Боздаланың бозторғайы

135 Views

Елдің елдігін дәлелдейтін, оның кемелдігін толықтыра түсетін рухани жәдігерлерімізді ардақтау, ұлыларымыздың тұлғалық болмысын ардақтап, есімдерін ел есінде жаңғырту – біздің азаматтық парызымыз. Сондай тұлғалардың бірі, қазақ халқының абзал ұлдарының бірегейі
Кенен Әзірбаев есімі «Мен – қазақпын» дейтін әрбір өнерсүйгіш азаматқа жақсы таныс. 

Оның атына берілген еліміздің ірі қалаларында бірнеше мектептер, көшелер және ескерткіштер бар. Сондай-ақ, Кенен атамыздың құрметіне Тараз қаласында екі жылда бір рет «Шырқа даусым!» атты республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы өтіп тұрады. 2018 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың есімі берілді. Ал, 2011 жылы ақынның шығармашылығы мен өмірі туралы «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильм түсірілді. Ақын ұзақ жылдар бойы тұрып келген елді­мекен де «Кенен» ауылы деп аталады. Бозбала Кенен 10 жасында қолына домбыра алып, ән салды. 13 жасында «Бозторғай» әнін шығарып, ол ән халықты елең еткізіп, Кенен есімі кеңінен тарай бастады. Бала Кенен қазақ-қырғызға мәлім болып, «Боздаланың бозторғайы» деген атты иеленді.
«Бозторғай» әні – 1895 жылы он үш жасында ауылдастарының қой-қозысын жайып жүргенде шыққан ән. Бұл әннің алғаш рет қалай тууы жөнінде Кенен ақын: «Түнімен күзеткен қойды таң алагеуімде Мәтібұлақ басына қарай өргіздім. Күн шыға бере бозторғайлар аспанда қалықтап, шырылдай бастады. Жетімшілік көрген жабырқаңқы көңілім елжіреп, бозторғайға үн қосты…» –деген екен. Осылайша, бұл ән ел арасына кеңінен таралып кетеді.
Кененнің әнші, ақын, жырау, күйші ретіндегі алуан шығармаларын өзі өмір сүрген заманының жанды шежіресі деуге болады. Оның « Бозторғай», «Көк­шолақ», «Ой, бұлбұл», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады. Бұл әндер­дің барлығының астарында уақыт тынысына қоса, ең алдымен, Кенен Әзірбаевтың өзінің тарихи түйсік-зердесі, жалтағы жоқ болмысы аңғарылады. Ол қазақ халқының тіл байлығын аса мол игерген ақын.
– Кенен, Кенен деп жүр ғой елдің бәрі,
Жақсы көріп кетіпті жас пен кәрі.
Төрт аяғы тең жорға өлеңінің,
Құлағымнан кетпейді салған әні – деп, жыр алыбы Жамбыл атамыз жырға қосса, « Өлеңді әркім-ақ айтады, әркімдер-ақ жазады, бірақ солардың ішінде үнемі санаңнан кетпейтін, сезіміңнен ажырамайтын, даусы естіліп, дидары көз алдыңда тұратындары некен-саяқ. Солардың бірі Кенен», – дейді өз естелігінде ақын Әбділдә Тәжібаев.
Кенен Әзірбаев артына өлмес мұра қалдырып, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға. Кенендей дара тұлғаның өлмес өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері халықпен бірге мәңгі жасай бермек.

Салтанат Мұздыбаева,
«Ақбота» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі.

Поделиться ссылкой: