Иманды жас – ел болашағы
Тарихқа көз салсақ, халқымыз жастар тәрбиесіне көбірек көңіл бөлген. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде ең басты рөл атқаратын нәрсе ол, жастарды имандылықпен тәрбиелеу. Жастар – таусылмас күш пен сарқылмас қайраттың нышаны. Кешегі Абылай хан күллі қазақ баласының басын қосып, жауының алдын тосып, ел мен жерді қорғап қалған кезде жасы небәрі жиырмада болғанын білеміз. Ал, аты әлемге әйгілі Ескендір әлемдегі ең үлкен мемлекетті құрғанда өте жас болған. Олар жас болса да бас болып, халық қамын жеп, өмірлерін күреспен өткізген.
Жастарымыз тарихи құндылықтар мен рухани қасиеттерге ұмтылып, атадан қалаған тәлім – тәрбиенің мирасқоры екендігін сезінсе, көңілдегі көксеген мұратына қол жеткізу жеңіл болары анық. Қазіргі жастарды білімсіз деп айта алмаймыз. Алайда білім – ағып жатқан дария, ал тәрбиесіз алынған білім – жардың астында ағып жатқан дария іспетті. Шөлдеген жан шөлін баса алмайтын, ешкімге пайдасы тимейтін ағын дария. Осы себепті дана халқымыз «әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» деген. Ал әдеп, ар, намыс, парасаттылық пен кішіпейілділіктің кілті – имандылықта. Сол себепті ұлағатты ұрпақ тәрбиесінің имандылық аясында болуы – бүгінгі күннің кезек күттірмес талабы.
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекетте белгілі бір қалыпқа түсіретін адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығы мен мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі және өсіп жетілуі, сондай-ақ, адамдармен қарым-қатынасы тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың негізгі бөлігі ретінде саналады.
Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, бар адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.
«Тәрбие тал бесіктен басталады». Бала ата-ананың үгіт насихаты арқасында жақсы немесе жаман мінездерді бойына сіңіреді. Бүгінгі баланы ертеңгі дана етіп тәрбиелеу әке-шеше алдындағы басты міндет. Сондықтан да, исламда әуелі Алланың бірлігі, Мұхаммед (с.ғ.с) оның ең сүйікті елшісі екендігін айта келе барлық ұнамды істерді үгіттеу, ұнамсыз нәрседен тыю, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару, төл тәрбиеміздің түп тамыры екендігін көрсетеді.
Жастарды жақсылыққа бастайтын жақсы қасиеттердің бірі – ауызбіршілік пен ынтымақ. Бірлік болған жерде әрдайым татулық болады.
Ұрпақтың жаңаруы мемлекеттің беріктігін, оның гүлденуін айқындайды.
Өнегелі жас – елдің жарқын болашағы. Елімізді өткенге емес, баянды болашаққа жетелеуге бар күшті салу қажет.
Имандылық адамдарға сабырлы болуды үйретеді. Сабыр, қанағат, адамдардың ең жоғары қасиеттері болып табылады. Сабыр туралы Құранда да жиі айтылады. Тәрбиелік мәнге ие болған әмірлерге қысқаша тоқталып өттік.
Сөз соңында мынаны айтқым келеді. Адамзаттық моральдық қасиеттердің өзегі адамгершілік, адалдық, карапайымдылық, ар-ұяттылық, кішіпейілділік бұның барлығы бір сөзбен айтқанда имандылық. Әр халықтың бойында үйренерлік, үлгі-өнеге тұтарлық жақсы ізгі қасиеттер баршылық. Міне, осыны ескере отырып ұрпағымызды имандылыққа тәрбиелегеніміз абзал. Халқымыз «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» – деп бекер айтпаған.
Тілегіміз қабыл болып, жастарымыз келешекке кемелдікпен қарайтынына сенімдіміз.
Шерхан Мұхтарұлы,
аудандық «Жастар
ресурстық орталығы»
КММ-нің «Ұйымдастыру және
бақылау» бөлімінің
басшысы.