Қазақтың хас батыры

142 Views

Көгершін ауылында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ерлі-зайыпты ескі екі танысым тұрады. Олардың екеуі сол қанды қырғын кезінде қазақтың қаһарман қызы Ләззат Асановамен бірге Алматы алаңында бірге болды. Қара киімді қаскөйлер өрімдей жас сұлуды соққыға жығып, өздерімен бірге сүйреп алып кетті. Ләззатқа араша түсетін ер азамат болған да шығар-ау, бірақ…арматура темірмен, дойырмен, сапер күрегімен қаруланған арнайы жасақ қолында қауқар қылатын түгі жоқ жастарды аямады. Дәл осы көтерілісші топтың ішінде сол кезде жауынан қаймықпайтын, намысшыл, жаужүрек Мырзақұл да болып еді…
Ол сол бір ілкі сәтте шыбын жаны шырқырап, жазалаушы қолында жан дауысы шыға жаздап, бұрымынан сүйреген қара ниетті «қара киімдіге» қарсылық көрсете алмай, бірақ: «Жауыз! Жібер мені бәрібір бізді жеңе алмайсыңдар, біз көппіз» деп жанайқайға басқан аруды қалайда құтқарып қалу үшін жендетке тұра ұмтылды. Жаңа әлгінде ғана аяқ астынан тауып алған брусчаткамен келімсектің көк желкесінен бар пәрменімен ұрып қалады. Анау тіл тартпай кетеді. Осы кезде Мырзақұлды жендеттер қаумалап, қоршап алып, есінен тандырып ұрып, өздерінің көліктеріне қарай сүйрей жөнеледі.
Мырзақұл ақыл-есін азаптау камерасында жинады. Сонымен ұрып-соғу азаптау басталады. Соломенцев пен Колбиннің қол­шоқпар-тергеушілері мен оққағарлары Мырзақұл Әбді­құловқа бірден бес айып тақты. Мәс­кеуден келген орыс тергеуші: «Сен Қазақ КСР Қылмыстық істер Кодексінің 60-шы бабы бойынша ұлт араздығын қоздырғаның үшін 3 жылға, осы заңның 65-ші бабымен жаппай тәртіпсіздікке қатысып, оны ұйымдастыруға ұйытқы болғаның үшін 15 жылға, Кодекстің 202 бабының 3-ші тармағы бойынша суық қару алып жүргенің үшін 1 жылға, қалтаңнан наша табылған маскүнем ретінде 214 баппен айыпталасың, бесінші 88-ші баптың 1-ші тармағының «б» бөлігіне сәйкес қасақана адам өлтіргенің үшін ату жазасына кесілесің» деді. Мырзақұл Әбдіқұлов желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековпен бірге екі ай бойы бір камерада жатты.
Екеуі де ешкімнен именген жоқ. Қанша зорлық-зомбылық көрсетсе де қылбұрау мен қи­нау­дан сағы сынбай өлімге тура қарады. Жазалаушыға жа­сық­тық танытпай, ес-түстен айырылып, тәніне жарақат салып жатқандардың мейірімсіз жүзіне қаймықпай қарады. Ол Қайраттай бауырының өр рухы мен қайтпас қайсарлығына тәнті болды. Өзінің бойын да осындай өжеттікке үйрете білді. Мырзақұл сот процесінде прокурорға: «Мен ұлтымның ары мен намысын, қазақ қызының абыройын қорғадым. Егер дәл осындай жағдай қайталанатын болса, сол жендетті тағы да өлтіруден тайынбас едім» деді міз бақпай.
1986 жылдың 19-шы желтоқсаны күні тар қапасқа қамалған ол ажалын күтіп, 345 күн түрмеде отырды. Оны ешкімге жолықтырмайтын, қараңғы қапастың аядай терезесі қол созсаң жетпейтін биікте болған соң қараңғы түнекке жарық та мейлінше түсе бермейтін. Мұнда жататын төсек орын да жоқ болатын. Таңның атқанын, күннің батқанын білмей асыл ер балтыры сыздап, бауыры ауырып, осылайша ақырғы сағатын күтіп жата берді. Бір күні тар қапастың есігі сықырлап ашылды. Мырзақұл: «Ату жазасын бүгін орындайды екен ғой» деп ойлады. Бірақ есіл ерді бірден ата қоймай, оның жүйкесін жұқартып, жанын жабырқататын осындай психо­логиялық қысым көрсету түрме басшы­ларының арам ниеті еді. Кей кездері айыпталушы осындай азапқа шыдай алмай: «Одан да мені атып тастаңдар!» дей-тұғын ызаға булығып.
Жалғыз адамдық камерада 345 күн бойы отырған оны тағы да қараңғы түнектен далаға алып шықты. Жарықтан көз қарығады. Ол көзін күннен көле­гейлеп, жарық жалғанға тура қарай алмады. Оны жалғыз айдап апарып, жуындырды, киімдерін ауыстырды. Осынау әдеттен тыс «қамқорсуды» көріп Мырзақұл: «Е…е… жарық дүниемен қоштасатын күн жақындаған екен ғой» деп ойлады. Артында шырылдап жылап қалған балалары мен адал жары, ақпейіл анасы көз алдына еріксіз келді. Ең болмаса солардың біреуін көріп, бар ынта-шынтасымен құшақтап тұрып қоштасқысы келді. Іштей күбірлеп, иманын оқыды. Оның осынау айпара ойын абақтының мейірімсіз сарт-сұрт ашылған есіктері бөліп жіберді. Бір қараса өңі ме, әлде түсі ме, үлкен залдағы үлкен столдың қарсы алдында тұр. Төр жақта өңкей әскери шенділер. Бір кезде шенділердің чоңы ғой деймін, үкімді оқи бастады. Бұл «соңғы демім шығар» деп үкімді қасқайып тұрып қалт жібермей тыңдады.
Иә, бұл Кеңестер Одағының Бас Қолбасшысы А.А.Громыконың ату жазасын 20 жылдық айрықша режимге ауыстыру туралы бұйрығы болатын. Айыпкердің құлағы шуылдап кетті. Өлім жазасы 20 жылдық қамаққа ауыстырылыпты. Рас па, өтірік пе? Мырзекең өз құлағына өзі сенбей дел-сал күйде этапқа қосылып, Сібір түрмесіне айдалып кете барды. «Особыйдағылар» мұны жақсы қарсы алды. Өлім жазасын күткен азапты күндердің қасында Мырзақұл үшін бұл сапар «құдалыққа» құдасына келгеннен кем болған жоқ. «Азапты жанға бір өлім». Ол «особый режиммен» Өске­менге, одан кейін Заречный абақты­сында отырғанда да қиындыққа қың­бады. Ақыры оның айы оңынан туып, Қазақ елі Тәуелсіздік алған 1993 жылы бостандыққа шықты. Оның отбасы да зорлық-зомбылықты көп көрді. КГБ оның зайыбы Қазынакүлге де көрсетпегенді көрсетіп, тергеу кезінде: «Күйеуім арақ ішеді, наркоман, мас­күнем, мені ұрады» дегізіп, адал жарға да жала жапсырмақшы болды. Бірақ Қазынакүл қандай қорлық көрсе де жолдасына сатқындық жасамады. Сол қорлыққа шыдай алмай суыққа тоңып, жеті айлық сәбиінен айырылды. Сұлукүл әже де жылап-сықтаумен жүріп, ақыры қайғы мен шер ішіне түсіп, 77 жасында жалған дүниемен қоштасты.
Абақтыдан босап, ауылына келгенде Мырзақұлды ешкім құшақ жайып қарсы ала қоймады. Тегі ол өзінің «жел­тоқсаншы» екенін биліктегілерге көпке дейін дәлелдей алмай жүрді. Иә, Мырзақұлды тағы да тағдырдың тар жол тайғақ кешуі, өмірдің ауыр сынағы күтіп тұр еді. Өзі жұмысқа кіре алмай жүргенде Алмагүл есімді ару қызы «аққан» дертіне шалдығып, ауруханаға түседі. Мырзекеңнің қызын емдетуге жағдайы болмады. Ақыры қызғалдақ ғұмыр 21-дегі өрімдей қызды ажал құшағына алды да кетті. Бұл уақиға батырдың басына қасірет әкелді. Ол қатты қиналды.
«Ол ол ма, Мырзақұлды: «желтоқ­саншы емес» дегендер де табылды. «Желтоқсаншылардың» өздерінің арасынан да «орыс жасағын өлтірген қылмыскер» деп, желсөзге ілескендер болды. Мен Мырзақұл аға туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жаздым. Өйткені, ағамыздың ерлігі тарихта қалсын дедім. Қыз намы­сын қорғау әрқайсымыздың қолымыздан келе бермейтін өжеттік. «Ерді – намыс өлтіреді» деген сөз осыдан қалған ғой» деп жазады әлеуметтік желіге амалы таусылған Маңғыстау облысы, Оңды ауылында тұрып жатқан бауырымыз Жәнібек Қожық.
Редакциядан: Егер Мырза­құл Әбді­құловпен байланысқа шыққы­ларыңыз келсе мына теле­фонға: +7 701 547 38 51 хабарласу­лары­ңызға болады.

Жәнібек Қожықтың
15.12.2023 жылы жазған хатының ізімен
газетке мақала даярлаған журналист С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: