Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
16 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Қытай ойшылы Конфуций: «Ұстаз төрт түрлі нәрсеге үйретті. Бірінші – кітапты түсініп оқуға, екінші – адамгершілікті сақтауға, үшінші – Отанға адалдыққа, төртінші – әділдікке»,- дейді. Өз басым осы күнге дейін Конфуций ұлағатын өмірлік принципіне балап, ұлт келешегіне қалтқысыз қызмет еткен кейіпкерді кездестірмедім. Дегенмен, Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі мен «Шапағат», «Алтын дәрігер» және “AVE VITAE” сынды медальдардың иегері, ауданның Құрметті азаматы, жоғары санатты дәрігер, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы әже Қаратышқанова Айымкүл Есіркепқызымен өрбіген әңгіме барысында мен Конфуций ілімін қызметтік кеңістікте пайдалана білудің негізгі факторын түсіндім. Ол ең алдымен, өз мамандығыңа деген сүйіспеншілік.
Жасыратын несі бар, 1999- 2000 жылдары елдегі жағдай аса мәз емес еді. Жұрттың бәрі саудаға көшіп, базар жағалаған кез. Статистикалық мәліметтерге сенсек, ана мен бала өлімі дәл осы жылдары жиілеп кеткен көрінеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Айымкүл Есіркепқызы осындай қиын-қыстау кезеңде аудандық орталық аурухана басшылығының тізгінін ұстады. Әрине, Айымкүл Қаратышқановаға сенім артып, осы қызметтің жүгін арқалаған сол кездегі аудан әкімі Қасымхан Төлендиевтің азаматтық келбетін осы тұста айтып өтуіміз керек.
– Менің алғашқы еңбек жолым 1973 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын терапевт мамандығы бойынша бітіріп келгеннен кейін Тараз қалалық №1 ауруханасынан басталды. Бір жылдан соң яғни, 1974 жылы қызметім ауысып, өзімнің туған жеріме оралдым. 2 жылдан кейін терапия бөлімінің меңгерушісі болдым. 1984 жылдан бастап бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып та еңбек еттім. Ал аудандық орталық аурухананың бас дәрігерлік қызметіне 1999 жылы тағайындалдым. Ол уақытта халықтың тұрмыс-тіршілігінің қандай болғаны өзіңізге мәлім. Айлық жоқ. Қаржылық дағдарыс белең алған тұс. Оның үстіне, аурухананың қарызы шаш- етектен еді. Шыны керек, осындай күрделі кезеңде біздің ұжым «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тәмсілмен жұмыс істеп, барлығын еңсере білді деп ойлаймын. Оралкүл Күрішбекова, Рәпілбек Қыдыров, Гүлмира Момынжанова, Жанна Құлманова, Неля Қаражігітова есімді білікті дәрігерлермен бір үйдің баласындай қызмет еттік. Қиын сәттер артта қалып, аурухана шығынынан да құтылдық. Бұл ретте, Сәбит Садықов, Бақытжан Іңкәрбеков, Досай Бидайшиев сынды азаматтарға алғыс білдірген абзал. Өйткені, материалдық тұрғыдан олар бізге әрдайым қолдау көрсетті,-дейді
жоғары санатты дәрігер.
Айымкүл Қаратышқанова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтын сүйген нағыз көшбасшы екенін айтады. Кейіпкеріміздің Президентпен түскен суреті де бар. Тіпті, өңірімізге арнайы іссапармен келген кезде Елбасымен ән де салған. Айымкүл Есіркепқызы 2003 жылы үкіметті басқарған Иманғали Тасмағамбетов пен сол жылдары облыс әкімі болған Серік Үмбетовті де адалдықтың туын желбіреткен ұлт перзенттері деп есептейді. Аудандық аурухана ғимаратының бүгінгідей дәрежеге жетуі тікелей осы елге қадірлі мақтаулы тұлғалардың арқасы дегенді алға тартады.
Әлемге танымал суретші Чюрленис «Менің бүгінгі және кешегі туындыларымның бәрі Литваға арналады» дейді. Айымкүл Қаратышқанованың дәрігерлік келбетінен мен осы сөздің мазмұнын медициналық көзқараста ұқтым десем болады. Себебі, Айымкүл Есіркепқызы бас дәрігер болған жылдары емдеу жұмыстары алға басып, өлім көрсеткіштері едәуір азайған. Сондай-ақ, кейіпкеріміздің табандылығының арқасында жан сақтау (реанимация) мен қан және қан құрамын дайындайтын бөлімдер ашылып, қатерлі жағдайдағы мыңдаған ана мен сәби өлімінің көрсеткіші төмендеп, орталық аурухана облыстағы іргелі ұжымның біріне айналды.
Марат ДИХАНБАЙ.