Ағаш көшеттері отырғызылды
64 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Аудан әкімі Ернар Есіркепов жақында «Құлан медиа» ақпараттық орталығына сұхбат берді. Әріптесіміз Жәнібек Базылбек жүргізген «Әкім сағаты» айдарында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы еш мәселені жасырмай, шынайы әрі дәйекті ақпараттармен бөлісті. Газетіміздің бүгінгі санында сол сұхбаттың жазулы нұсқасын жариялап отырмыз. Жәнібек Базылбек: – Армысыздар «Құлан медиа» ақпараттық орталығының көрермендері! Бүгін біздің медиа орталықта жаңа бағдарлама тұсауын кескелі тұр. Бағдарламамыздың атауы – «Әкім сағаты» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бүгін біздің студиямызға аудан әкімі Есіркепов Ернар Серікәліұлы келіп отыр. Ернар Серікәліұлы, айтқан уәдеңізді екі етпей, ұсынысымызды қабыл алып, жұмыс жоспарыңыздың тығыздығына қарамастан, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін сізге ерекше алғыс айтқымыз келеді. Ұжым атынан алғыс білдіре отырып, сұхбатымызды бастасақ деймін. Өзіңізге алғашқы қояр сұрағым мынадай. Жалпы, 2023 жыл біздің аудан үшін қандай жыл болды. Өзіңіз бастап, салалық орынбасарларыңыз, бөлім басшылары, аудан әкімі аппаратындағы жауапты мамандар алға қойған мақсаттарын, жоспарлаған жұмыстарын тиісті деңгейде атқара алды ма?
Ернар Есіркепов: – Сұрағыңызға рахмет. Өткен 2023 жыл біздің аудан үшін берекелі әрі табысты жыл болды. Экономиканың барлық басым бағыттары бойынша оң динамика қалыптасты. Дегенмен, бір ғана көрсеткішімізде біз ойлағандай нәтиже болмады. Ол ауыл шаруашылығына қатысты көрсеткіш. Ел-жұрт жақсы біледі, былтыр ауа-райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Былтыр өңірде қуаңшылық болды. Сол қуаңшылықтың салдары біздің ауданның диханшыларына да зарарын тигізді. Соған қарамастан тиісті жұмыстар атқарылды. Дегенмен нәтиже солай болды. Бізде осы ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 88,1 пайызды құраған болатын. Ал басқа салалардағы нәтижеміз көңіл көншітеді. Айталық, құрылыс, инвестиция тарту, бөлшек сауда, жаңа пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі деген сияқты көрсеткіштеріміздің бәрі белгіленген межеден артығымен орындалып отыр. Дана қазақта: «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген аталы сөз бар. Осыны негізге алып сөйлейтін болсақ, бұл жұмыстардың бәрі өзіңіз айтып отырғандай, салалық орынбасарларымның, бөлім басшыларының, ауыл әкімдерінің және аудан әкімі аппаратында еңбек ететін әрбір мемлекеттік қызметшілердің бірлесіп жұмыс атқарғандығының нәтижесінде орын алып отырған көрсеткіш. Әлгінде сөз еткен, яғни ауыл шаруашылығы саласы бойынша межелі көрсеткішіміздің орындалмау себебі, табиғи фактор. Бірақ біз одан сабақ түйдік. Осындай мәселелер қайталанбас үшін біз қазір өзіміздің ауданымыздың фермерлерімен де, шаруаларымен де қайта-қайта кездесулер өткізіп, тиісті мамандарды шақырып, су үнемдеу технологиясын енгізу, тамшылатып суару, жерасты суларын пайдалану сияқты мәселелерді қолға алып, жүйелі жұмыстар атқарып жатырмыз. Дегенмен, қуаңшылыққа байланысты егін шаруашылығында көрсеткіш пәстеу болғанымен, мал шаруашылығында керісінше, өсім бар. Яғни аудан көлемінде малдың басы 18 мың басқа дейін көбейіп отыр. Оның басты себебі – тұрғындардың табысын арттыру мақсатында Жамбыл облысында пилоттық жоба ретінде басталып, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен іске асырылған «Ауыл аманаты» жобасы деуімізге толықтай негіз бар. Өткен жылы біздің ауданымыздағы 4 бірдей ауылдық округте осы жоба жүзеге асқан болатын. Бұл жұмыс мұнымен тоқтамайды. Яғни, жалғасын табады. Мәселен, Абай, Көкдөнен, Көгершін және Жаңатұрмыс ауылдық округтерінің тұрғындары жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиенің игілігін тиімді пайдаланып, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тұрмыстық табысын арттыруда. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мәселелері де қолға алынып отыр. Аталмыш бағдарламаның 5 бағытының бірінде осы мәселе де айрықша межеленген. Ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Нәтижесінде қазіргі таңда біздің ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларымыз жаңарып отыр. Жалпы, ауданымыздың тұрғындары да жақсы біледі, Тұрар Рысқұлов ауданы аймақта ақ егістікті ең көп егетін аудандардың бірі болып табылады. Біз осыны ескеріп, қолдан келген тірліктің барлығын қамдап жатырмыз.
Жәнібек Базылбек: – Ернар Серікәліұлы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізге инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру қажеттігін ылғи айтып жүр. Нәтижесінде көптеген шетелдік компаниялар Қазақстанға инвестиция салып, түрлі бағытта жұмыс жасап жатыр. Бұл тапсырманың аудандағы орындалу барысы қалай?
Ернар Есіркепов: – Инвестиция тартуға келетін болсақ, ауданға бекітілген межені артығымен орындап, 170 пайыздық көрсеткішті орындап отырмыз. Енді осы жұмыстарды толығымен тарқатып айтар болсақ, қазір жұмыс істеп жатқан және енді қолға алынып жатқан жобалар бар. Оның өзі 10 миллиард теңге көлемінде қалыптасып отыр. Негізінен, бас-аяғы 14 жобаны жүзеге асыру жоспарымызда бар. «Бұл қандай инвестициялық жобалар?» десеңіздер, оған да тоқталып өтейін. Оның ішіндегі ең негізгісі ретінде Малдыбай ауылындағы құны 45 миллиард теңгені құрайтын кірпіштің 12 түрін шығаратын зауытты айтуға болады. Жоба заманауи әрі халықаралық стандарттарға тұтастай сәйкес келеді. Қазір техниканың дамыған заманы. Яғни, көптеген дамыған елдерде ауыр жұмыстардың барлығы адамның күшімен емес, техниканың күшімен іске асады. Бұл зауытта да солай болады. 2023 жылы заманауи жаңа техникалық қондырғыларды және тиісті рұқсаттарды алу сияқты жұмыстардың өзіне 1 миллиардқа жуық қаражат жұмсалды. Одан бөлек, Мақпал тауының бөктерінен кварцит өндіру жұмыстары бастау алатын болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы көптеген аудан тұрғындары жұмыспен қамтылады. Бұл – бір. Екіншіден, бюджеттік кірісіміздің көлемі де артады. Инвесторлық компаниялар құр пайда тауып қоймайды, олар аудан кірісіне салық та төлейді. Сонымен қатар, осы жобалар арқылы шағын кәсіпкерлікті де дамытсақ деген жоспарымыз бар. Кварцит өндірісіне қатысты биылғы жылдың өзінде инвесторлық компания 1 миллиардтан астам қаражат жұмсап, тиісті техникалары мен қондырғыларын алып, жұмысты бастап кеткен жайлары бар.
Жәнібек Базылбек: – Осы игілікті істің нәтижесінде ауданымызда көптеген жұмыс орындары ашылайын деп отыр екен ғой…
Ернар Есіркепов: – Осы жобаны жүзеге асыру барысында біздің ауданның екі мыңнан астам азаматы жұмыспен қамтылады деп отырмыз. Осыншама адам еңбек еткеннен кейін, олар тамақтану керек. Жататын орны тағы бар дегендей. Ал, бұл дегеніңіз шағын кәсіпкерлікті дамытуға таптырмайтын мүмкіндік емес пе? Жастарымыз жұмыс іздеп сабылып, қала жақты бетке алып жатады. Міне, инвестициялық жобалар арқылы біз осындай жағдайды да реттей де аламыз. Ауданымызда 65 мыңнан астам халық тұратын болса, соның 25 мыңға жуығы еңбекке жарамды адамдар. Ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың саны 1200-ден асып отыр. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа өзім де атап өттім, соның бірі инвестициялық жобалар арқылы жұмыс көздерін ашу болса, екіншісі – «Ауыл аманаты» жобасы. Мысалға, Абай ауылдық округін алайық. Дәл осы жоба аясында бір ғана Абай ауылдық округінің өзінде 300-ден астам түтін бар болатын болса, оның 150-ге жуығы, яғни тең жартысы бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» арқылы мемлекет тарапынан 2,5 пайызбен берілген несие жеңілдігін тиімді пайдаланып, өз істерін бастап, тұрмыстық жағдайларын арттырып отыр. Міне осындай баянды бастамалардың арқасында жұмыссыздықты жоюға бағытталған пәрменді шаралар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, білесіздер, ауданымызда 100 жылдық тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжі бар. Осы колледж басшылығымен біз былтырдан бастап тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізе бастадық. Ол қандай жұмыс дейсіз ғой? Өткен жылы аудандағы 15 ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырма берілді. Әкімдер ол шаруаны да ойдағыдай орындады. Жұмыс берушілер, яғни ол ауыл шаруашылығы саласы болсын, өндіріс саласы болсын, қызмет көрсету саласы болсын, бәрінің басын қосып, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің базасында үш жақты меморандумға қол қойған болатынбыз. Қазір байқайсыз ба, жастардан сұрасаң «жұмыс жоқ» дейді, жұмыс берушілермен әңгімелесе қалсаң, «жұмысшы жоқ» дейді. Әйтеуір, осылай өмір өтіп жатыр. Біз қол қойған меморандумның да мақсаты сол. Оқу оқымаған жас болса, оқытуға да мүмкіндік бар. Құлан агротехникалық жоғары колледжінде 11 мамандық бойынша білім алуға болады. Мемлекеттің тарапынан гранттар бөлінген. Жастарымыз тегін оқиды, ай сайын стипендиясын да алады, сонымен қатар, егерде тұратын тұрғылықты жері жоқ болатын болса, оларға жатақханадан да орын беріледі. Міне, осындай келісті жағдай жасалған. Ал жұмыс берушілердің мақсаты мен міндеті ертең осы азаматтарымыз оқу бітіріп шыққаннан кейін, оларды жұмыспен қамту. Қазақша айтқанда, «алған диплом сандықтың түбінде шаң басып жатпауы» керек. Сәйкесінше, 2023-2024 жылғы оқу жылында аудандағы 42 елді мекеннен 89 бала аталмыш колледжге оқуға түсті. Осы жобаны біз әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Жұмыс берушілер өздеріне міндеттеме алды. Осылайша, оқу бітірген маман жұмысын жасап, материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алып отыр.
Одан бөлек, мемлекеттік түрлі бағдарламалар бар. Осы арада оларды да атап өткеніміз жөн. Айталық, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орны қоғамдық жұмыс» деген секілді мемлекеттік бағдарламалар азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған.
Жәнібек Базылбек: – Біз газетте жұмыс істедік қой. Содан білемін, аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – тұрғын үй. Біз түсінеміз. Алайда қара ормандай қалың елдің көпшілігі түсіне бермейді оны. Тұрғын үйдің мәселесі қалай және қайтсе шешімін таппақ?
Ернар Есіркепов: – Сіз дұрыс айттыңыз. Расыменде тұрғын үй мәселесі аудандағы ең өзекті мәселе. Дегенмен, біз қол қусырып қарап отырған жоқпыз әрине. Оның шешімін аздап болса да реттеп жатырмыз. Былтыр көптен бері орын алмаған тарихи сәттің куәсі болдыңыздар. Яғни, «Арай» тұрғын үй алқабынан салынған 80 пәтерлік 5 қабатты үй тіркелген кезек реттілігімен тұрғындарға қолданысқа берілді. Наурыз мерекесі қарсаңында екінші 80 пәтерді дәл сондай кезек реттілігімен тұрғындарға берсек деп ниеттеніп отырмыз. Одан бөлек, Луговой ауылындағы бұрынғы кеден қызметкерлерінің қызметтік пәтерлеріне сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сол 20 пәтерді әр түрлі мекемелерде еңбек етіп жүрген, арасында ұстаз да, көпбалалы аналар да, кітапхана қызметкерлері де бар, бір сөзбен айтқанда, қарапайым еңбек адамдарына қолданысқа бердік. Жиынтығы 1 жылдың ішінде біз осылайша 180 азаматымызды тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырмыз.
Одан өзге өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасы қолған алынған. Бұл жоба аясында да 1 жылдың өзінде 15-ке жуық үйдің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, әр ауылдық округтегі мұқтаж азаматтарға берілді. Сондай-ақ, ауданымызда «Жан жылуы» деген қоғамдық қайырымдылық ұйымы бар. Оның жетекшісі Жәнібек Жүсіпов деген белсенді азамат. Міне, осы «Жан жылуы» қайырымдылық қорының өзі соңғы 1-2 жылдың ішінде 4-5 тұрғын үй салып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тапсырып үлгерді. Осы қайырымдылық қоры бір үйді тапсырған кезде сол кездегі облыс әкімінің өзі арнайы келіп, кілттерін табыстаған болатын. Жәнібек секілді азаматтарымыз ауданда көп болса екен деген ниет тілегіміз бар. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстардың бәрі алдағы уақытта өз жалғасын таба береді.
– Жалпы, өзімде көп байқаймын, ауыл-аймақтарды жиі аралайсыз. Бекітілген кестеден бөлек, жоспардан тыс арнайы уақыт бөліп, ауылдардың тыныс-тіршілігін қадағалап жүресіз. Сондағы халықтың көңіл-күйінен нені байқайсыз?
Ернар Есіркепов: – Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдама бар. Осы тұжырымдаманың аясында барлық деңгейдегі әкімдер тұрақты түрде ауыл халқымен, яғни, жұртшылықпен кездесуі тиіс. Мәселен, осы бір жылдың ішіндегі статистикалық көрсеткіштер туралы айтатын болсақ, 280-ге жуық азамат менің жеке қабылдауымда болды. Осы азаматтардың өтініштерін, тілектерін барынша орындауға күш салдық. Яғни, 70 пайызының мәселесі толығымен шешілді деп айтуға негіз бар. Мәселен, соның ішіндегі жалпыға ортақ мәселелерді айтатын болсақ, Жалпақсаз ауылындағы теміржол өткелі. Көптің тілеуі ескерусіз қалмайды. Біз оны ауылдың азаматтарымен бірлесе жұмыс атқарып, бюджеттен бір тиын қаражат шығармай іске қосқан болатынбыз. Сол сияқты, қоғамдық көліктер, көшелердің жолын жөндеу, түнгі жарық мәселесі, балалар алаңшасын салу, спорттық алаңшалар, оның бәрі осы халықпен кездесу барысында көтерілген өзекті мәселелер. Әрине айта берсе, бұл жерде атқарылып отырған жұмыстар өте көп. Дегенмен, біздің алдымызда тұрған мақсат одан да жоғары. Алдағы уақытта ауданымыздың тиісті мемлекеттік органдары бар, аудандық мәслихаттың депутаттары бар, қоғамдық кеңесіміз бар, ардагерлер кеңесіміз бар, жалпы, осы белсенді азаматтарымызбен бірлесіп, көптеген шаруаларды жүзеге асыратын боламыз. Бабаларымыздан қалған жақсы сөз бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген. Сайып келгенде, барлығымызға керегі – ауызбіршілік. Бірлік бар жерде әрқашан тірлік бар. Осыны ұмытпасақ болғаны.
Жәнібек Базылбек: – Ернар Серікәліұлы, сұхбатымызды әрмен қарай жалғастыру үшін бір ұсыныс жасағым келіп отыр. Мына шыны бөлменің ішінде отырған себебіміздің де өзіндік мән-мағынасы бар. Шынының ішінде тек қана шындық айтылатын шығар деген ойдамын. Біздің мекеменің құрылғанына 2 ай болса да, қазіргі таңда 60-тан астам өтініштер келіп түсті. Олардың барлығын біздің мамандарымыз зерделеп, саралады. Сіздің «Құлан медиа» ақпараттық орталығына сұхбат беретініңізді естіп, тұрғындар да өздерінің сауалдарын жолдады. Рұқсат етсеңіз, мен сол сауалдарды қоюға тырысайын. Келісесіз бе?
Ернар Есіркепов: – Әрине. Менің сіздердің ақпараттық орталыққа келіп отырғандағы басты мақсатым да осы емес пе?
Жәнібек Базылбек: – Ендеше, алғашқы сауалдан бастайын. Жаңа өз сөзіңізде де айтып өттіңіз. Жалпақсаз ауылындағы теміржол өткелінің ашылу салтанатында менде болғанмын. Шыны керек, сондағы жұрттың ерекше тебіреніп тұрғанын өз көзіммен көрдім. Жұрт қайдан біле қойсын, қырғыз ағайындармен бұл жұмыстардың келісу оңайға соқпағанын. 60 жылдан астам уақыт ашылмай тұрған өткелді ашып, ел игілігіне пайдалануға бердіңіз. Осы жағдайды естіп, Луговой ауылының тұрғындары да бізге сауалдарын жолдады. Ол жақта білесіз, Тәтті – Құлан бағытындағы Луговой теміржол өткелі бар. Бірнеше ауылдың азаматтары сол өткел арқылы өтеді. Шыны керек, ол басты проблемаға да айналды. Сол жерге көпір салуды жұрт өзіңізге де айтқан болуы керек. Осы мәселе алдағы уақытта шешіле ме, шешілмей ме? Осыны айта кетсеңіз?
Ернар Есіркепов: – Жәнібек, сіз бүгінгі таңдағы өзекті мәселені көтеріп отырсыз. Әрине, Луговой ауылындағы теміржол өткеліне көпір салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Айта кеткенім жөн болар, бұл орайда біз тиісті мемлекеттік орган өкілдерін ауданға шақырған болатынбыз. Тіпті, облысымыздың көлік прокуроры Әбілдаев Аслан Әбішұлын арнайы ауданымызға шақырдық. Ол кісімен бірге осы Қазақстан теміржолына қатысты облыстағы барлық мекеменің басшылары да бірге ілесіп келген болатын. Біз сол жиында Луговой ауылындағы теміржолдан алынатын судың, электр жарығы секілді түйткілді мәселелерді тұрғындармен бірлесе отырып талқылаған болатынбыз. Енді өткел туралы айтатын болсақ, «ҚР «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына біз өзіміздің ұсынысымызды жеткіздік. Қазіргі уақытта бұл мәселе қаралуда. Сіздер білесіздер, бұл өткелді салу үшін қыруар қаражат қажет. Сол себептен, бұған нақты жауап келген жоқ. Жер телімдері теміржолға қарасты болғандықтан, біз солардың жауабын күтіп отырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселе де өз шешімін таба жатар.
Дәл осы «Әкім сағаты» айдарында тоқсан сайын өзіңізге сұхбат беріп, осындай көкейтесті сауалдарға үн қатып, ақпарат бөлісіп отырсақ деп отырмын. Облысымыздың көлік прокуроры келген сәтте тұрғындар тарапынан көтерілген тағы 2 өзекті мәселе бүгінгі таңда өз шешімін тауып отырғандығын баса айтқым келеді. Нақтырақ айтсақ, Луговой ауылындағы 2000-ға жуық абономентіміз, яғни электр жүйесін тұтынушы азаматтар сонау 90-шы жылдардағы қиын кезеңде осы теміржолға жалғанған болатын. Осы теміржолға жалғанған 2000 абономенттің тарифі Жамбыл электр желілерін тарату мекемесіне қарағанда әлдеқайда жоғары. Яғни, олар жоғары тарифпен ақша төлеп келген. Мінеки, осы 2000-ға жуық абономенттің 1000-нан астамы келісімге сәйкес, Жамбыл электр желілерін тарату мекемесіне өтіп, солардың тарифінде бекітілген соманы, яғни екі есеге аз мөлшерде төлеп отыр.
Сонымен қатар, ауыз суға келгенде, Луговой ауылында проблема жоқ дей алмаймыз. Жасырып керегі не, кезінде мердігер компания жұмысты сапасыз жүргізді. Соның салдарынан сапасыз жасалған құбыр жүйелері қайта-қайта тесіліп жатады. Бір жерін жамап жатсаң, екінші жағы тесіледі. Екінші жағын жамап жатсаң, үшінші жағы тесіліп жатады. Луговой ауылындағы негізгі көшелердегі су құбырларының жүйелерін реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу үшін Луговой ауылының әкіміне тиісті тапсырма бердім.
Одан бөлек, «Теміржол су» деген мекемеге қатысты мына ақпаратпен бөлісе кетейін. Ол да теміржолға қатысты болғандықтан, көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Біз «Алматы теміржол су» мекемесімен келісімге келіп, жалғыз Луговой ауылы емес, станция Қорағаты, осы Луговой ауылы бар, Малдыбай ауылы және Ақыртөбе ауылындағы су іркуіш имараттарын, яғни «водозабор» деп айтамыз ғой, сол су имараттарын бір тиын бюджеттің қаражатынсыз тегін өзімізге алып отырмыз. Алғаннан кейін қаражат бөлуге, оның жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік пайда болады. Алдағы уақытта бұл мәселені толыққанды шешеміз деп айтқым келеді. Бұл теміржолдың жағасында тұрған жалғыз Луговой ғана емес, жаңағы айтып өткен 4 ауылға да қатысты жайт.
Жәнібек Базылбек: – Ернар Серікәліұлы, теміржол дегеннен шығады, менде мынадай сұрақ туындап отыр. Түрксіб вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе… Сондай-ақ, жолаушылар қатынайтын С.Есімов көшесінің жолы тар. Тұрғындар «Поездан түскен жолаушылардан ұят» деп жатады. Дәл осындай пікірлер бізге де ұсыныс ретінде айтылған. Бұл мәселенің жолын қалай шешуге болады?
Ернар Есіркепов: – Сұрағыңыз өте орынды. Луговой ауылындағы Түрксіб теміржолы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, ауданға келетін, кететін қонақтарымыз бар, сіз рас фактіні келтіріп отырсыз. Поездан түскен сәттен бастап жолдың сиқы сондай болып тұрса, көңіл құлазиды әрине. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келісім бар. Биыл жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстарын бітіргеннен кейін, жөндеу жұмыстарына кірісеміз деп отырмыз. Ал енді С.Есімов көшесіне қатысты сұрағыңызға жауап берейін. Бұл көше Луговой ауылындағы орталық көшелердің бірі деп айтуға болады. Оған арнайы биыл бюджеттен қаражат қойдық. Аталмыш көшеге күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Сонымен қатар, әскери қалашыққа баратын айналма жолды да қарастырып отырмыз. Әрине, ауданда әлі атқарылатын өзекті тұрмыстық мәселелер өте көп. Барлығын бір жылдың ішінде шешіп тастау мүмкін емес. Біз босқа қарап жүрген жоқпыз. Алдағы уақытта барлығын рет-ретімен іске асырамыз деген ойымыз бар.
Жәнібек Базылбек: – Енді қоғамдық көліктерге қарай ойыссақ. Жалпы, пандемияның біраз тірлікке тұсау салғаны рас қой. Ілгеріректе қатынап жүрген қоғамдық көліктер тоқтады. Соның ішінде осы Луговой-Құлан бағыты да бар. Өзіңіздің тікелей бастамаңызбен бұл бағыт қайта іске қосылды. Қазір Луговой-Құлан бағытында автобус қатынап жүр. Ересек жолаушылар – 60, оқушылар – 30 теңге төлейді. Жуырда тағы 2 бағытты іске қостыңыздар. Құлан – Жалпақсаз және Құлан –Көгершін. Қайыңды және Қорағаты ауылдық округінің тұрғындары да сұрақтар жолдап жатады. Осы бағытта қоғамдық көліктер жүре ме? Бұл тарапта да өздеріңіз көздеген жоспар бар шығар?
Ернар Есіркепов: – Жалпы, қоғамдық көлікке қатысты мәселе күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Өзіңізде айтып өттіңіз ғой. Құлан – Луговой бағытында автобус жүріп жатыр. Өзімде мініп, жолаушылардың пікірін білген болатынмын. Ең бастысы, халық риза. Жалпақсаз бен Көгершінге де автобус қатынап жүр. Негізінен, бұл шаруа да оңай емес. Кез келген маршрутты ашу үшін бірінші кезекте мердігер компания табу керек. Ол мердігер компания 1-2 ай «шығынды ақтайды ма, ақтамайды ма» деп зерделейді. Көгершін мен Жалпақсазға жүріп жатқан автобустар пилоттық жоба ретінде жүріп отыр. Ал енді шалғай жатқан Қорағаты және Қайыңды ауылдарына маршурт жүргізу біздің жоспарымызда бар. Бұл менің сайлауалды бағдарламамда да айтылған болатын. Алдағы 2-3 жылдың ішінде шалғай жатқан елді мекендерді қоғамдық көліктермен толық қамтамасыз ету көзделген. Жақын күндері Қорағатыға да әлгіндей пилоттық режимде 2 айға автобус қатынайтын болады. Қайыңды ауылына да дәл солай болады. Бұл аймақта Сөгеті, Мамайқайыңды, Тереңөзек ауылдары да бар. Маршрут Ақыртөбе ауылы арқылы жолаушыларды жинап, қызмет көрсететін болады. Құлан ауылында автобус жүргізіп жатқан мердігер компаниямен келіссөздер жасап жатырмыз.
«Арай» тұрғын үй алқабында жаңа мектеп ашылды. Бұл маңда қосымша жер телімдері беріліп жатыр. Көптеген азаматтарымыз жеке үйлерін өздері салып, сол жерге көшіп барып жатыр. Одан бөлек, көпқабатты үйге барып жатқан азаматтар бар. Оларға да қолайлы жағдай жасау мақсатында біз мына Луговой – Құлан бағытында жүріп жатқан қоғамдық көлікті осы «Арай» алқабына дейін созсақ деген жоспарымыз бар. Автобус жүргеннен кейін өзін ақтамай жатса, субсидия бөліп қарастырылатын болады. Мүмкіндігінше осы автобустарды пайдалану керек. Егерде ол өзін ақтамай жатса, яғни экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп өзінің жұмысын тоқтатуы мүмкін. Сұранысқа сәйкес, қызметі де жүзеге асырылатын болады.
Жәнібек Базылбек: – И. Панфилов көшесіндегі көп пәтерлі үйлердің жайына тоқталсақ. Ол жақта да мәселе бар. Жалпы, құбырлардың ескіруі, шатырының жоқтығы қаншама жиындарда сөз болып жүр. Осыны өзіңіз түсіндіріп өтсеңіз. Алдағы уақытта И. Панфилов көшесіндегі тұрғын үйлерді жөндеу мәселесі қалай іске асады?
Ернар Есіркепов: – Дұрыс айтасыз. И. Панфилов көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлерде 320 пәтер бар. 1200-ге жуық адам тұрады. Сонау 1970-сінші жылдарда салынған бұл үйлерге көптеген жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Оның төменгі жер төлесіне де, шатырына да шығып, өз көзіммен көрдім. Мәселеден хабарым бар. Біз қазір тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз. Айтуға ғана оңай. Дегенмен, оны істеген кезде көптеген қиындықтарға тап болып, әлеуметтік нысандардың құжаттарын таба алмай әбігерге түсіп жатамыз. Оның меншік иесін табу қиын. Оның бәріне жүгіру керек. Қазір біз бұл периодтың бәрінен өттік. Облыстан да, республика тарапынан да қазір қолдау бар. Биылғы жылы 4 көпқабатты үйге 190 миллионға жуық қаражатты бөліп, күрделі жөндеуден өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жылу жүйесіне де қатысты осы саланың мамандарын жинап, ақылдасып, кеңес құрған болатынбыз. Кеңестің нәтижесінен қазіргі отқазандығын да жаңалаймыз деген шешімге келдік. Бюджеттің қаражатынан отқазандығын, жалпы И.Панфиловтағы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын, балалар аллеясын жасау сияқты бүкіл мәселелердің барлығын 1-2 жылдың ішінде толық шешіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасасақ деп отырмыз.
– Жәнібек Базылбек: – Ернар Серікәліұлы, күнде сұхбаттаса бермейміз ғой. Тұрғындар жолдаған тағы бір сұрақты қояйын өзіңізге. Қазір қай ауылға барсаңыз да, қаңғыбас иттер қаптап жүр. Әсіресе, Луговой, Құлан және Каменка ауылдарынан осы мәселеге қатысты сауалдар келіп жатады біздің медиа орталыққа. Шыны керек, күрмеуі қиын мәселе. Оны біз де түсінеміз. Қайтпек керек?
Ернар Есіркепов: – Биылғы жылдың 2 айындағы статистикалық ақпаратқа жүгініп айтатын болсақ, 1500-ге жуық иттерге тиісті утилизациялау стерилизациялау жұмыстары жүргізілді. Шыны керек, көшеде жүрген иттер тұрғындардың өздерінің байлаусыз жүрген иттері. Барлық ауылдық округтерге менің тапсырмаммен итті ұстайтын қондырғыларды қойып қойғанбыз. Иттерді аулап, стерилизациялауға алып кетер кезде иелері табыла қалады. Кешірім сұрап, алып кетіп жатады. Мектепке балалармен ілесіп келеді. Ол азаматтардың көзіне иесіз жүрген сияқты болып көрінеді. Көшеде жүрген иттердің 90-100 пайызы тұрғындардың өзінікі. Зайырлы құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, шүкір. Аудан тұрғындарына айтар бір ғана өтінішіміз сол, балаларға зияны тиіп кетпес үшін иттеріңізді байлап ұстасаңыздар екен. Оларды ұстайтын питомниктер салу бойынша да бюджеттен қаражат бөлуді жоспарлап қойдық. Жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.
Жәнібек Базылбек: – Тағы да бір қажеттіліктердің бірі – ауыз су. Өзіңіздің қасыңызда жүргеннен кейін біраз нәрсені білеміз. Дегенмен, аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылының өзінде жаздыгүні қысым азайып, тұрғындар ауыз судың тапшылығын көріп жатады. Осы кемшіліктерді жою бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
Ернар Есіркепов: – Ел Президентінің 2025 жылға дейін барлық елді мекендерді толық 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бар. Бұл тапсырма біздің ауданда жүйелі түрде жүзеге асырылып отыр деуге толық негіз бар. Мәселен, соңғы 1 жылдың ішінде біз 5 бірдей ауылға ауыз су, яғни орталықтандырылған ауыз су жүйесін жүргіздік. Саусақпен санап айтып беруге де болады. Олар: Сәлімбай, Жаңатұрмыс, Қазақ, Әбілқайыр, Сұмқайты елді мекендері. Сол сияқты, ауданымыздың орталығы әрі халық көп шоғырланған Құлан ауылы болғандықтан, ауыз суға қатысты мұнда да проблема кездесетін. Құлан ауылында бір ғана су іркуіш имараты орналасқан. Ал оның қуаттылығы 20 мыңға жуық тұрғыны бар Құланға аздық етеді. Сондықтан әкім болып келген күннен бастап, барлық құзырлы органдармен бірлесе жұмыс атқарып, осы мәселені шешуге тырыстық. Нәтижесінде республикалық бюджеттен былтырғы жылдың соңында 630 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазір «Арай» тұрғын үй алқабында екінші су іркуіш имаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құдай сәтін салса, осы жылдың 1 шілдесіне дейін толық бітіріп, қолданысқа береміз деп отырмыз. Ол қолданысқа енгізілгеннен кейін Құлан ауылындағы су тапшылығы түбегейлі жойылады деп үлкен сеніммен айта аламын. Биыл да 3 бірдей елді мекенге республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Көптен күткен таза ауыз суды осы жолы Сөгеті, Мамайқайыңды, Шөңгер ауылдарының тұрғындары пайдаланатын болады. Ауданымыздағы 42 елді мекеннің 35-і, яғни халық саны 1000-нан кем емес ауылдар. Ал 7 елді мекен, яғни Қосапан, Әбілқайыр, Сұмқайты, Мамыртөбе, Аққайнар деген сияқты кішігірім ауылдардың халық саны 200-ге жетпейді. Қазір станция Қорағаты мен Сұмқайты ауылдарына да газ кіргізу жұмыстарын қолға алып жатырмыз. «Шәушен» шаруа қожалығы бізге демеуші ретінде ұсыныс білдіріп, өз қаражаты есебінен Сұмқайты елді мекеніне газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөліп отыр. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленгеннен кейін республикалық бюджеттен не болмаса мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы қолдау тауып жаста, аталмыш елді мекенге газ тарту жұмыстарын жүргізетін боламыз. Жәнібек, сіз Шолаққайыңды деген ауылды жақсы білесіз. Сол Шолаққайыңды ауылына газ тарту жұмыстары 2027 жылы жүзеге асырылуы керек болатын. Біз жоспарға қарап отырған жоқпыз. Шапқылап жүріп, оның да ретін таптық. Былтыр аталмыш ауылға газ келді. Әрине бір мезетте, бір уақытта қордаланған мәселелердің бәрін шешіп тастау мүмкін емес. Қайталап айтамын, барлығы рет-ретімен іске асырылады.
– Жәнібек Базылбек: – Ернар Серікәліұлы тұрғындар тарапынан көп сұрақтар келді. Оның ішінде өтініштер де бар. Мен соның бірді-екілісін өзіңізге жеткізейін. Мәселен, Төлен есімді бір ағамыз «Кезінде теміржол вагондары іске қосылған болатын. Әр бекетке тоқтап, облыс орталығына барушы едік» дейді. Одан кейін Луговой ауылындағы Құрымбаев көшесінен де бізге сауал келді. Олар көше жарығы, жол мүлдем жоқ екенін айтты. Өзіңіздің тарапыңыздан бұл ұсынастар ескеріледі деген ниеттеміз…
Ернар Есіркепов: – Айтылып өткен мәселелерге тоқталып өтейін. Сіз айтып отырған 2-3 вагон тіркеп алып жүретін «Спутник» деген поездар ғой. Бұл мәселе «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншісіндегі дүние. Студент кезімізде өзімізде мінгенбіз. Сондықтан бұл мәселені «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясындағы лауазымды тұлғаларға жеткізіп көрейін. Сол азаматтардың тиісті жауабын алғаннан кейін сіздерге жауабын беретін боламыз. Әрине, көптеген елді мекендерде жаңадан салынған бұрылыстар, қиылыстар болады. Жол, су, түнгі жарық бармай қалған жерлер бар. Біз оны мойындаймыз. Дегенмен, олар кезегімен жүзеге асырылатын болады. Тұрақты түрде тұрғындармен кездесіп жүрміз. Жақын күндері Луговой ауылының тұрғындарымен кездесуге барамын. Құрымбаев көшесінің нақты мекенжайы бар болатын болса, өзіңізбен бірге барып болмаса сол ауылдың әкімімен бірге барып, көзімізбен көріп, шешу мәселесін пысықтайтын боламыз.
– Ернар Серікәліұлы тағыда айта кетуге тиіспін, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан, бізге келісіміңізді беріп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Ел алдындағы абыройыңыз арта берсін. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Жәнібек Базылбек.