Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
Қазақтың қабырғалы қаламгері Қабдеш Жұмаділовтің «Тарих – үстіне не құйсаң божып тұра беретін сабадағы іркіт емес» деген сөзі бар. Бұны қалай түсінуге болады? Бұдан шындықты бүркемелеп, тарихты өз пайдасына бұрмалағысы келгендердің түптің түбінде «шынайы бетпердесі» ашылады деген ұғымды аңғаруға болады. Мәселен, XX ғасырда қарға тамырлы қазақ халқы қиындықтың небір көкесін көрді. Шындығында көрсетті. Ел тұтқасын ұстаған азаматтарды жер аударды, түрмеге қамады, атты. «Асыра сілтеу болмасын, Аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен байлардың малдарын кәмпескеледі. Халық үдере көшіп, шет ел асты. Тіпті, қолдан жасалған ашаршылық салдарынан халық қынадай қырылды. Бірақ «Қаратаудай қараны, Алатаудай ақ жеңеді» деген. Көрер жарығымыз бар екен. Осындай қиын-қыстау кезеңнің бәрін жеңіп, бүгінгі күнде Тәуелсіз ел атанып отырмыз. Шүкір. Құдайға мың да бір тәубе.
Білесіздер, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, өткен жұмада аудан тұрғындары, яғни ардагерлер кеңесінің мүшелері, түрлі мекемелерде қызмет істейтін еңбек адамдары және ерікті жастар орталық алаңдағы тау тұлғалы Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, халқының мүддесі үшін жанын қиған ұлт қайраткерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Марат Диханбай.