Ұлт саулығы – мемлекет байлығы
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еліміздің алдағы басымдықтарын айқындап берді. Бұрынғы Жолдауларында Елбасымыз елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, бұл жолғы құжат Қазақстан азаматтарының тұрмыс-ахуалын арттыруды көздеп отыр. Президент келесі жылдың қаңтар айынан бастап қазақстандықтардың жалақысы өсетінін айтты.
«Біріншіден, үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы ең төменгі жалақы 1,5 есе – 28-ден 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Бұл әрбір қазақстандыққа нақты көмек болады. Бұл әртүрлі салада істейтін 1 миллион 300 мың адамның жалақысын көтереді. Сондай-ақ, бюджеттік ұйымдарда істейтін 275 мың қызметкердің айлығы көбейеді. Олардың жалақысы орташа есеппен 35 пайызға өседі», – деді Елбасы. Ал бұл шаралар халықтың тұрмысын арттыра түсетіні сөзсіз. Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы. Халық саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қолжетімді болуы қажет. Сондай-ақ, Жолдауда 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігі айтылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді, барлық емханалар мен ауруханаларға медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуді тапсырғаны елімізде денсаулық сақтау саласын қолдау жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқандығын көрсетті. Электронды денсаулық
паспортын енгізу үшін ауданымыздағы барлық емдеу мекемелері 100 пайыз компьютерлендіріліп, интернет жүйесіне қосылды. Тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасау, кезектерді, бюрократияны жойып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз.
Осы қойылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ауданымызда мемлекеттік-жекеше серіктестік аясында Қарақат ауылында фельдшерлік акушерлік тірек және Шолақ Қайыңды және Мамай Қайыңды ауылдарында медициналық тірек құрылысының жүргізіліп жатқандығын біз бүгіннің өзінде мақтанышпен айта аламыз. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауруларды басқару және ыңғайластыру жол карталары бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Нәтижесінде ауданымызда соңғы бес жылда ана өлімі тіркелген жоқ, нәрестелер өлімі көрсеткіші төмендеді. Тұрғындардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсерін тигізетін қатерлі ісік аурулары мен қан айналым жүйесі ауруларынан өлім-жітім көрсеткіші екі есе азайды және ол көрсеткіштер тұрақты бақылауда.
«Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтер, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады.» деп айтты. Бұл мүмкіндік келешекте ауданымызға келетін жас мамандарды тұрақтандыруға үлес қосады. 2017 жылы ауданымызға 7 жас маман-дәрігер келсе, ағымдағы жылы 14 дәрігер-жас маман келді. Барлығы дерлік қарастырылған әлеуметтік көмектерді алды. Елбасымыздың бұл тапсырмасы ауданымыздағы дәрігерлердің жетіспеушілігін шешеді деген сенімдеміз.
Ұлт саулығы – мемлекеттің басты басымдығы болса, ал халқымыздың бақуатты өмір сүруі, еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – мемлекетіміздің алға қойған мақсаты.
Г.ҮКІБАЕВА,
аудандық орталық аурухана
бас дәрігерінің орынбасары.