Құтты мекен – Көкдөненім

198 Views

Жалпы азаматтың ісі, артында қалдырған сонарлы ізі – көп жылғы ісі мен тәжірибесінің көрінісі мәуелі жемістей еліне сіңірген еңбегімен өлшенеді екен. Сондықтан менің өмір жолымдағы алғашқы өндірістік жұмысты бастауым кіндік қаным тамған, құтты мекенім – «Ленин» атындағы колхоз Калинин ауылы болған(қазіргі атауы Көкдөнен ауылы). 1972 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың «Еңбек Қызыл Ту» орденді ауылшаруашылық институтын тәмамдап, ғалым-агроном деген мамандықты игеріп, осы жылдың тамызында туған жерде өндірістік жұмыс майданын бастап, еңбекке қызу араласып кеттік. Ол уақыт Одақ кезі, яғни коммунистік партияның дәурені жүріп тұрған темірдей тәртіптің мезгілі болатын. Ол кезде мен 21 жаста болдым.
1972 жылы жоғары оқу орнын бітірген ауыл жастары Үтділда Тойғанбеков, Жылқыбай Арпабеков, Өзбек Әбдіқайымов, Мұхамбетберді Шахаров, Ерғазы Шарипханов барлығымызда Көкдөнен ауылының жастарымыз. Бірақ мамандығымыз әр саладан болды. Өкінішке орай, өмірдің ағысы қатты асау өзені ортамыздан Жылқыбай мен Өзбекті 40 жастан енді асқан кезінде алып кетті. Ал, Мұхамбетберді досымыз өмірде көптеген шаруаларды тындырып, мемлекеттік маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Европа күре тамырлы жолын салуда өлшеусіз үлесі бар. Ол кісі немерені үйлендіріп, шөбере сүйіп, дүрілдетіп той өткізіп құда құрметін қабылдап, ұрпақтарына батасын беріп өмірден озып кетті. Алла олардың алдынан жарылқасын.Артындағы ұрпақтары аман болсын. Бұл достарымыздың ерен еңбектері мен ел дәстүріне лайық өресі биік ғибратты өмір сүрген уақыттары мен жарқын бейнелері жадымызда мәңгі сақталады. Дегенмен, Жылқыбай, Өзбек, Мұхам­бетберді достардың өмірлері қысқа болса да, өмірде қалдырған іздері мен қолтаңбалары бірге оқыған, бірге есейіп жұмыс атқарған жандардың жадында мәңгі сақталуда. Әрбірінің өмірде өзіндік орны бар тұлғалар болғаны ақиқат.
Біздер жоғары оқу орнын аяқтап, 1972 жылдың тамыз айында ауылға келгенімізде, сол жылдың мамыр айын­да ұжымшардың басқарма төраға­лығына Бектенбай Қойшыманов ағамыз сайланыпты. Шаруашылық жұмыстарын іскер ұйымдастырушы, білгір басшы өмірлік тәжірибесі мол болғандықтан елмен, жермен танысып біршама тың мәселелерді жоспарлап, қолға алып іс жүзіне асыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
Жоғарыдағы аталған 5 азамат және мені жоғары білімді ауыл жастары деп бірден жаңашыл жаңа басшы ұжымшарға мүшелікке қабылдап, бәрімізге жауапты жұмыстар табыстады. Алғашқы жылы мен колхоздың әр түрлі салаларында жұмыстар атқарып машықтану кезеңінен өттім. 1973 жаңа жылдан бастап мені Калинин бөлімшесі бойынша қант қызылшасының агроном-есепшісі мамандығына бекітті. Бөлімшедегі қант қызылшасының көлемі 250 га жерді қамтиды. Барлығы 120 колхозшылар еңбек ететін ауқымды өндіріс бригадасы болды. Дала қосы орнатылды, барлық жұмысшыларға түскі ыстық ас тегін берілді. Сол кездегі талап бойынша қант қызылшасы өте жауапты дақыл болып саналады. Себебі ауданнан, облыстан арнайы комиссия тұрақты тексеріп отыратын. Түнгі суды тиімді пайдалану да қатаң бақылауда болды. Сондықтан оны өсіру мен өндіру ауылшаруашылық тауар өндірісіндегі ең жауапты дақыл екенін уақыт өте түсіне бастадым. Басқарма төрағасы жауапты өндіріске мені басшы етіп тағайындады және оны түсіністікпен қабылдадым. Сол кездегі жүріп тұру көлігіміз (служебный) жұмысшы аты еді. Ал, Калинин бөлімшесінің қант қызылшасы орналасқан плантациялар ауылдан 5-8 шақырым қашықтықта болды. Сол үшін қызылшашыларды тасымалдауға 2 автокөлік менің қарауымда жұмыс атқарды. Маған бір жақсы жорға атты Шөңгербай деген аға шопан Мәмбеталы ағайдан (ферма меңгерушісі еді) беріп жіберіпті. Басшының тапсыруы бойынша арнайы таудан әкеліп мінгізді. Сол кездегі көңіл-күйімді ойласам, бүгінгі жастар сенбеуі де мүмкін. Жорға атқа ер-тұрмандарды салып мінгенімде «Волга» мәшинесіне мінгендей көңілім тасып, қуаныш сезімінде болдым. Себебі бұған дейін жас тайлар мініп жүрген едім. Ол жарықтықтар жүріп келе жатып сүріне беретін және жүрістері де шамалы еді. Сол сәттегі басшылықтың қамқорлығы мен пікірлерін кейіндері түсініп жүрмін. Себебі жүктелген жұмыстың жауаптылығына сәйкес жас маманды қолдауы мен ынталандыру шарасы деп қабылдадым.
Осылай өндірістегі алғашқы қадам­дарымыз басталып уақытпен санас­пай, күндіз-түні аянбай адал еңбек еттік. Талап та солай болды. Себебі, Басқарма төрағасы Бектенбай ағамыз ауылшаруашылығын жетік білетін шебер ұйымдастырушы, өтірікті жаны сүймейтін, еңбекқор талапшыл адам еді.
Есею кезіміздегі қоғамның темірдей тәртібі солай болды ма, әлде тәлім-тәрбие мақсаты жүйелі жүргізілді ме? Біздер болашақ арман-мүдделерімізді бағындыру үшін алға қол созып, дәрежемізді өсіру бағытында армандап еңбек еттік. Ал дүние жинау, мемлекет мүлкіне қол салу ойымызға кірмек түгілі санамызға да келмепті. Қалай болғанда да халықтың көз жасына, қарғысына қалмауды ойлап өстік. Ертеңгі күннің бүгіннен де жақсы бола­тынына халықты сендіруге тырыстық. Біздің бар еңбегіміз – сол сенімді халықтың жүрегіне ұялату ғана болды. Өзіміз бастаған игілікті істерді аяғына дейін жеткізуге тартынбай еңбек еттік.
Сондықтан біздер жүріп өткен өмір жолымыздың уақытпен санаспай, адал еңбектің тазалығы мен халыққа еңбек ету жолында атқарған ісімізге Құдайдың өзі төреші болады. Ал осы өмір естелігін жазуыма себепші болып отырған досым, 1951 жылы өмір есігін қатар ашқан Үтділда Тойғанбеков 14 наурыз күні 73 жастың ернеуіне ен тағып, мүшелі жасқа енеді. Қуанышты күніне орай, ол кісінің өмір өткелдерін айшықтап дәріптейтін жеке шығармашылық кітабына байғазы тұрғысында ұсынып, «Өтті дәурен осылай – Үтеке» деп естелік қолтаңбамды қалдыруды парызым деп есептедім. Сол себепті қолыма қаламсапты алып өмір жолдарымызға бұрылып қарап ойлап отырсам, екеуміздің өмірлік белестеріміз ұқсас қалыптасып келеді. Біздер жүріп өткен дара жолдарымызды «Рухани жаңғыру – ұрпақтар сабақтастығы» дәуіріндегі өскелең ұрпақтарға тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге тұрғысынан көрсетуді жөн санадым.
«Құтты мекен – Көкдөненім» деп естелік бастауымның негізі бәрі­мізде ауылдың киелі топырағынан жара­тылып, кіндік қанымыз тамған мысыр шахарымыз, ол – Көкдөнен ауылы. Осы ауылда жарықтық аналарымыз тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп 1951- ші жылы «Қоян» жылында өмір есігін айқара ашып, бақытты балалық бал дәуренмен қоса әлемнің жарығын сыйлаған ардақты аналарымыздың аруақтарына бас иіп, тағзым етеміз. Алла олардың иманын саламат етіп, алды пейіш – арты кеніш болсын деймін. Ал, «Әкем менің – дәулетім, Анам менің – жәннатым» деген сөздің құдіреті өмірден озған ата- аналарымызға деген құрметтің биіктігін көрсетке керек.
1951 жылы біздер өмірге келіп, тай-құлындай шапқылап, шыбықтан ат жасап мініп ауылдың киелі топырағына аунап, иісі жұпар аңқыған ауасымен сусын­дап тау баласы тауға қарап өсе­тіндіктен Алатауды бетке ұстап есейіп, Калинин орта мектебінде бі­лім алып, кәмелеттік жасқа жеткен достар Үтділда Тойғанбеков, Керімбай Теметаев, Бұхар Ауенов (марқұм), Қыдыралы Қойтаев (марқұм), Болысбек Тайлықов, Несіпбек Ұзақбаев, Жанайбек Дүйсенбеков. Әрине, тағдырға қалай болса­ да көнеді екенсің. Өкінішке орай, ортамыздан қимас достарымыз Бұхар мен Қыдыралы өмірден озып кетті. Екеуініңде өзіндік орны бар. Халқы құрметтеген елін, жерін сүйген азаматтар еді. Артында сүйікті жарлары мен алтын асықтай ұрпақтары қалды. Сондықтан Бұхар мен Қыдыралы достарымызды мәңгі есте сақтау үшін және 1951 жылы өмірге келген барлық достар ақылдаса келіп туған жер төрінен әрбіріміздің артымыздан мәңгілік естелікпен із қалдыру мақсатында Көкдөнен ауылының орталық алаңынан «Достар» аллеясын жасауға келісіп, 40 түптен асық қылқан жапырақты шырша талын отырғызып, алаңға брусчатка төсеп ортасына үлкен бүркіттің көрі­нісін тас үстіне қондырып, айбынды көрініс бергіздік. Бүркітті қондырудағы ойымыз 1951 жылғы өмірге келген достардың әрбірінің табиғи келбеті мен өмір кеңістігіндегі самғауларының биіктігін бағалап, қанаттары қатайып, өмір айдынындағы болашақ армандарды бағындырудағы жеткен жетістіктері «Бүр­кіт» мінездес қайсарлықтарын сипаттау және өмірдегі «Тар жол – тайғақ кешу» белестеріндегі биіктерді бағындыру дәрежелерін айшықтау, өздері бастаған игілікті істерді аяғына жеткізіп, өмірдің ақ толқындарымен бетпе-бет арпалыста жүріп, жеңіске жетуде қайтпастық танытқан тұлғалар екендерін ажарландыру мақсатында «Бүркітті» символ есебінде орналас­тыр­дық.

Рахман-әлі Абдикадиров,
Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, «Құлан-Дән» кредиттік серіктестігінің Құрметті Басқарма Төрағасы, Одақтың «Құрмет белгісі», Егеменді Қазақстанның «Құрмет» Ордендерінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері.

Поделиться ссылкой: