181 Views
Еліміздің батыс өңірлері Наурыз мерекесін 14 наурыздан бастап тойлай бастайды. Бұл күні батыс аймақтарда (Маңғыстау, Орал, Атырау, Ақтөбе, Ресейдің батыс аймақтармен көрші өңірлері) Көрісу мерекесін тойланады. Мәселен, кіші жүз руларының ертедегі аңыздар бойынша батыс өлкелерге Алтай-Саян таулары бойынан қоныс аударып келген деген деректер көп.
Көрісу дәстүріне ұқсас мерекені бурят және тува халықтарынан да кездестіруге болады. Олар бұл дәстүрді «Чолукшуур» деп атаған. Сөздің мағынасы өзі айтып тұрғандай бұл мерекеде де халықтар бір-бірімен жүздесіп, жолығысып, сәлемдеседі. «Тува халқының жаңа жыл, яғни «Шагааның» дәстүрлі мерекесі «Чолукшуур» деп аталған.
Моңғолдарда көктем мерекесінің алғашқы күні «Золгох» деп аталатын дәстүрлі мереке болады. Ол мереке моңғол халқының жаңа жылдың алғашқы күні болатын сәлемдесу, қауышу дәстүрі. Бұл күні барлығы өздерінің ұлттық киімдерін киіп, жасы үлкенге қол ұшын беріп, сәлемдеседі. «Золгох» – бұл ең басты ай туған уақытта өтетін дәстүр. Жаңа жылдың бірінші күні үйге қонақ келіп, қауышып, амандасса, сол үйде бақытты жыл болады деген түсінік болған. Белгілі шежіреші, тарихшы Асылбек Байтанұлы «Золгох» мерекесін батыс өңіріндегі «Көрісу» мерекесінің тұспа-тұс келуінде үлкен мән жатыр дегенді айтады.
Түрік-моңғол халқы ертеден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Сондықтан дастарханға ақ тағамдар мен мал өнімдерін қойып қастерлеген. Жолығысудың бірінші амалы – көрісу. Оны жұрт бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасу жолымен жасаған. Жұрт соның үстінде бір-бірлеріне жақсы тілектер тілеген. Жастар үлкендерге сәлем бере барған. Ескі жылдың жамандықтарын кетіріп, жаңа жылмен бақытты қуанышқа кенелген. Бұл күні ұлттық ойындар ойналып, мерекелік ойын сауықтар болған. Адамдар ең жақсы киімдерін киіп, өкпе-реніштерін ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысқан.
«Құлан таңы» ақпарат.
Поделиться ссылкой: