Биыл Кеңес әскерлерінің ауғанстаннан шығарылғанына — 35 жыл

330 Views

Алғыр Әлихан

Ауған соғысының ардагері, осы күні Қонаев ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып еңбек ететін Әміреев Әлихан Зыйнылкерімұлымен «Құлан таңына» жұмысқа орналасқалы бері таныспыз. 8 жылға жуықтады білем, әлі күнге дейін сәлеміміз түзу. Сондай кішіпейіл азамат қой Әлекең. Ол да сол кездегі тәртіп бойынша 1986 жылы Луговой аудандық комиссариатынан әскерге аттанған азаматтың бірі еді. Алғашында 6 ай мерзім Отарда механик-жүргізушісі болды. Сосын Ауғаннан бір-ақ шықты.
– Бала күнімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне таңданыспен қараушы едік. «Сондай кескілескен шайқастан қалай тірі қалған деп?..». Кейін сол өзіміздің де бастан өтті ғой, Маратжан. Ауғанстанның Кандагар, Гильменд провинциясы Пашкаргах елді мекенінде көп жүрдік. Былайша айтқанда, «оқ пен оттың ортасы» ғой. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дейтін бе еді үлкендер. Көрер жарығымыз бар екен. Сол жерден аман оралып, өзіңмен сұхбаттасып отырған жайымыз бар, мінеки – дейді Әлихан Зыйнылкерімұлы.
Әлекең оқыған азамат жалпы. Ол Ақтоған орта мектебінің түлегі. Сосын Жамбыл мәдени ағарту мәдениет училищесін, Тараз өңірлік университетін мәдениет, тынығу жұмыстары мамандығы бойынша бітірген. Қызметін жаздық, әу баста. Кейіпкеріміз газет-журналдарыңызды қалт жібермей оқиды. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі – 32 жыл. Менің сөз басында жазғаным да сол ғой, қай іс-шараға барсақ болды, Әлекең жүреді әйтеуір. «Соғыс» көрген азамат қой жалпы. Кеудесінде медальдың түр-түрі бар. Ең бастысы, тәртіптің, еңбектің, істің қадірін біледі. Міне, жастарға үлгі боларлық нағыз азамат.
Әлихан Зыйнылкерімұлының 1 ұл, 1 қызы бар. Қазір нота білмейтіндер қызметке орныға беретін заман болды ғой. Бір аспапта ойнай алмайтындар музыкадан дәріс беріп жүр дегендей. Әлекең домбыраны да шертеді, баянды да тартады, пианиноны да жақсы меңгерген. Ол әскери әндерді тамылжыта айтқанда, тұла-бойың дірілдеп кетеді. Жүрекпен түсінеді және жүрекке жеткізе біледі.
Әлихан Зыйнылкерімұлының өмірлік кредосы да адамды таң қалдырады.
«Бірінші – кітапты түсініп оқуға;
Екінші – адамгершілікті сақтауға;
Үшінші – Отанға адалдыққа;
Төртінші – әділдікке». «Сенсең сол, өзімді және ұл-қызымды осы қасиеттерге баулыдым. Осы төрт қасиет менің әу бастағы өмірлік принципім. Бүгінгі жасөспірімдер мен жасыңызға осы қасиет жетіспей жатыр. Содан кейін түрлі шалағайлықтар істейді. Адам әуелі өзін қалыптастыру керек. Сосын барып, өзгеге ақыл айтқаны дұрыс. Ел аман, жұрт тыныш болсын ең бастысы», – дейді Ауған соғысының ардагері.

Марат Диханбай.

Ауған соғысы– қасірет соғысы

Олар бар болғаны он сегіз-он тоғызда еді. Олар да өмір сүргісі келді. Тағдыр оларды жып-жылы ұясынан шығарып алып, сұп-суық соғыстың ортасынан бір-ақ шығарды. Иә, бұл жолдардың барлығы Ауған соғысына қатысты.
Соғыс тақырыбы негізінен көп адамға қызықсыз тақырыптардың бірі. Мойындайықшы, теледидардың өзінен кешегі соғыс жайлы фильмдер, хабарлар көрсетіліп жатса, оны қарауға зауқымыз жоқ. «Соғыс» деген сөз жер бетінен жойылып кетсе екен деп армандайтындар да жетерлік.
Соғыс туралы, нақты айтқанда Ауған соғысы жайлы жазарда, алдымен, сол кездегі қантөгіс соғысқа бір сәт енуі керек деп ойлаймын. Жүгіріп ойнап, велосипед теуіп жүрген, ананың сүті таңдайынан кеппеген қыршын кеткен жастардың қайғысын, азабын жүрекпен бір сәт сезіну қажет секілді… Соғысқа тоқталсақ…
Бұл соғыс Кеңес Одағының әлем алпауыттарының бірі ретінде саясат деп аталатын ойынына араласқыш пейілінен туған. Сол пейілдің нәтижесінде өрімдей жастардың өмірі қиылып, қаншамасы жарақат алып, ата-аналары шексіз қайғы-қасірет шекті. Әрине, оларды ешбір ананың, я болмаса баланың көз жасы тоқтатпады. Саясаттың құрығынан құтыла алмаған қаншама адамның тағдыры ойыншық болды. Қанның текке төгілгені, қайтарып ала алмайтын қайран уақыт пен жастық шақты айтсаңшы!..
10 жылға созылған соғыстан аман қалғандардың күн өткен сайын қатары сиреп келеді. Оларға «Халық қаһарманы» тәрізді жоғары дәрежедегі марапаттар берілуі керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, жап-жас шақтарында солақай соқыр саясаттың әсерінен мерт болған олардың еш жазығы жоқ. Керісінше, олар кезіндегі Алпамыс, Қобыланды, одан бергі Махамбеттер секілді бабалар рухын паш етті.
Қазіргі уақытта біраз адамды ойландыратын сұрақ, сол жағдай қайталанса, суырылып шығар адам бар ма? Жауап беріп көрейік…
Біз – аруақты батыр бабалардың ұрпағымыз. Батырлық қанымызға сіңген. Қасқырдың жүрегіне жерік болған кең құрсақты аналарымыз аман болса, еңіреп тұрып елді қорғайтын ерлер туады. Соған сенеміз. Болашағымыз жарқын болсын!

Гүлнұр Аманжол.

Поделиться ссылкой: