ТҰЛПАР БАПТАҒАН СЕРІ

208 Views

Бақыт Құмарықта дүние есігін ашты. Оның атқа деген құмарлығын Көгершін ауылындағы әкесінің ағасы Қаржаубек атасы оятты. Ұлы Отан соғысынан оралған ақсақалдың кіндігінен ұрпақ болмаған соң Орынбасар інісі қарғадай қағылез ұлын осы ағасының асырауына берді. Ондағы ойы қан майданнан қайтқан жаралы жауынгердің жанына жамау болсын дегені шығар. Апасы Озипа кетпентөбелік қырғыздың қызы еді. Бақытты өбектеп жүріп бауырына басты. Ал, Қаржаубек атасы жылқы мінезді жан болған соң ба қылқұйрық жануарларды айналшықтап жанынан шықпайтын бозбалаға өзінің тұяқты тұлпарлар туралы бар білгенін үйретті.

Балаң Бақыттың атқұмарлығы осы Көгершін топырағында бойына дарып, бодауына жұқты. Бұлар ол кезде Мир көшесінде (қазіргі Нәдір Биғазиев) тұрды. Атағы алысқа кеткен Шопан-Атаның кейін Социалистік Еңбек Ері атанатынын бозбала Бақыт ол кезде білген жоқ, әрине. Өзімен ежеттес Қолпашбайдың Мұхтары, атақты ақтангер Абсенттің бапкері Молдаш ата Әміреевтің інісінің баласы Қайратпен тай-құлындай тебісіп өсті. №97-ші Луговой жылқы зауытының атағы дүркіреп тұрған шақта Бақыт осы мұсайын достарымен бірге Рим Олимпиадасының сәйгүлігін көру үшін Молдаш аталарының үйіне жиі келетін. Сайгез оқтай саяткер қария бүкіл Еуропа, қала берді бүкіл әлемді шулатқан тұлпарға балаларды мінгізіп, содан өзіне бір ләззат алушы еді. Өйткені Абсент бұл кезде барлық дүбірлі жарыстардан шеттеп, Әміре бапкердің алқауында зейнетке шыққан жампоздай жабы да жадау күй кешіп жүрген.
Қаржаубек атасы мен Молдаш атасының әңгімелерінің ләмі үнемі жылқы малы жайлы болатын. Бақыт пен Мұхтар басқа балалар сияқты доп қуалап көшенің шаңын шығарып кешке қарай үйлеріне келіп сүріне жығылатын қатар-құрбыларының санатына жатпайтын. Олар саяткер аталарының жылқы баптау туралы айтқан әңгімелерін жадына түйіп алып, жастықты құшақтап жатып бала қиялға бататын. «Сол кезде атам «Сотка» деген қарагер атты бәйгеге баптап қосуға дайындады. Сол күлікті әбден суытып болған соң шабандоз болып бәйгеге шаптым. Бұл менің тақымыма байланған тұңғыш табысым еді» – дейді Бақыт сол бір салқар күндерін еске алып. Өсе келе Бақыт ат баптаумен қатар аңшылықты да өміріне серік етті. Ол әскер қатарында жүргенде де Қаржаубек атасы мен Молдаш Әміреев атасын сағына еске түсіретін. 1978 жылы Қаржаубек ақсақал бұл дүниеден баз кешіп, апасы Қырғыз еліне көшті. Бақыт өзінің туған ауылына әке-шешесінің қолына қайтып келді. Анасы Баян Арқаның қызы, руы қаракесек, атақты Мәдидің ұрпағы. Бақыт әскерден келген соң екі жылдан кейін Баянға үйленген. Екі ұлы мен бір қызы бар. Базары мен Сұңқары, қызы Ажары ата-ананың көз қуанышы.
Бақыттың басқа кәсібі жоқ. Ол бүгінде аты аңызға айналған Қарақойлының серісі. Өзі саяткер, ат баптаушы, аңшы. Мен онымен «Қарақойлы шежіресін» жинастырып жүргенде ұшырастым. Өзінің әңгімешілдігі Қаржаубек атасынан қалған-ау. Құмарыққа келгелі талай сәйгүлікті баптап, талай ұтысты қанжығасына байлаған бапкердің әр жылқысы жайлы таңға әңгіме айтуға болатын сияқты. Бақыт әскерден келген соң Карл Маркс атындағы колхоздың бір отар қойын алып қойға шықты. Бірақ, жылқы мінезді жігіттің алдында ақтылы қой өріп жүрсе де оның есіл-дерті қылқұйрықты жануарларда болды. Өзі сияқты қойшылардың тақымында жүрген аттардың қайсысының бәйгеге шабатынын жазбай танитын ол: «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деп басын тәуекелге байлады. Осылайша аға шопан Серік Қазыбековтің күреңін өз атына айырбастап алып, бәйгеге қосты. Бақса, бапкерлік қасиет Бақытта да бар екен. Жаңылыспапты. Таңдаған аты бәйгеден келгенде ол балаша қуанды.
Осыдан кейін Бақыттың Бидайшиев берген ат жарыста 210 күліктің ішінен қара бестісі қара үзіп, 32 шақырымды артқа тастап, талай тұяқты тұлпарды шаң қаптырып, шашасына шаң жұқпай мәреге жеткенде тағы да талайы таусыла бөркін аспанға атты. Бұл арғымақ та өзінікі емес, өкіл әкесі Аманжолдыкі болған соң уәде бойынша бәйгесін тең бөлісті. Осы дүбірлі бәйгеге мына Алатаудың арғы жағынан қырғыздар да, бер жағынан алматылықтар мен қордайлықтар да келді. Осы сәйгүлікке ат қойып, айдар тағып ақсақалдар «Қаршыға» деген ат қойған еді. Тіл көз болды ма, жарау жануар ауырып қалды. Бірақ, мал дәрігерінің шипасы тиіп, Артур Кондратьевич Роккельдің қолынан сәйгүлік жазылып, қайта қатарға қосылды. Содан Нәдір Биғазиевтің бәйгесінде 40 шақырымға шауып, тағы да бірінші келді. Осы ат «Нива» автокөлігін де ұтты. Ақыры Аманжол оны бақытқа басыбайлы етіп беріп, босағасына байлады. Шәуе Сәлімбаевтың асында Бақыттың төрт аяғы ала құлақасқа аты тағы да топ жарды. 92 арғымақтан оза шауып мәре сызығын басқан «Көкқұйрық» бас бәйгеге «Газ-53» автокөлігін иеленді.
Иә, Бақыт талай атты баптап, бәйгеге қосты. Бірде Жарлысуда шанаға жегіліп жүрген қарагерді көріп: «Әй, Беке (Сайрамбайдың ағайыны) мынау бәйгеге шабатын жылқы ғой» деп баптап, оның да атын «Қаршыға» деп бәйгеге қосады. Бақыт бұл жолы да қателеспепті. Меркінің асфальт зауытында өткен бәйгеде «Москвич» машинасының кілтін иесіне сыйлайды. Кейін Ілімбек Бидайшиевтің әкесіне берген асында бас бәйгеге тігілген «Газ-31» «Волгасын» да ұтып алады. Бақыт Орынбасарұлы Изенбаевтың атағы сонау Арқадағы ағайынға да мәлім болды. Астанада тұратын Мәлік Дүйсенбаев деген атқұмар азаматтың үш сәйгүлігі бар екен. Ол сол жылқыларын сынап беруге Бақыт атбегіні шақырады. Сонда үш атқа қарап тұрып Бәкең: «Мынау екі атың шаппайды. Ал, мына қарагер құлын кезінде жамбасын сындырып алыпты. Шапса осы шабады, баптайық» дейді. Сол «Есенді» есімді арғымақ Баян батырдың 150 жылдығында (2006 жылы) бас бәйгені иеленіп, Әбіш Кекілбаевтың қолынан «Жигули» автокөлігінің кілтін әперді. Бақыт Изенбаев бұдан кейін де Қарағандының «Шапағат», «Алмас торы» деген арғымақтарын баптап, ұтыс әперді.
Жақында Бақыттың Құмарықтағы үйінде болдым. Саяткер сегіз сәйгүлік баптап отыр екен. Оның үшеуі өзінікі, қалғандары басқа атқұмарлардыкі. Атқорадан шыққан соң Бәкеңді әңгімеге тарттым. Күлік баптаудың қыр-сырын сұрадым. Ол Шал тауының қарлы шыңына қарап аз-кем отырған соң асықпай әңгімесін сабақтады: «…Менен кейбіреулер: «Осы жылқыға да система салады деген рас па?» деген сұрақ қояды. Мен айтам: «Рас» деп.Ол қазіргілердің амал-шарғысы. Ал, ата-бабаларымыз таза қанды жылқы деп Солтүстіктің күліктерін таныған. Бүгінде ғалымдар Қостанай жылқыларының қазақтың бағзы замандағы қарабайыр жылқылары екенін дәлелдеді. Ал, сонау Дубайдағы дүбірлі жарысқа қатысқан Қадырханның осы өңірдің текті жылқысы екенін о бастан-ақ танығанмын. Арғымақтың иесі оралдық Тілек деген азамат екенін бүкіл әлем білді. Аттың бағы шабандозға да байланысты болады. Бәйге аты еркін шабуы үшін оның «қамау тері» алынуы тиіс. Баяғыда Қаржаубек атам суытылған күлікті киіз үйге кіргізіп, от қозына байлап, кәдімгі «монша» жасайтын. Сонда жылқының қамау тері алынады екен. Аттың басы ғана киіз үйдің кішкентай тесігінен шығып тұратын, қалған жері толық тұмшалаулы болатын.
Саяткер атбегі нағыз шабандоз деп ұстазы Саяқ Терсебаевты, ат спорты шебері Ақан есімді ағайын атады. Бақыттың ондай атақ, даңқы болмағанмен оны бүкіл қазақ елі біледі. Оның осындай атбегілік, сыншылық қасиетін мойындамасқа лажымыз жоқ. Оны тегі Толыбай сыншы сияқты білгір демесек те, жылқы малының қасиет-қадірін бір кісідей-ақ білетінін көріп жүрміз.

С.Қожеке,
ардагер журналист. Суретте: саяткер атбегі Бақыт Изенбаев.

Поделиться ссылкой: