, мерзімдерді есептеу, халықаралық-құқықтық қатынастар институттарын енгізу, клиентке бағ­дарлану, проактивтік, композиттік, эксаумақтық, көрсетілетін қызметті берушіге сенім және оның дербес жауапкершілігі қағидаттарын енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Мемлекеттік қызмет көрсетуді рет­теп отырған нормативті құқықтық базаларды талдау нәтижесі бойынша Агенттікпен тиісті мемлекеттік орган­дарға анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты 470 ұсыныс енгізілді.
Агенттік мемлекеттік қызмет көр­сетуде ешқандай құпия болмауы тиіс және ол толықтай ашық болуы керек деген айқын ұстанымда.
Мемлекеттік аппарат қызметінде бюрократияның орын алуы оның тиім­ділігін төмендетіп, сыбайлас жем­қорлық тәуекелін тудыруы мүмкін екендігін ешкім жоққа шығармайды.
Президенттің мемлекеттік аппарат­тың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес Агенттікпен жүргізілген мони­торинг және талдау нәтижелері бойынша бюрократиялық кедергілерді жоюға қатысты 373 ұсыныс әзірленді.
Бұл ұсыныстар сервистік мемле­кеттік аппаратты қалыптастыруға және артық бюрократиялық кедергілерді жоюға қатысты болып отыр. Мұның барлығы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің жұртшылық үшін ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп, заң­ға қайшы түрлі әрекеттердің орын алмауына септігін тигізеді деп күтілуде.
Жемқорлыққа жаппай төзімсіздікті қалыптастыру және оның қоғамдағы әділдік принциптеріне қайшы әрекет екендігін әр адамның саналы түрде сезінуі, түсінуі маңызды.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының ара­сында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы» деп атап өтті.
Жеке бастың қамынан көрі елдік мүддені биік қою адамды абырой биі­гіне көтерері анық. Қоғамдық санада адамшылық қасиеттер мен ар-ұждан жоғарғы идеалдарға айналғанда ғана әр адам өз басының пайдасын емес, елдің қамын ойлайтын азаматтық сана деңгейіне көтеріледі. Ол үшін рухани-адамшылық құндылықтарды адамның бойына сіңіру мен тұрақтандыруды ерте жастан бастау қажет. Мұны тәрбие, білім беру үрдісімен бірге жүргізу керек. Адалдықты адамшылықтың өл­шемі ретінде бойына сіңірген адам­дардың мемлекет пен қоғамға тигізер пайдасы қашанда зор. «Адал азамат» болу әр адамның өзі өмір сүріп отырған мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуінен басталады.
Бүгінде Агенттік алдында мемле­кеттік қызметшілердің «Адал азамат» идеалдарына сай келетін кәсіби және тұлғалық қасиеттерін үнемі ілгерілету міндеті тұр. Бұл нені білдіреді? Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық көріністеріне, мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, көзбояушылық формализмге, жұмыс­тың имитациялық сипатына және қыз­меттің жасанды декларативті элемент­теріне жол бермей, жұмыс тәсі­лін өзгертіп, жаңаша серпінге қадам жасауы керек. Ең бастысы қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алатын тұлғалық қасиетке ие болуы тиіс. Осы талаптарды енгізу тетіктерін қалыптастыру Агенттік жұмысының басым бағыттарының бірі.
Жемқорлық деңгейі төмен елдердің тәжірибесі бұл дерттің алдын алудағы ең басты және стратегиялық тұрғыда ең пәрменді шара – қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру екенін көрсетіп отыр. Жемқорлық – бұл тұтас қоғам болып күресетін дерт. Бұл жалпы азаматтарымыздың, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің саналы өзгеруі бағытында жүргізілетін кешенді идеологиялық жұмысты қамтиды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына қатысты бүгінде Агенттікпен жасалып жатқан жұмыстар сыбайлас жемқорлықтың орын алуына мүмкіндік тудыратын түрлі кедергілерді жоюмен, оның себептерінің алдын алумен байланысты болып отыр. Жемқорлыққа жол бермеу – басты назарда. Бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: