211 Views
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген есті сөзін «ұмытқандар» болса да, біз ешқашан ұмытпаймыз. Ұмытылатын да сөз емес бұл. Себебі қаншама жылдар өтсе де, осы сөздің айрықша маңызға ие екенін экранға үңілген сайын түсінесің. Кейде түнересің.
Өйткені экранда кешегі Шерхан Мұртаза жүргізген «Ұлт қымбат па? Ру қымбат па?» деген тақырыптағы сүбелі сұхбаттар сериясы не болмаса Сағат Әшімбаев жүргізген «Парыз бен қарыз», одан кейінгісін сұрасаңыз, бертіндегі Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізген «Бетбе-бет» секілді интеллектуалдық тұрғыдан мұқым қазаққа пайдасы зор, яғни ұлт қажетіне жарайтын бағдарламалар емес, жұртты 4 сағат экранға жіпсіз байлап қойып, ұлтқа тигізер бір тиын пайдасы жоқ, есті сөзге емес, құр әншейін даңғазаға құрылған, адамның ішін пыстыратын түкке тұрғысыз «Бір болайық», «Qoslike» деген бағдарламалар көрсетіліп жүр. Бұл әрине өз алдына бөлек тақырып. Дегенмен, осы жерде біз ескеретін дүние бар. Осы біз атаған бағдарламаларда тілдік норма қалай сақталып жатыр? Орынды сөздің құдіретін ұғып жатқан кім бар? Осы сұрақ бізді қатты алаңдатады. Өйткені былайғы сәттерде де естіп, көріп қалып жүрміз, ол бағдарламаларда жалаң сөзбен бір-бірінің намысына тию, орысша сөздер, кейде шыны керек, төбелесіп те жататын сәттері жоқ емес, бар. Ал, оның ұлтқа қандай пайдасы бар. Ешқандай да пайдасы жоқ, әрине. Қайталап айтудың еш әбестігі болмас, менің ойымша бұндай бағдарламалардың қазаққа керегі жоқ. Әсіресе қазіргі таңда әлгінде біз атаған Шерхан Мұртаза жүргізген «Ұлт қымбат па? Ру қымбат па?» деген тақырыптағы сүбелі сұхбаттар сериясы, Сағат Әшімбаев жүргізген «Парыз бен қарыз», Нұртілеу Иманғалиұлы жүргізген «Бетбе-бет», тіпті марқұм Бейсен Құранбек жүргізген «Айтуға оңай» секілді бағдарламалар халыққа ауадай қажет болып тұр. Сондықтан телеарна басшылары қаралымды, тегінде рейтинг қуып ақшаны ойлай бермей, осы жағын ескерсе дейміз.
Біз айтатын, жазатын тағы бір жайт бар. Журналист болған соң әрдайым ізденісте жүресің. Оқисың. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бауыржан Момышұлының «Кейбір әншілер қазақ әнінің әуенін бұзып, үнін өзгертіп, тілін тұтықтырып, сөзін сындырып айтады. Кейбір әншілер қайғыны биге, қасіретті арзан күлкіге, мұңды қуанышқа айналдырып жібереді. Ендеше, мен неге ондай әншілерді жақсы көруге тиіспін» деп айтқан сөзін оқып, блокнотыма түртіп қойған екенмін. Осы мақалада сол сөзді жазуға тура келіп тұр. Себебі бүгінгі таңда ән мәтіндерінің де сиқы оңып тұрған жоқ. Мәселен мынадай.
«Көздеріңе тамсанам көзімді алмай,
Жүзің сондай жылы ернің балдай.
Айтшы да не керек, мендегі ме жүрек,
Сөзімді салайын.
Көріп мені қашасың айтшы неге,
Ойлама біз туралы кім не дер екен.
Келші бер кел, келші бер кел,
Кел танысайық.
Қайырмасы:
Саған гүл алып барам,
Жаным ғашықпын саған.
Жолдарым тарам-тарам.
О-о-о-о-о
Күндіз-түні ресторан,
Айға сені апарам.
Ойнап жатыр гитарам».
Бұл – «Гитарам» деген ән екен. Орындаушысы – Әділ есімді жігіт. Осыдан бірнеше жыл бұрын Райм және Артур деген әншілер:
– Алып шықтым мафон романтик,
Басымда кепка, үстімде адик.
Қолда гитара, сидим на лавке,
Сегодня вечером болады пати.
Қыздар бүкіл типа на стиле,
Қызыл-жасыл түрлі лосины.
Үстінде пиджак цвета малины.
Билеуде бәрі, жаспенен кәрі,
Колонкада Шатуновтың әні.
Жалбыраған шаш сол кездің сәні,
Ауызда қып-қызы виноның дәмі.
Оп, оп, опа, черно-белый фотка,
Фотка да мотоцикл, отқан топ бала.
Қызбенен технично өтіп барам,
Топ бала көріп қалды опана.
Қайырмасы:
Менімен биле, денеңді бос ұста,
Бұл дискотека из 90.
Магнитафонды барына қоста,
Ойнасын әндер из 90 – деп, сахнада ән орындаған еді. Мына әндерде қандай мағына бар. Айтыңызшы енді. Өкініштісі сол, жастар жағы бұл әнді жарғақ құлағы жастыққа тимей тыңдайды. Өткенде осы орындаушылардың тыңдаушысы екен, бір інішекке артық ауыз бірдеңе деп қалып, бәлеге қалған жағдайым бар. Жастардың көбі қолдап, қорғаштайды осы тектес әндер сөзін. Әлбетте таңертеңнен кешке дейін осындай әндер насихаттала берсе, ол солай болады. Әлде мәтінге орысша сөз қосу сән бе? Әйтеуір осы тектес әндер көп қазір. Қайсібірін жазарымызды білмей отырмыз, шыны керек. Бұл ойландыратын жағдай. Сөздің киесі кетіп бара жатқанына жанымыз ауырғандықтан, осы мәселені көтеріп отырмыз.
Әйтпесе, құдайға шүкір, қазақ музыкасы әнге бай. Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Сегіз сері, Мұхит Мералыұлы, Балуан Шолақ, Әсет Найманбаевтардың әні қандай? Ән мәтініне жазылған сөз құдіретін айтсаңызшы, шіркін! Бертіндегі Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтер жазған ән мәтіндерінің сөзі ше? Нақты дәлел сұрайтындар көп қой қазір. Мысал іздейтін болсақ, Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» әнінің мәтінін алайық. Әнге лайық есті сөз жазған Тұманбай Молдағалиевтің де ақындық шеберлігін атап өтуіміз керек осы арада. «Куә болдың» сөзін жатқа білмейтін қазақ аз шығар. Өйткені ол – нағыз поэзия тілі! Сөз құдіреті! Құр сөзбен сипаттап жаза бергенше, әннің сөзіне зер салайықшы.
Көзімді жұмсам да көрем сені,
Еседі арманның қоңыр желі.
Куә бол Алатау, бақытыма,
Куә бол, көк терек көлеңкелі.
Қайырмасы:
Куә бол, жұлдыз,
Куә бол, Айым,
Куә бол, Алатауым.
Көп іздеп мен бүгін оны таптым,
Бастадым бір әнін махаббаттың.
Ақ қайың аялап арманымды,
Куә боп, көз өзен, күліп жатты.
Қайырмасы:
Куә бол, жұлдыздар, жымыңдасқан,
Куә бол, аппақ Ай, ашық аспан.
Алданба жүрегім енді қайтып,
Арманға кезінде есік ашқан.
Қайырмасы:
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева қалай шырқайды десеңізші «Куә бол» әнін. Шабыттанып, қосыла шырқайсың ғой. Ал қазіргі «орындаушылардың» әнінің сықпыты әлгіндей.
Тәуелсіз ел атанғалы 30 жылдан асты.«Қазақ музыкасы адымдап дамып келеді» деп кеуде кереді кейбір әншісымақ пысықайлар. Ал әнге жазылған сөздің сиқын жаздық осы мақаламызда. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, телеарна және радио басшылығы осы мәселеге басты аударғаны жөн секілді.
«Бұрын көркемдік кеңес болатын. Әрбір ән мәтіні сол көркемдік кеңестен сүзгіден өтетін» дегенді жиі айтады аға буын өкілдері. Көркемдік кеңес қазірде қажет-ақ. Бірақ оның құрамына «кім көрінген» алынбауы керек. Ән мен сөздің қадірін ұғатын зиялы қауым өкілдері болуы тиіс. Мәселен, Илья Жақанов секілді тұлғалар. Сосын есті әндерді насихаттайтын бағдарламалар көп болуы қажет телеэкранда. Мәселен, осыдан 4-5 жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасынан Сәкен Майғазиев жүргізген «Беу» бағдарламасы жақсы жобаның бірі болып еді. Бірақ аз уақытың ішінде жабылып тынды. Телеарна басшылары 4 сағат бойы бір-бірімен сөз таластырып, жаға жыртысып, жастардың санасын улап жатқан бағдарламаларды экраннан аластату керек. Оның орнына жаңағы «Беу» бағдарламасы секілді жобалар қолға алынып, кешегі Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов Дәнеш Рақышев, Ермек Серкебаев, тіпті, көзі тірі Қайрат Байбосынов салған кең тынысты әуезді әндер насихатталуы тиіс. Біз сонда ғана өткенімізді жаңғырта аламыз. Тыңдаушының құлағын тесері бар «Из 90», «Гитарам» секілді әндер сосын жазылмайды да, шырқалмайды да. Қайткенменде «Орынды сөз – мыңжылдық, орынсыз сөз мылжыңдық» екенін ұғатын кез жетті.
Марат Диханбай.
Поделиться ссылкой: