Сталиннің солдаты Майдангер Спан Рысмедетовтың туылғанына 100 жыл

38 Views

Жаңатұрмыс ауылында туылып өскен соң, ерекше мінезді адамдардың қылықтарын жадыңнан шығармай есіңде сақтап қалады екенсің. Бала кезімізде бізді: «Әне, Айдархан келе жатыр» деп қорқытатын үйдегілер. Ол кісіден қорықпайтын бала жоқ. тегі алыстан-ақ, атын қамшының астына алып, айқайлап, үйдің тұсынан тасырлатып шауып өте шығатын. Сонда бала біткен ініне жасырынған суырдай бір уыс болып үйіне тығылатын. Өсе келе білдік. ол кісінің Жұмабек деген ұлы Мұрат екеумізбен бір класта оқитын. Сонда Жұмабек: «Әкем жүрегі қысылғанда жанын қоярға жер таппай аласұрады, сөйтеді де атына отырып алып көше айналып шаба жөнелетін. Бірақ ол кісінің ешкімге зияны жоқ еді» дейтін. Екінші бір болмысы бөлек адам ол өзімізге неміс тілінен сабақ беретін Әділхан Тоқтаров ағай болатын. 

Ол кісі зейнетке шыққанша семья құрмаған салт басты, сабау қамшылы жан еді. Елден естуімізше, Қытайда самурайлармен соғыста жүргенде снаряд жарылып, ауыр жарақат алса керек. Ол кісіні жұрт : «чекист» дейтін. Әйтеуір соғыс ардагері екені анық, омырауы орденге толы болатын. Өзі шахматты жақсы ойнайтын. Әңгімеме арқау еткелі отырған үшінші адамым да жаратылысы бөлек жан. Ол өзімнің сыныптасым Мұраттың әкесі.
Сыныптасымның тұрқы, жүріс-тұрысы, сөз саптасы, кейде иегін бір жағына қарай көтеріп қойып бір маңызды әңгіме бастайтыны құдды Спан тәтемнен бір аусашы. Олардың үйінде темірдей тәртіп бар болатын. Егер қонаққа барып, Мұраттың үйінен қайтпақшы болсаң, аяқ киіміңді таппай әуре сарсаңға түсетінің анық. Өйткені Мұраттың ағасы Болат та, өзі де үйге келген қонақтың бәтеңкесін айнадай етіп жалтыратып, тіпті майлап қоятын. Содан соң өз аяқ киіміңді өзің таппай қалатынсың. Спан тәтем менің әкеммен түйедей құрдас. 1924 жылы туылған. Бірақ ол кісіні ауыл адамдары көш жерден жазбай танитын. Өйткені, ол үстінен сталинше гимнастеркасын, бас киімі мен керзі етігін тастамайтын. Тағы бір ерекшелігі сол езуінен «Беломорканал», «Қазбек» папиросын тастамай тартып жүретін. Бәлкім содан болар ауылдастары ол кісіні көрген мезетте: «Әне Сталин» келе жатыр дей-тұғын.
Иә, Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер ағамыз Сталинге еліктеп, қашан көрсең сымдай тартылып, сапта жүргендей түп-түзу жүрісінен бір айнымайтын. Мен де колхоз кеңсесінде ол кісі кадрлар бөлімінің басшысы болып істеп жүргенде бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік еттім. Сәкең жұмыстан ешқашан кешікпейтін, жұмыс біткенде кабинетінде отыра да бермейтін. Хрущевтің солақай саясаты дәуірлеп тұрған кезі ғой деймін, ол кезде біз мектепте оқимыз. Бір күні алдыңғы жағында алып «ожауы» бар трактор келді де, мектебіміздің алдында тұрған Сталиннің ескерткішін жұлып алды. Кейін білдік қола мүсінді колхоздың хоздворына апарып, терең шұқырға тастапты. Күн «көсемді» Ленинді айтам, одан бұрынырақ алып кеткен. Бірақ еш жерін бүлдірмей Ленинск ауылына (қазіргі Сәбденов) апарып орнатыпты. Ал, Жаңатұрмыстағы екінші ескерткішті «жоқтаған» жұрт: «Ол Спанның үйінде» деп жүрді. Иә, расында осы уәждің рас екенін майдангердің ұлы, менің сыныптасым Мұрат та жоққа шығармады. Ол: «Әкем мені хоздворға сол күні-ақ жұмсаған. Барсам әк тастайтын шұқырда күл талқан болған ескерткіштің қаңқасы жатыр екен. Басы иығынан бөлініп қалған. Бас мүсінін үйге әкелдім. Әкем: «Бұл да бір әруақты адам ғой, кім көрінгенге қор болмасын» деп тығып қойды. Содан кейін оны еш жерден көре алмадым» – дейді Мұрат.
Майдангердің ұлы екеуміз сол күні ұзақ әңгімелестік. Екеуміз де: «Әкелеріміз тірі болса Шалдамбай ақсақал сияқты 100-ге келетін еді» – дедік әкелер рухын еске алып. Мұрат осы ораза айының 16-сы күні әкесі Спан ақсақалдың әруағына құран бағыштатып, ауыз аштыратынын айтты.
1942 жылдың 1-ші қыркүйегінде Жаңатұрмыстан өрімдей он азамат майданға аттаныпты. Олардың ішінде Спан Рысмедетов, Орақбай Есмедетов, Шалдамбай Шаңбаев, Шәмін Қожакеев, Есенбай Дүйсембиевтер бар еді. Орақбай мен Шәмін Ленинградқа, ал, Есенбай мен Спан, Шалдамбай үшеуі Сталинград майданына түседі. Ауыл медераторы (биі десе де болады) Мұрат Спанұлы: «Әкем Сталинград майданына кірген соң, артиллерия полкіне взвод командирі болып кәдімгі «Курск доғасында» жауымен жан аямай арпалысады. Алдында үш ай Самарқантта оқу-жаттығу жиынында болған олар, Сырдариядағы пароммен Аралға жетіп, тауарлы поездға мініп Волгаградтан бір-ақ шығады. Өзімен бірге Қойшыбай деген министрлікте істеген полковник те бірге болса керек. Ал, Есенбай кісі алғашқы шабуыл кезінде-ақ, аяғынан жараланып, елге қайтыпты. Әкем Кенигсбергте соғысты аяқтап, одан соң қираған қалаларды қалпына келтіру үшін 1947 жылға дейін Қызыл Армия қатарында болады. Оны Луговой теміржол бекетінен Айтбек жездем күтіп алады. Жездем поездан омырауы орденге толы, жетегінде сыйлыққа алған немістің велосипеді бар әкемді көріп аңтарылып тұрып қалса керек. Сонда барып жездем омырауында «Қызыл Жұлдыз», Ұлы Отан соғысы ордендері мен Сталинградты, Кенигсбергті алғаны үшін, Әскери қызметі үшін, Германияны жеңгені үшін медальдары жарқырап, жүзі жадырап келе жатқан әкемді көріп, ыстық құшағына алады» – дейді үлкендерден естігенін еске алып.
Міне, Батыстағы сұрапыл соғыс өртінің сөнгеніне енді бір жылдан кейін 80 жыл толады. 18 жасында Отан қорғауға аттанған боздақтардың елге оралмағандарына ауыл кеңсесі жанынан зәулім обелиск орнаттық. Ескерткіш тақтаға Ұлы Отан соғысына қатысушылардың барлығының аттары жазылып, алдына «мәңгі алау» жағылды. Спан ақсақал соның барлығын өз көзімен көрді. Ол кісі майданнан елге оралған соң Мөңке теміржол разъезінде тұратын Қаратайлақ деген кісінің Күләнда есімді қызына үйленді. Сол 1948 жылы Меркі аудандық атқару комитетіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық мекемесіне нұсқаушы болып жұмысқа орналасты. Арада төрт жыл өткенде Жамбыл қаласындағы зоотехник селекционердің бір жылдық оқуын бітіріп келген соң ауылда мамандығы бойынша жұмыс істеді. Ол кісі жұмысына тиянақты, тегі жазған жазуының өзі сапқа тізгендей әдемі болған соң ба, оны колхоз басқармасының төрағасы өзіне хатшы етіп жанына алды. Сталиндік тәртіппен жүретін, біреудің ала жібін аттауды білмейтін оны Б.Мақатов шаруашылықтың жабдықтау қоймасына меңгеруші етіп тағайындады. Спан ақсақал 1978 жылға дейін колхоз қоймасынан бөтен адамға бірде-бір қоғам мүлкін ұстатпай кіршіксіз таза жұмыс істеді.
Ол кісіде мемлекет мүлкін талан-таражға салу, оны ысырап ету деген пиғыл ешқашан болған емес. Спан кәрие колхоздың кадрлар бөлімі мен кәсіподақ комитетін басқарғанда да партиялық қатал тәртіппен өмір сүрді. Бәлкім, сондықтан болар ол кісінің алдынан ешбір адам кесе көлденең өтпейтін. С.Рысмедетов 1985 жылы зейнет демалысына шықты. «Еңбек ардагеріне» лайық он медалі бар, 4 ұл мен 3 қызды тәрбиелеп өсірген осынау жан бақилық сапарға аттанғанда бүкіл ауыл болып духовой оркестрмен апарып «Қоңыртөбеге» жерледі.
Міне, сол ақық тастай кіршіксіз ғұмыр кешкен сталиндік саясатты берік ұстанған ағамыз тірі болғанда 100 жасқа келген болар еді. Осы ораза айында оның әруағына құран бағыштап, жаны жәннатта болсын дейміз. Оның артында қалған Болаттай инженер ұлы, Мұраттай геолог баласы, Бақыт пен Розасы, Қынат пен Сағаты, Гүлмирасын оның өмірінің жалғасы деп білейік. Күләнда сынды батыр ананың да рухы пейіште шалқысын. Осы қасиетті айлардың сұлтаны болған ораза айында айтқан әр тілегіміз Алланың дәргейіне жетсін. Алла балаларының жасаған дұғасын қабыл етсін! Әумин!
Міне, «Сталиннің солдаты» деп халық ат қойған Спан тәтеміз де бір ғасырлық ғұмырды еңсеріп, майдандасы Шалдамбай Шаңбаевтың, ауыл биі Тілеуқабыл Елшібаевтың, ардагерлер серкесі Көшкімбай Құрманалиев пен ауыл имамы Жанболат қажы Әубәкіровтың, замандасы Өмірзақ Шыңқожаевтың және басқа ауыл ақсақалдарының батасын алды. Оның өзі өлгенмен, рухы мәңгі өлмейді.

Сейсенбай қажы Қожеке. Суретте: «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, бірнеше медальдардың иегері  Спан Рысмедетов.

Поделиться ссылкой: