Тергеу судьясы
Тергеу судьясы – сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында қылмыстық-процестiк кодексте көзделген өкiлеттiктердi жүзеге асыратын бiрiншi сатыдағы сот судьясы. Қылмыстық сот ісін жүргізуге тартылған азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі тергеу судьяларының қызметі болып табылады.
Тергеу судьясы қылмыстық сот ісін жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуіне жол бермеуді қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асырады.
Тергеу судья сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Қылмыстық-процестiк кодекстiң 55-бабына сәйкес мынадай: күзетпен ұстауды санкциялау, үйқамақты санкциялау, лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау, жақындауға тыйым салуды санкциялау, экстрадициялық қамақты санкциялау, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімдерін ұзартуды санкциялау. Осы Кодекстің 234-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда, прокурордың өтініш хаты бойынша жасырын тергеу әрекеттерін тоқтату, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепіл қолдануды санкциялау, мүлікке тыйым салуды санкциялау, күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру, мәйітті эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды. Сонымен қатар, қарап-тексеруді, тінтуді, алуды, жеке тінтуді, мәжбүрлеп куәландыруды, үлгілерді мәжбүрлеп алуды санкциялау мәселелерін қарайды.
Тергеу судьясы анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарға баға береді. Бұл шағымдарды тергеу судья ҚПК-нің 106-бабының тәртібінде қарайды.
Жалпы тергеу судьясы қылмыстық іздестіру органдарының лауазымды тұлғалары мен прокуратура тарапынан салғырт қараушылыққа тосқауыл қою мақсатында енгізілген.
С.Қалқабаев,
аудандық соттың судьясы.