Тайынша деп осыны айт

790 Views

немесе “Шамиль” шаруа қожалығына барғанда

Зайнап Мұстафаева кеңес өкіметі тұсында аудандық тұтынушылар одағында еңбек жолын қатардағы экономистен бастап, осы кеңседе жоспарлау бөлімінің бастығы, басқарма бастығының сауда ісі жөніндегі орынбасары сияқты қызметтерді зейнетке шыққанша мінсіз атқарды. Былайша айтқанда, сауда-саттықтың ыңғайын жетік білетін білікті маман. Бүгінгі нарықтық -кооперативтік бизнесті, оның құпия сырларын бір кісідей-ақ жақсы біледі. Сондықтан ол зейнетке шыға салысымен көп ойланып-толғанып жатпай ет пен сүт бағытындағы ірі қара өсіруді жедел қолға алды.

Ең алдымен «Шамиль» шаруа қожалығының өрісін түгендеуден бастады. Құмдағы «Қосқұдық» учаскесінен 300 гектар жайылымдық жер тауып, таудан да сауын сиырдың өрісіне деп 116 гектар жайылым алды. Сауда ісінің саңлағы қаражатсыз ешбір іс бітпейтінін жақсы біледі ғой. Соны ескеріп, «Құлан-Дән» несие серіктестігіне келіп, ел қатарлы кіріспе жарнасын төледі. Көп ұзамай қожалық сауын сиырлардың санын 300 басқа жеткізді. Ал, асыл тұқымды герафорд және ангус бұқалары аз уақыттың ішінде ет сатып алушылардың көзіне ілікті. Өйткені, бір жастан жаңа асқан тайыншаның тірідей салмағының өзі 280-300 келіге, ал, екі жылдық бұқалардың салмағы 300-400 келіге дейін салмақ тартатын. Орташа есеппен алғанда бір осындай семіртілген бұқаның құны 450 мың теңгеден кем болмаушы еді.

– Қазір сол герофорд тұқымының 26 басы, шетелден әкелінген 7 ангус бұқасы табында жүр. Осының барлығы «Құлан-Дән» серіктестігінен төрт мәрте алған 40 миллион теңге несиенің көмегі, -дейді қожалық жетекшісі Зайнап Мұстафаева. -Біз 2005 жылдан бері малды жайып семіртіп, күн суытысымен қораға әкеліп байлап, ұдайы бордақылап келеміз. Қазір қамбаға 500 тонна арпа сатып әкеліп, малдың жемін алдын ала әзірлеп қойдық. Біздің бір мезгілде 130 бас тайынша байлай алатын ангарымыз бар. Күн суыта салысымен өрістегі бұқашаларды мал бордақылау алаңына қоямыз. Тайыншаларды тәжірибелі мал бордақылаушы Мырзабек Абдурахмедов семіртеді. Өрістегі, қорадағы малға ұлым Шамиль ие, былайша айтқанда, ол – біздің басқарушымыз. Жүргізуші Сергей Федченконың еңбегі де зор. Қожалықта төрт жұмысшы, екі сиыршы бар. Иә, Луговой кентіне баратын жолдың бойына орналасқан бұрынғы СТОЖ мекемесінің ғимаратын жақын барып қарасаңыз қазір танымайсыз. Өйткені мұнда бәрі өзгерген. Ең алдымен көзге «Булгар» деген жазуы бар сілтеме оттай басылады. Бұл қожалықтың жүз адамға арналған дәмханасының аты. Зайнап ханым кеңес тұсында талай қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысын ұршықтай үйіріп жүргізетін. Ал мынау дәмхананың бүгінгі заман адамдарына лайықталып жасалғаны көрініп тұр. Оның ішінде кеш батысымен ойнақы музыка естіліп, келушілерді желіктіріп тұрады. Ол аз десеңіз, 22 отбасылық қонақжай тағы бар. Кәдуілгі жалдамалы пәтер сияқты, жамбаспұлыңызды төлейсіз де қанша жатсаңыз да жата бересіз. Оның жанында сауна да бар. Ал, жазғы дәмханалық жәйға барсаңыз бір жасап қаласыз. Ол өзі саялы бақ ішінде. Демалуға өте ыңғайлы күркешіктерде отырып, шілденің ыстығын сезбейсіз. Дәмхана алдында да, қонақжай ауласында да көлік қоятын орын жеткілікті.

Бір кезде жүзі де, түр-тұрпаты да өзімізге көптен таныс жасы алпыстың төртеуіне келіп қалған атпал азамат келіп амандасты. Бұл Зайнап ханымның жолдасы, кәдімгі ішкі істер органының сайыпқыраны, баяғы БХСС-тің инспекторы Сұлтан Зарипов еді.

–Салам, Саке! Почему к нам не заходищь? Хал жақсы ма?, -деп екі тілде бірдей жатық сөйледі. Біз хал жағдайымызды айтып, қауқылдасып қалдық. Сәкең өзі «Хак-гроуп» акционерлік қоғамының басқарушысы, «Түркменстан-Қытай» газ құбыры магистралы құрылысында, Қытайдың ірі құрылыс компаниясында істеп, Луговой кентінің астындағы газ копрессорлық қысымдау станциясының пайдалануға берілуіне атсалысқан. Бұрынғы ішкі істер органына еңбегі сіңген қызметкер. Әрине, ол қазір отағасы ғана емес, оның ақылшысы да. Оқта-текте қожалыққа келіп әйелі мен ұлы Шамильдің тірлігіне көз қырын салып кетеді. Қазір де сол қалпынан танбай:

– Сәке! Анау 150 түп алма ағашын өзіміз отырғыздық. Келешекте мың түп алма ағашын тамшылата суару әдісімен өсіруді көздеп отырмыз. Солай ма? Шамиль?, -деп азамат болып қалған ұлына қарады.

Иә, кешегі СТОЖ мекемесінің мұнда жұрнағы да жоқ. Бірақ, машина-трактор жөндеу шеберханасы сол қалпында тұр. Бірақ, оның ішінде ағаш цехын ашуға қажетті станоктардың бәрі тұр. Бұл цехқа уақытша болуы керек жеңіл автомашиналарды, астық тиегіш механизмді де кіргізіп қойыпты. Ал, сыртта екі «КАМАЗ» автокөлігі мен бір «Уаз» машинасы тұр. Анадай бұрышта құм блокты кірпіштер шығаратын цех та бар екен. Тегі ағаш тілетін станок пен токарьлық станок та бар. Тек иесін тапса, бәрі бір үлкен өндіріс орнының жұмысын үйіріп әкеткелі тұр. Сұлтекең аумағы атшаптырымдай болатын өндірістік базаның ой-шұқырын қоймай түгел аралап, қарап шықты. Онысының да жөні бар. Өйткені, бұл – отбасылық бизнес қой. Қалай десеңіз де қожалықтың «Құлан-Дәннен» алған көмегі көрініп тұр. Зариповтың отбасылық бизнесі шынында да ел қызығатындай-ақ, екен. Соңғы кезде олар сатып әкелген екі асыл тұқымды бұқаның төлқұжаты бар екенін тілге тиек етті. Демек, келешекте жұрт осы қожалықтан аты әлемге мәлім герофорд және ангус тұқымды бұқалар мен құнажындарды сатып алмасына кім кепіл бола алады. Бәрін де уақыт көрсетеді. Әзірше қожалықтың аяқалысы жаман емес.

Луговой ауылы.

СУРЕТТЕРДЕ: «Шамиль» шаруа

қожалығының жетекшісі Зайнап

 Мұстафаева мен оның ұлы Шамиль және жүргізуші

Сергей Федченко мал бордақылау алаңында.

С.ҚОЖЕКЕ.

 

Поделиться ссылкой: