Сотқа дейінгі татуластыру рәсімі
2022 жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, сотқа дейінгі хаттама ұғымы пайда болды. Азаматтық процестік кодексінің 150-бабының талаптарына сәйкес, судья талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді. Татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Сотқа дейінгі хаттама осы Кодекстің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес жасалған жағдайда талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Татуласу рәсімдерін талап қоюды қабылдаған кезде судья осы Кодекстің 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүргізеді. Талап қоюды бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдап, судья сот ісін жүргізу тілін көрсетумен бірге азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
Егер тараптар 10 жұмыс күні ішінде сотқа дейінгі хаттама жасамай, татуластыру рәсімдері арқылы келісімді бекіту бойынша өтініш жасаса, азаматтық іс қозғау, сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарады.
Тараптар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып татуласқан жағдайда, судья келісім шарттарының заңға сәйкестігін және алдын ала сот отырысында үшінші тұлғалардың құқықтары бұзылмауын тексеріп, оны бекіту, іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
Тараптар келмеген жағдайда немесе татуластыру рәсіміне қатысудан бас тартса, татуластыру рәсімінің сәтсіздігін анықтамалық парақта көрсете отырып, қайта бөлу үшін 10 жұмыс күні өткенге дейін талап қоюды сот кеңсесіне береді.
Он бес жұмыс күнінің ішінде сотқа дейінгі хаттама жасалып, тараптар ондағы талаптарды орындамай, татуласу рәсімі нәтижесіз болса, судья талап қоюды сот кеңсесіне қайта бөлу үшін өткізу керек. Бұл – қоғамдағы татуласу тетіктерін дамытуға бағытталған қадамның бiрі.
Татуластырушы судьяның қарауына тек қана талап қою іс жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюлар берілуі тиіс. Татуластырушы судья сот өндірісіне берілетін талап қоюларды мұқият тексеріп, соттың қарауына жатпайтын талап қоюларды уақытында қайтарып немесе қабылдаудан бас тартуы тиіс.
Татуластырушы судьяның басты мақсаты – тараптардың арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу, тараптардың татуласуына шаралар қабылдау, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдесу болып табылады.
Л.Байтленова,
аудандық соттың судьясы.
Шетелдік Қазақстан Республикасының шегінен шығарылды
Тұрар Рысқұлов аудандық сотымен Тәжікстан Республикасының азаматы Н.-ға қатысты Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу фактісі бойынша әкімшілік іс қаралды (ӘҚБтК-нің 517-б. 4-б.).
2024 жылдың қаңтар айында 55 Көкшектау-Қызылорда жолаушылар пойызында Түрксіб станциясының желілік полиция бөлім қызметкерлерімен Тәжікстан Республикасының азаматы ұсталған.
Ол Қазақстан Республикасының аумағына 22 наурыз 2023 жылы келген. Алайда, ол заңда белгіленген мерзім өткеннен кейін он күннен асатын мерзімге кетуден жалтарған. Осылайша, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған.
Сотта шетел азаматы өз кінәсін мойындап, айыппұлды төлей алмайтындықтан және Қазақстан Республикасында туыстары жоқ болуына байланысты соттан оны Республикадан шығаруды сұрады.
Сот қаулысымен Тәжікстан Республикасының азаматы ӘҚБтК-нің 517-б. 4-б. бойынша кінәлі деп танылып, ол Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарылды.
«Құлан таңы» ақпарат.