144 Views
2018 жылы елімізде қызылша ауруымен 576 адам ауырса, биылғы жылдың өзінде 17 қаңтарға дейін 594 адам ауырды.
Қызылшаның өршіп тұрғаны туралы ақпарат былтырғы жылдың соңында пайда болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл 17 қаңтарға дейін 594 адам ауырған. Ауру Астанада асқынып тұр (200 адам тіркелген). Одан кейін Алматы, Түркістан, Ақмола және Атырау облыстарында да ауырғандар саны артқан. Олардың арасында бір жасқа дейінгі балалар көп. Ақмола облысында 7 дәрігер емделушілерден жұқтырып алған деген күдік бар.
Қызылша – қандай ауру?
Инфекциялық жұқпалы ауру. Көбіне балаларда кездеседі. Кейбір кезде соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Ауруға қарсы екпе алмаған адам оны жұқтырып алуы әбден мүмкін.
Негізгі белгілері:
– әлсіздік;
– дене қызуының көтерілуі;
– бас ауруы;
– ұйқысыздық;
– тамаққа тәбеті болмау;
– мұрын бітеліп, құрғақ жөтел болуы мүмкін.
Ауру қалай жұғады?
Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен сыртқы ортаға тарайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Кезінде қызылшамен ауырған әйелден туған бала 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды. Өйткені, оның бойында анасынан берілген аурудан қорғайтын қарсы денелер (антитела) уақытша сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда кез келген жаста, тіпті өмір бойы бұл ауруға шалдығу қаупі сақталады.
Диагностикасы
Егер аурудың белгілері байқалса, сау адамдарға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барып, зертханалық сынамаларын алғаннан кейін диагнозды инфекционист-дәрігерлер қояды. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Дәрігердің жолдамасымен тағы да қажетті анализдерді тапсыруы ықтимал. Дәрігерлер аурумен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін 21 күн бойына тексереді.
Аурудың салдары
Вирустың алдын алмаса пневмония, энцефалит ауруларына шалдығу қаупі бар. Сол үшін дер кезінде дәрігерге жүгіну керек. Көбіне қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады, көз ауруы барларда соқырлыққа дейін асқыну қаупі болуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиісті.
Қызылшаны қалай емдейді?
Арнайы емдеу тәсілі жоқ. Ауру жұқтырған науқастарға төсекте жату, сұйықтықты көп ішуге кеңес беріледі. Қызу түсіретін, мұрын бітелуіне және тамақ ауруына қарсы дәрілер мен витаминдер тағайындалады. Ауруы асқынғандар ауруханаға жатқызылады.
Ауырмас үшін не істеу керек?
Ең тиімді әдісі – екпе алу. Екпе бала бір жасқа толғаннан кейін үш айдың ішінде, одан соң алты жасында тағы салынады. Дәрігерлер екпе алмағандарға емханадан оны тегін салдыруға болатынын ескертеді.
Алдын алу шарасы ретінде бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасау ұсынылады. Науқас адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармауға кеңес беріледі. Халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүру көмектеседі.
Аурудың өршу қаупі немен байланысты?
2005 жылы елімізде осы аурумен 16 119 адам ауырды. 2009 жылы керісінше ешбір дерек тіркелген жоқ. Дәрігерлер аурудың асқынуын 1990 жылдардың басындағы екпе тапшылығымен байланыстырады. Сол кездері туылған қыздар ауруға қарсы мүлдем екпе алмаған. Кейін ана болғасын олардың нәрестелерінің қызылшаға қарсы тұратын иммунитеті де болған жоқ. Сол кездегі ауырған адамдардың 70 пайызы солардың емізулі балалары болатын.
1990 жылдардың ортасында екпе тапшылығы жойылды. Алайда ара тұра аурудың асқынуы кездесіп отыр. Дәрігерлер жағдайды ірі қалаларға жұмыс істеуге, оқуға, демалуға барған адамдардың, оның ішінде қызылша ауруын жұқтырғандардың көптеп келуімен байланыстырады.
Informburo.kz.
Поделиться ссылкой: