Қисық отырсақ та түзу сөйлейік…

94 Views

«Орысты ренжітсең Мәскеуге шабады, қазақты ренжітсең қайда шабады? Өзіңнің алдыңа айналып келеді, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәскеуі бар. Қазақтың артында Мәскеуі жоқ, қазақтың Мәскеуі – біздерміз Асанбай. Қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетін иісалмас, ынжық болып кетеді. Ұлт өзінің мүддесін өзі қорғай алатын дәрежеге жетуі керек. Кезінде қазақтың жанын сақтап қалсақ дедік қой, біз ол дәуірден өттік. Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек».

Бұл – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Асанбай Асқаровқа айтқан сөзі. Сүйектен өтеді шыны керек. Билік өкілдерінің санаға бекітетін нағыз рухани сөзі ғой, шіркін. Бұл сөзді дәл осы мақалада қолдану қаншалықты орынды деп те ойлауыңыз мүмкін ғой. Бастапқы жағын айтпай-ақ қоялық. «Енді қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек» дегенде Димаш ақсақал нені меңзеді? Бізге рух, намыс беретін ол – қазақ тілі емес пе? Сондықтан осы сөздердің астарында әрқашан тілдік мәселе тұратындай көрінеді маған.
Кезінде Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқпанов, Нұрғиса Тілендиев секілді кесек болмысты тұлғалар болды. Бұл қатарға сөз басында біз сөз еткен Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровты да жатқызуға болады. Ойлап көріңізші, өзіңіз. Кесек мінез болмаса, әлгіндей сөз қайдан шықсын? Әсіресе, «Қазақтың артында Мәскеуі жоқ, қазақтың Мәскеуі – біздерміз Асанбай. Қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс, қорлыққа берме. Қорлыққа көнген халық зорлыққа да көнетін иісалмас, ынжық болып кетеді» деген сөздің астарында сұмдық мағына жатқан жоқ па? Әй, бірақ соны ұғынып, бағалап жатқан кім бар қазір?
Тәуелсіздік алғаннан кейін де Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Амангелді Айталы секілді ұлт қайраткерлері рухты сөздер айтпады емес, айтты. Мәселен, Шерхан Мұртазаның «Қос тіл жыланда ғана болады» деген сөзін кім еледі дейсіз. Біз Шерағаның ғана сөзін жазып отырмыз. Әйтпесе, кезінде Парламент төрінде отырып, мұқым елдің мұңын министрлерге, тіпті Президентке дейін қарға тамырлы қазақтың қадау-қадау сөздерімен жеткізген Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсыновалар қандай еді… Ел аузында «Айтары бар Амангелді» деген мақтау сөзге ие болған Амангелді Айталы ше? «Айтары бар Амангелдіні» қазіргі жастар біле ме өзі?.. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттік тіліміздің мәртебесі туралы мінбеден күйініп сөйлеген осы қайраткерлер емес пе еді? Міне, ұлтқа қызмет еткен жандар. Өкінішке орай, солардың көбі ескерусіз қалды. Ескерусіз қалдырған тағы да өзіміз. Күйінесің бе, күйінесің, әрине.
Қазақ тілінің мәртебесін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жерінде өткен Ұлттық құрылтайда да сөз етті. Негізінен, Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауында да, Ұлттық құрылтайда да қазақ тілінің мәселесін ылғи айтып жүр. Президент жай айтып қана жүрген жоқ, сонысын сөзімен де, ісімен де көрсетіп жүр.
Қайбір жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қытай еліне ресми сапармен барған сәтте қазақ тілінде сөйлеп, абыройымызды асқақтатқанын білесіздер. Не үшін, кім үшін? Әйтпесе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілінде аудармашысыз-ақ аспан асты елінің президенті Си Цзиньпинмен екі елдің сауда-саттық және тауар айналымы жөнінде еркін пікір алмасып, сөйлесуіне қабілет-қауқары жетпейді емес, жетеді. Бірақ Президентіміз олай еткен жоқ. Бұл дегеніңіз – ұлт ұстыны қазақ тіліне деген зор құрметтің белгісі емес пе? Міне, ұлтқа қызмет етудің айшықты көрінісі осындай болады.
«Жүре берсең, көре бересің» деген рас сөз. Сонау Сарыарқаның сайын даласынан шенеуніктердің талайы келді ғой ауданымызға. Жиналыс өтеді. Жиынның басында сәл-пәл қазақ тілінде сөйлейді де, әрмен қарайғы ойын ормандай орыстың тілімен жалғастырып кете барады. Осындай жағдайға сан мәрте куә болдық. Бұлай біз ешқашан дамымаймыз. Мейлі, Парламентте бола ма, жоқ әлде, аудан әкімдігінің мәжіліс залында өте ме, кез келген жиналыста қазақ тілі үстемдік құруы тиіс. Олай болмаса, мың жерден айт, жаз, одан түк пайда жоқ. Қазақ тілінің өркендеп, дамуы үшін алдымен биліктегі ат төбеліндей қызметі бар азаматтар мен азаматшалар өз Ана тілдеріне құрметпен қарап, мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі керек. Сонда ғана мемлекеттік тілге деген дұрыс көзқарас қалыптасады.
«Ойды – ой түртеді» ғой. Осыдан екі жыл бұрын бір жиынға қатыстым. Тақырып тіл туралы. Әр түрлі этнос өкілдері де қатысты сол жиынға. Сонда ұлты неміс егделеу бір кісі:
– Сіздер қызықсыздар, біз секілді қарапайым халықты төмпештей бергенше, жоғары жақтағылар алдымен өздеріңіз сөйлесеңіздерші қазақ тілінде,– деп қойып қалғаны бар. Мұндай пікір неден туындайды? Олар да адам ғой. Теледидар көреді. Әлгіндей біз секілді жиналыстарға қатысады. Міне, содан келіп, осындай сұрақ туындайды. Және онысы орынды да. Рас қой, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – әр қазақтың өзінің қолында. Ресми жиналыстардың барлығы қазақша жүргізілсін, болды. Құдайға шүкір, қазір Парламентіміз жаңарды. Бұрындары білесіздер ғой, қандай болғанын. Оны біз айтпай-ақ қояйық. Елдің есінде ғой барлығы. Тегінде, бәріне төреші – Құдай бар.
Жақында да бір ақпарат шықты. Оқып риза болып қалдым. Бір спортшы жігіт өзіне орысша сауал қойған журналистке сұрағын қазақша қоюды айтқан екен. Бұл бір ұпай жинау емес. Тегіндегі қазақылық. Сондықтан «Қазақ тілі» деп құр кеуде соғып кердеңдеп жүргенше, қазақ екенімізді осындай айшықты істермен көрсетуіміз керек. Сонда ғана Ана тілімізге деген құрмет өзгереді. Ана тіліміз халықтық сипатқа ие болсын десек, осыны ескеретін уақыт жетті.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: