Көкжөтел – жұқпалы ауру

105 Views

Көкжөтел – жедел таралатын, көбінесе, 8 жасқа дейінгі балаларда болатын жұқпалы ауру. Қоздырғышы қысқа таяқша тәрізді бактериялар.
Көкжөтел науқас бала жөтелгенде оның демі мен қақырығы арқылы тарап, сау балаға жұғады. Бактериялар баланың тыныс органдарында өседі. Ауру қоздырғышы сыртқы ортада төзімсіз, бірақ, сирек сырқат баланың тұтынған ойыншығы, ыдысы арқылы жұғуы мүмкін. Көкжөтелмен бір ауырған бала қайталап ауырмайды. Өйткені аурудан кейін тұрақты иммунитет пайда болады.
Қауіп факторлары:
• Науқастың жасы 7 жасқа дейін;
• Вакцинацияның болмауы;
• Бірге тұру немесе оқу орын­да­рына бару кезінде инфекция тасы­мал­дау­шыларымен байланыста болу;
• Туа біткен немесе жүре пайда болған иммунитеттің бұзылуы.
Аурудың білінбейтін кезеңі 2-15 күнге созылады. Көкжөтел әдетте 6-7 аптаға созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,8 – 39 С-ға дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды. Бірте-бірте жөтелі күшейіп, әсіресе, түнгі уақытта, 2-3 аптада жөтел жиі ұстағанда бала булығып қысылады. Қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, тілі аузына сыймай, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалады.
Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптаға немесе 2 айға созылады. Содан кейін дерттің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды. Бала 2-3 апта жай жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады.
Алдын алудың негізгі әдістері:
• 3 айлық жастағы нәрестеге көк­жөтелге қарсы жоспарлы вакцинация. Балаға 6 апталық аралықпен үш вакцинация қажет;
•Тыныс алу жолдарының инфек­циясының белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге уақтылы қаралу;
• Науқас адамдармен қарым-қатынасты болдырмау.
• Тұншығу немесе ентігу ұстамалары кезінде «103» жедел медициналық көмекке хабарласыңыз!
Көкжөтелді жоғары қысымды таза ауамен емдейді. Науқас балаға витамині мол құнарлы тамақ ішкізу қажет. Режим сақтап, тек дәрігер белгілеген әртүрлі антибиотиктерді уақытымен қабылдау керек.
Көкжөтелмен ауыратын балалар (және жоғарыда аталған топтағы ересектер) ауру басталған сәттен бастап, 25 күн бойы оқшауланады. Байланыста болған адамдар жұмыстан және байланыста болған кезден бастап 14 күн бойы балалар тобына барудан шеттетіледі. Қос бактериологиялық тексеруден өтеді. Инфекция ошағы мұқият дезинфекцияланып, тиісті карантиндік шаралар қабылданады.

Г.Темирбекова,
аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары.
Г.Сәрсенбек, Т.Рысқұлов аудандық бөлімшесінің бактериологиялық және паразитологиялық
зертханасының дәрігері.

Поделиться ссылкой: