Шыңғыс Айтматов оқулары

1 266 Views

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ АЛЫП ТҰЛҒАСЫ

Айтматов шығармаларына арналған облыстық байқау

 

Облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйытқы болуымен жуырда Тұрар Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылшаруашылығы колледжінде «Әлем әдебиетінің алып тұлғасы – Айтматов» деген атпен облыстық Айтматов оқулары болып өтті. Колледжаралық байқауға облысымыздың барлық аудандарынан он екі колледж студенттері келіп қатысты. Айтматов оқуларын колледж директоры Жұмакүл Оңғарбайқызы Бүкірова ашып, осынау айтулы шараға қатысушыларды құттықтады.

Сонымен екі кезеңнен тұратын байқау шымылдығы ашылды. Бірінші кезең «Сөз құдыретіне» арналып, Шыңғыс Айтматовтың шығармасындағы көркем сөз оқуға қатысушылар өз шеберліктерін ортаға салды. Әділ қазылар да сайдың тасындай білімді азаматтардан іріктеліпті. Олардың ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті филология және журналистика кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев пен мәдениет және өнер кафедрасының оқытушысы Айжан Молдазимова, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті Рабиға Беркенова мен облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім жетекшісі Эрика Қасымбековалар бар.

Байқау одан әрі қарай Ш.Айтматовтың өмірінен үзік-үзік үзінділер келтіріле отырып, қазақтың талантты ақыны Мұхтар Шаханов пен жазушы Шыңғыс Айтматовтың сұхбаты түрінде өрбіді. Иә, Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлдың да осы Луговойға табаны тиген. Ол кісі Тұрар Рысқұловтай тұлғаның демеуімен Ташкенге оқуға түсіп, кейін онымен бірге Түркістан-Сібір теміржолы құрылысында болған. Шыңғыс Жамбыл зооветеринарлық техникумында дәріс алған. Кейін ол өзінің «Жанпида» атты романында Луговойды Жалпақсаз деп көрсетіп, бір кейіпкерін осы жолдан түсіреді. Әлем әдебиетінен ойып тұрып өзіне орын алған жазушының өмірінен сыр шертетін сахналық қойылымдар мен хроникалық бейнетүсірілімдер тыңдаушы мен көрерменнің санасын сонау бір беймәлім әлемге еріксіз жетелеп алып барғандай болады. Байқауға қатысушылар қаламгердің «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», «Жанпида», «Жәмилә», «Ана-Жер-Ана» сияқты әлемге танымал шығармаларынан монологтар оқыды, жазушы құсап образға кіруге ұмтылыс жасады. Әсіресе, Тараздағы Абай атындағы өнер колледжінен келіп өнер көрсеткен екі үміткер де өздерінің өнерге жақындығын көркемсөз оқу шеберлігімен де, актерлік икемділігімен де көрсете білді. Әсіресе, Аружан Еркіннің «Жанпидадағы» Бөрі-Анамен диалогы өте сәтті шықты деуге болады. Сондай- ақ, Меркідегі №9 колледжден келіп байқауға қатысқан Жансая Өсербаева «Боранды бекеттегі» Найман ана мен оның мәңгүрт болып кеткен ұлы Жоламанның арасындағы «сәтсіз жүздесуді» шынайы көрсете алды. Байқауға қатысушылар қаламгердің шығармаларын орыс тілінде де оқыды. Мәселен, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Амандық Әділет «Тополек мой красной косынке» атты шығарманы жетесіне жеткізе оқыды десе болады. Сондай-ақ, Тараз теміржол колледжінің студенті Әйкен Ақназарованың оқу шеберлігі көптің көңілінен шықты деу керек. Құлан ауылшаруашылығы колледжінің үш үміткері де сөз құдыретін түсінетін адам санасына, оның жүрегіне жететіндей тебіреніспен оқып, көзге түсті.

Ал, екінші кезең Шыңғыс шығармаларын сахнада көрсетуге арналды. Ол – «Таланттар өмірде шыңдалады» деген тақырыппен ашылды. Дегенмен, төрешілер өз төрелігін айтты. Сөйтіп, көркемсөз оқу кезеңі бойынша бас жүлдені Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Талшын Омарова алса, бірінші және екінші, үшінші орындарды Абай атындағы гуманитарлық колледжден келген Малқаждар Әлібек, Құлан ауылшаруашылығы колледжінен Сымбат Игілік және Сарысу колледжінен Алена Савчук бөлісті. Екінші кезең бойынша жазушы шығармаларын сахналау яғни, «Ғасырдан да ұзақ күн» атты драманы қойғаны үшін бас жүлде Құлан ауылшаруашылығы колледжі студенттерінің еншісіне тиді. Дәл осы шығарманы Тараз темір жол колледжі де ұтымды қоя білді. Сөйтіп, олар бірінші орынға табан тіреді. Ал, екінші және үшінші орындар «Боранды бекет» және «Қош бол, Гүлсары» туындыларын сахналаған Жамбыл политехникалық колледжі мен Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжіне берілді. Байқау қорытындысы бойынша бес колледж студенттеріне арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Сөйтіп, заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматовтың 90 жылдығына арналған шара өз мәресіне жетті.

Сейсен ҚОЖЕКЕ.

Поделиться ссылкой: