Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Елдің есінде қалған зобалаңдар мен зұлмат жылдарды тарихтан ешкім де өшіре алмайтыны бесенеден белгілі екені баршаға мәлім. Сонау Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қырқыншы жылдардың басында, майдан даласында соғыс қимылдары қыза түскеніне қарамастан, көптеген жазықсыз жандарды қынадай қырған саяси қуғын-сүргіннің бет қаратпас жоспары бойынша кең көлемде репрессия да қатар жүріп жатты. Осы Сталин режимі кезінде Қазақстанға Кавказдан 500 мыңнан астам адам, сондай-ақ, орталық өңірден 100 мыңнан астам поляк, Волга бойынан 800 мыңдай неміс, шығыстан 20 мыңдай кәріс отбасылары жер аударылып келді. Саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріндегі 11 арнаулы лагерьлерде мыңдаған тұтқындар болды. Тұтқыннан босағандардың көпшілігі Қазақстанда тұрақтап қалды. Қазақстанға Ұлы Отан соғысы кезінде 350 мың адам эвакуацияланды. 1950-1956 жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді. 1960 жылдардың бас кезінде халқымыз мыңдаған дүнгендерге пана болып, бауырына басты. Одан бұрын қазақтың шұрайлы жерлеріне патша өкіметі Ресейден, Украинадан және Беларуссиядан бір миллионнан астам шаруалар қоныстанды. 1930 жылдары конфискеленген мыңдаған шаруалар жер аударылып келді. Өнеркәсіп құрылыстарына 1 миллионнан астам адам келді. Сөйтіп Қазақстанда қолдан жасалған көп этносты халық қалыптасты. Әрине, қазақ жеріне өз еркінен тыс келген бұл адамдардың ешқандай кінәсі жоқ. Иә, сонымен жоғарыда аталған кезеңдерінде тарих тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп, қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі мекен болып, алтын бесікке айналды. 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. ҚХА өзінің құрылған кезінен бастап, еліміздегі 100-ден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым ретінде тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды рөл атқарды.
Елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. 1 наурыз – Алғыс айту күні біздің елімізде 2016 жылдан бері аталып келеді. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақ халқына деген құрметтің орнығуына негіз болған еліміздің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні.
Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Еліміздегі Алғыс айту күні үйлесім мен өзара түсіністік орнатқан, бірлік пен ынтымаққа негізделген мемлекеттік саясаттың көрінісі. Алғыс айту арқылы адамдар арасындағы түсіністіктің, сыйластықтың жаңа қыры ашылды. Өткен ғасырда солақай саясаттың құрбаны болып, депортацияға ұшыраған түрлі этнос өкілдері бір үзім нанды бөлісіп жеп, үйлеріне паналата білген дархан көңіл, қонақжай қазақ халқына ризашылық білдіріп, риясыз көңілдерін білдіруде. Біздің ауданымыздың да жергілікті тұрғындары сонау 1940-шы жылдары қиын-қыстау кезеңде өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатса да, өзге ұлт өкілдерін өз үйлеріне құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгінгі күні олар «біз қазаққа бауыр басып кеттік» деп елдегі татулығымызға ризашылығын білдіруде. Өте орынды. Бұл елдегі татулық пен бірліктің көрінісі. Алғыс айту күні – адамдарды мейірімділік пен қайырымдылыққа баулиды. Еліміздің түкпір-түкпірінде қайырымдылық, жақсылық жасап жарысып жатқан азаматтарымыз күн сайын көбейіп келеді. Ауданымызда да жаны жомарт азаматтар баршылық. Оларға алғысымыз шексіз.
Әр азамат ата-анасына, ағайын-туыс бауырларына, көршілеріне, барша жақындарына алғыстарын білдіріп тұрса, адамдардың бір-біріне сыйластығы арта түсетіні анық. Біз, аудан тұрғындары, ел денсаулығының күзетшілері болып отырған ауданымыздың денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлеріне, әрбір отбасының болашағы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған ауданымыздың барша ұстаздар қауымына, аудан аумағында елі үшін жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары мен төтенше жағдай қызметкерлеріне, ел дәулетін еселеп, байлығымызды ұлғайтып еңбектеніп жүрген егінші-диқандарымыз бен малшылар қауымына зор алғыс айтамыз.
Достық пен мейірім мерекесі Алғыс айту күні барлықтарыңызға құтты болсын! Әрқайсысыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен береке орнап, шаңырақтарыңызға шаттық ұяласын.
Серік Өтегенов,
Т.Рысқұлов аудандық билер кеңесінің төрағасы.