Рамазан – тәлімі мол ай

94 Views

Айлардың сұлтаны Рамазан айында бұл айдың қадір-қасиеттері жайында қанша айтсақ, еш тауыса алмаспыз. Дін ғалымдары бұл ай жайында әркез терең ойлармен, өзіндік игіліктерін қағаз беттеріне түсірген. Бұл ай несімен берекелді, нендей қасиеттер мен нығметтерге толы? Неге адам баласы осы бір Рамазан айында көтеріңкі көңіл күйде болады? – деген сауалдарға қал-қадірімізше жауап берсек.
Әр иманды адамның бұл айда көңіл күйлері көтеріңкі халде болады. Өйткені, ол өмірдегі ең негізгі мақсатымен шұғылданып жатқандығын байқайды. Оның мақсаты – Раббысына ғибадат қылып, разылығын табу. Алла Тағала айтады: «Мен адамзат пен жындарды өзіме құлшылық қылу үшін жараттым» – дейді. (Зарият сүресі, 56-аят).
Мүмін пенде бұл айда ғибадатқа көбірек беріледі. Сол арқылы оның жүрегі тыныштық тауып, иманы қуатталады. Бұл қасиетті айға жеткізген Раббысына тәу етіп, ең алғашқы қадамын шүкіршілік жасаудан бастайды. Жалпы, Рамазан айы мен ораза мағына жағынан қарайтын болсақ, түсіне білген әр пендеге көптеген ойлар салады.
Ибраһим ибн Әдһам хазреттен Рамазан айын қалай өткізгеніміз дұрыс деп сұраған кезде, былай жауап береді: «Ашықтарды жап, жабықтарды аш!» оның мағынасын ашып айтар болсақ:
Ауызды жап, құлақты аш!
Сараңдықты жап, жомарттықты аш!
Жалқаулықты жап, қайраттықты аш!
Ғайбатты жап, жақсы күмәнді аш!
Пайдасыз істерді жап, нәпіл ғибадаттарды аш!
Омар ибн Абдулазиз рахимаһуллаһ өзінің бір сөзінде: «Намаз саған жәннаттың жолын көрсетсе, ораза оның есігіне алып барады, ал садақаң сені ішке алып кіреді» – деген екен.
Бұл айдағы сауапты істердің тағы бірі – кешірімділік. Кешірімді болу, екі мұсылман арасын жарастыру, бауырмашылықты сақтау, маңайындағыларға мейірімділік таныту деген сияқты амалдарды жасауға әрекеттенетін болсақ, дұғаларымыз тезірек қабыл болады екен. Осы айды өз игілігіңіз үшін өткізуге тырысып бағыңыз. Өйткені, Алла Тағала Құранда: «Кешірімді бол, жақсылыққа шақыр және надандардан бет бұр» – деп бұйырады. (Ахқаф сүресі, 199 аят).
Бұрынғы ізгілер Рамазан айын қалай өткізген еді? Муәлла ибн Пазыл айтады: «Бұрынғы әулие бабаларымыз Рамазан айы кірерден алты ай бұрын, Алла Тағаладан Рамазан айына амандықпен жеткізуін сұрайтын. Рамазан айынан соң, бес ай бойы ораза айында жасаған ғибадаттарының қабыл болуын сұрап, дұға еткен».
Суфиян Сәури Рамазан айы басталысымен, Құран тіләуат (хатым Құран) етуге кірісетін болған. Құрметті оқырман, бұрынғы даналардың жолындай етіп, ораза айының әр күнін бір ғанибет деп санап, шамамыз келгенше сауапты істермен өткізгеніміз абзал. Қасиетті айдың сан қырлы пайдалары мен қадір-қасиеттері көп. Дегенмен, азды-көпті білгендерімізді сіздермен бөліскенді жөн санадық.
Алла Тағала бұл айда ұстап жатқан оразаларыңызды қабыл етсін!

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой: