Меркіден Майданға аттанып еді

151 Views

Олжабай Тоғызақ батырдың тоғыз ұлының ішіндегі ортаншысы. Батыр бабамыз осы Меркінің «Ойранды» шатқалында жоңғарлармен болған шешуші шайқаста ботбай Сәмен батырдың жасағында жүзбасы болып, өзін қазанат көтере алмайтын болған соң үлекке мініп соғысып, ерлікпен қаза тапқан екен. Батыр садақшы сарбаздарымен бірге «Әулие бұлақ» қорымына жерленген. Ботбайдың Қожай биінен тарайтын Тоғызақ бала­ларын Сәмен батыр: «Тоғыз тоқ­па­­ғым» деп атаса керек. Сол тоғыз «тоқпақтың» біреуі Олжабай.
Біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Орақбай Есмедетов осы Олжабай бабамыздың бесінші ұлы. Кеңес өкіметі тұсында «үшінші ауыл» деп аталып кеткен «Жить по новому» яғни, жергілікті халық: «житманап» деп атайтын «Жаңатұрмыс» ауылында дүние есігін ашқан. Бүгінгі таңда осы елді мекенде Шалдамбай Шаңбаев деген ақсақал әлі тұрады. Өзі менің әкеммен, осы Орақбай кісімен түйдей құрдас – 100 жаста. Орақбай ақсақал осы Шәкеңмен бір класта оқыпты. Үшеуі де Меркідегі әскери комиссариаттан майданға бірге аттаныпты. Бірақ Луговой теміржол бекетінен тауарлы вагондарға мінген соң Батысты көздей кетіп үшеуі үш майданға түседі.
Орақбай Есмедетов Қызыл Тулы Одесса дивизиясының №6-шы гвар­диялық минометшілер бөліміне коман­дир болып бекиді. Артынша өжет те ба­тыл қазақ жігітін командирлер №4-ші Кубань казактарының гвардиялық атты корпусына жібереді. 1942-1943 жыл­дары ол Калининград майданында жү­ріп, немістің талай темірқалпақты фриц­терінің төбесіне қылыш ойнатып, Тоғызақ батыр бабасы сияқты жауы­ның жанын алады. Осындай ірілі-ұсақ­ты шайқастар кезінде ол үш рет жеңіл жа­раланады. 1943 жылы сержант Ес­медетов Ленинград майданына кава­лериялық корпуспен бірге Ладога көлі арқылы блокадада жатқан көсем шаһарындағы ашыққан қала халқына азық-түлік тасып, жеткізіп беру туралы бұйрық алады. Бір қаланы басқыншылардан бірге қорғап жүрсе де ол өзінің жаңатұрмыстық жерлесі Шәмінді кездестіре алмайды. Өйткені 72 күн бойы немістер қа­лаға азық-түлік әкелінетін көлді ат­қы­лаумен болады. Қала халқы осы күн­дері аштықтың құрсауынан шыға ал­май қырылды. Жамбыл жәкем: «Ленин­град­тық өрендерім» деп атаған батыр қаланың 2,5 миллион тұр­ғыны аштықтың құрбаны болды. Қала­лықтар қолдарына іліккен, әйтеуір тал­ғажу етуге «болады-ау» деген көше­де жүрген мысықты да жеуге мәж­бүр болады. Менің әкем сол шақ­та алдыңғы шепке он алты мәрте сұраныпты. Ол кісі: «Жау шабуылға шыққанда яловый хром етігі бар неміс офицерлерін көздеп ататынбыз. Оқ тисе әлгі немістің офицерінің су жаңа етігін шешіп алып, қазанға қайнатып, сыры кеткен соң таза былғарыны яғни, теріні қорек ететінбіз» дей-тұғын.
Иә, Шәмін мен Орақбай осынау оқ пен оттың арасында жүріп бір-бірін көре алмады. Алайда олар нағыз қазақ батырына тән ерлік көрсете білді. Сержант Орақбай Есмедетов туралы оның командирі, майор Дмитруктың мына бір естелігі майдандық газетке шыққан екен: «Орежан қыстағы. Сәуір айының 2-ші жұлдызы болатын. Жау әскерлері өршеленіп, деревняны басып алу үшін жанталасты. Жерден де, көктен де бораған оқ көз аштырмайды. Осы бір қиын-қыстау сәтте сержант Орақбай Есмедетов өзінің минометін сүйретіп алып, оңтайлы позиция тауып алу үшін ентелеген фашистерге қарсы минометтен оқ жаудырды. Сөйтіп ол жаудың бетін қайтарды. Миномет расчетының жауынгерлеріне шабуыл­ға шығуға плацдарм жасап берді. Орақбай Есмедетовтың осы өжет қи­мылы ерлікке парапар еді. Кейін мен оны «Ерлігі үшін» медаліне ұсындым» деп жазады.
Осылайша жаңатұрмыстық үш жауынгер (ол кезде бұл елді мекен Меркі ауданына қарайтын) аман-есен елге оралды. Сержант Орақбай Есмедетов 1971 жылы дүниеден озды. Ол соғыстан кейін Сарысу ауда­нындағы Байқадам, Қаратау, Луго­вой ауданындағы «Жаңа­тұрмыс», Каменка, Қазақ, Меркі ауда­нында су шаруа­­шылығы саласында еңбек етті. Ол Меркі ауданында су ресурстары басқармасының бастығы да болды. Партия ісіне адал коммунист Қаратау қаласын­да қызмет бабында жүргенде бұзақылар­дың қолынан ке­неттен қаза тапты. Оның алған жары Панаркүл Жантай қал­пенің (сопының) қызы болатын. Луговой темір жол бекетіндегі қазақ мектебін­де жағрафия пәнінен дәріс берген Насыр Жантайұлын кент халқы әлі ұмытпаған шығар.
Майдангер Орақбай Есмедетовтың есімі Тараз қаласындағы мемориалда ал­тын әріппен жазылыпты. Бірақ оның нәмі: «Эсмедетов Урагвай» деп қате жазылыпты» дейді әкесі туралы жал­ғыз жәдігерді оқыған Алматы қаласын­да тұратын ұлы Самат Есмедетов. Иә, Орақбай марқұмның Марат пен Жомарт есімді ұлдары да қазір арамызда жоқ. Бірақ Тұрар Рысқұлов ауданында Есмедетпен бірге туған Рысмедет, Досмедет, Бекмедет ұрпақтары бар. Сондықтан Отаны үшін от кешкен майдангердің ең бол­маса есімін түзеп қойсақ болады ғой. Батыр қала Ленинградты жау қолы­нан азат еткенімізге биыл 80 жыл то­лып отыр. Ал, біз тілімізге тиек еткен майдан­геріміздің көзі тірі болса биыл 100 жасқа келеді екен. Иә, ерлер есімі еш­қашан ұмытылмайды.

Суретте: майдангер, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Орақбай Есмедетов. (Сурет Есмедетовтер архивінен алынды. 1941 жыл, 12 қыркүйек. Меркі аудандық әскери комиссариаты).

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: