Қызметтік мансаптан гөрі адамдық арды ойлаған қаламгер

120 Views

Журналистика – кім көрінген еңбек ететін мамандық емес. Өз сөзім. Себебі мақала жаза білмесең, бұл салада абыройың да болмайды. Әйтпесе осы уақытқа дейін «өзін журналист сезінген данышпандарды» көп көрдім. Тірі болсақ, әлі де көре береріміз анық. Сондай көңіл-күйдің мазасы қашқан сәттерде журналист, ақын Кәріпжан Нүсіптің жазғандарын оқимын. Жазған жазуынан шынайы кәсібиліктен иісі аңғарылып тұрады. Рахаттанып оқисың. Сөйтіп, алабұртқан мазасыз ойлардан өзіңді осылай жеңдіресің. Әттең, көзі тірі болғанда тәлімін алған болар едік. Бірақ, сол бізге бұйырмады. Дегенмен Кәрағаңа деген інілік құрметіміз айрықша. Бейнесі сартап сағынышқа айналған Кәрағаң туралы газетіміздің осы нөмірінде ой толғауды жөн көрдік.
Сөзбасы: Заманында КазГУ-дың (қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деп аталады) журналистика факультетіне оқуға түсу қиынның қиыны болатын. Өйткені КазГУ – журналист мамандығын даяр­лайтын жалғыз әрі таңдаулы универ­ситет еді. Сондықтан ол жаққа оқуға түсу бақыты екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін. Әрине бүгінде не көп журналист мамандығын даярлайтын оқу ордалары көп. Бәрібір айналып келгенде КазГУ-дың қалашығы әр­қашан шоқтығы биік оқу ордасы болып қала берері сөзсіз.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз, ауда­ны­­мыз­ға ғана емес, об­лыс­қа, тіпті, респуб­ликаға бел­гілі жур­налист, ақын, Қазақстан Журна­лис­тер Одағының мү­шесі, ауданның Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіп те КазГУ-дың түлегі. Мына сурет бұл сөзіміз­дің айқын дәлелі.
Ойтолғау: Сөз басында КазГУ-ға оқуға түсудің оңай болмағанын жаз­дық. Тіпті 5 жыл бойына осы жер­ге оқуға түсе алмаған ағаларды да білемін. Өйткені Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сынды тау тұлғалы ұстаздардың емтиханда қойған сұрақ­тарынан сүрінбеген абитуриент некен саяқ. Өзіміз де білім алдық КазГУ-де. Сонда ұстаздардан еститінбіз. Тауман, Темірбек ағалар журфакқа 40 ұл бала, 5 қыз бала қабылдайды екен. Не деген көреген ұстаздар десеңізші. «Болмаған Белинскийлер мен толмаған Толстойлар» (Темірбек Қожакеевтің сөзі) осы тенденцияға ілікпей, оқуға түсе алмайтын болып тұр ғой сонда. Меніңше, Кәрағаң бұл тұрғыда жолы болған журналист. Ол тау тұлғалы профессор Амандосов пен жерлес, руластықтан гөрі білім мен темірдей тәртіпті басты мақсатына балаған Қожакеев сынды ұлы ұстаздардың «қаһарына ұшырамай», КазГУ-ды ойда­ғыдай тәмамдап шықты.
Кәрағаң журналистиканы тәмам­дап, қалада қалып қойған жоқ. Дипломды қолға алып, бірден ауылға тартты. Са­налы ғұмырын аудандық газетке арнады. «Қыза жаз, қыздыра жаз, қы­зыға жаз, қызықтыра жаз» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін қаперге алып, оқыр­­мандар сүйсіне оқитын сүйекті мақалалар жазды.
Журналистика – жүйке жүйесіне ауыр­лық түсіретін мамандық. Оны осы мамандықты тәмамдап, жазушылық шыңға жеткен қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірегейі Әзілхан Нұршайықовтың сөзінен аңғаруға бола­ды. Ол «Үйді бұзу оңай, салу қиын. Мақаланы оқу оңай, жазу қиын» деген. Осы өлшемге салып бағамдайтын бол­сақ, мақаланы жазу расыменде айтуға оңай сөз болғанымен, жазу процесі сондай күрделі. Қаншама қажыр-қай­рат жұмсайсың. Жүйке тозады. Бұны Кәріпжан Нүсіп жақсы түсінген. Өйткені ол – кәсіби журналист.
Ең алғаш қызметке келгенде бұрын­­ғы газет тігінділерін қо­лы­ма алып, зер­делеп шыққан едім. Сонда қай жылы екені есіме түспей отыр, Кәріпжан Нүсіптің «Сынған тіс» деген сықақ фелье­тонын бас алмай оқы­ғаным бар. Сол мезетте оның мақала жазу стиліне қайран қалғанмын. Бірден кәсіби жур­налист екені аңғарылады. Сөздік қорды айтсаңызшы. Әйтпесе, газетте небір тілімен «сойқан сойып» жүрген әріптестеріміз көп қой. Мақала­сының басы бар, соңы жоқ. Еңбек өтілі 10 жылдан асса да, мақала­сын оқыған кезде оймақтай ой таба алмайтын журна­листерді де көріп жүр ғой мына шыққыр көзіміз. Несін айтасыз. Енді олардың жазғандарымен Кәрағаңның жазған мақалаларын салыстырып көріңіз. Айырмашылық жер мен көктей. Айтар ойымыздың түйінін Кәріпжан Нүсіптің жырымен жеткізейік.
«Болмай-ақ өлеңге жақындығың,
Дейсің-ау: «Қайда сенің ақындығың?»
Сүрініп сөзге кейде шыбындайсың,
Басыңды иіп алдында ақылдының.

Айналса да дәулеттен басың бүгін,
Көпті көрген сен менің жасымды ұғын.
Өнер шыңын ешбір жан құлата алмас,
Сол биіктік негізі – тасым мығым.

Жаны пәкті қаралап даттамай шын,
Өнерліні саралап мақтағайсың.
Екі сөздің басын да құрай алмай,
Жүргендерден тағдырым
сақтағайсың».
Журналист болған соң көп оқуға тырысамыз. Жай оқып қоймай, көңілге жаққан сөздерді күн­делік дәптерге түртіп қоятын дағ­дыда қалыптасқан. Мұқабасы көк түсті күнделік дәптерімізге мұқым қазақ­тың мұңын айтуда ешкімнен және ешқашан тайсалмаған заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның 1998 жарияланған «Оралхан» атты мақаласынан үзінді жазыппыз. Сөз жоқ қой, шіркін. Сонда Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» атты шығармасындағы кейіпкерлерді сөз ете отырып, былай деп күйінеді Шерағаң. «Басшы болсаң, әділ болсаң, нағыз еңбекшінің жанында жүр. Көр өз көзіңмен. Кім пәруана, кім жалқау. Кім ауырдың астымен, кім жеңілдің үсті­мен жүргенін. Көр. Біл. Сонда ғана әділеттік орнайды. Әйтпесе, Сейіт­құл қойшы сияқты бастық атаулыға қой сойып, пара беріп, өтірік өсіп жат­қандар аз ба? Ал, бұл арамдық Бар­хан­ның мінезінде жоқ. Болмайды да. Ондайларды басшылар жақтырмайды, қаламайды, өсірмейді». Ақиқат па? Ақиқат. Кәрағаңның туыс іздеп жоғары лауазымға мүлде қызықпағанын жақын араласқан әріптес-достары жақсы біледі деген ойдамыз. Оны бізге Гүлназ Кәріпжанқызы да қыжыла айтып берді. Әйтпесе, аудандық газетті басқаруға оның тәжірибесі де, шығармашылық дең­­гейі де жеткен жоқ емес, жетті. Бірақ, ол оны мақсат еткен жоқ. Емен есікті кабинеттегі «креслодан» қолын­дағы қаламсабын бірінші орынға қойды.
Журналист Сейсен Қожеке аудандық газетте Рахметілдә Құдабаев, Есен Төреқұлов, Мұрат Ахалиев, Әбдіжақып Туғанбаев, Кәріпжан Нүсіп сияқты білікті журна­листермен бірге қызметтес болып, Құдабаевтан очерк жазуды, Туғанбаевтан ау­дар­ма жасауды, Төреқұловтан ресми материалдарды әзірлеуді, Ахалиевтен сын мен корреспонденцияларды жазу­ды, ал, Кәрағаңнан өлең шығаруды үйренгенін айтқан еді. Айтса айтқандай-ақ, Кәрағаңның өлеңдері расыменде жүрекке жылулық сыйлайды. Сосын тез жатталады. Мәселен, «Біз екеу­міз» әніне жазылған Кәріпжан Нүсіп­тің мәтінін оқып қараңызшы. Осы әнді «Хабар» телеарнасы бей­не­таспалаған әнші Досымжан Таңата­ров­тың шығармашылық кешінде залға жиналған көпшіліктің қосыла шырқағанын көзіміз көрді. Үлкендер жағы, біздің буын бұл әннің авторларын білгенімен, кейінгі толқын іні-қарын­дастар оны біле бермеуі мүмкін. Мына мақалада Кәрағаңның ақындық қа­сиеті сөз болғандықтан «Біз екеуміз» әнінің толықтай мәтінін газет бетінде жария­лауды жөн санадық.
Қалықтап ақ қанат, ақ қар,
Сыр тыңдап мүлгиді бақтар.
Кең далам құшағын жайып,
Есімде қауышқан шақтар.
Қайырмасы:
Мөлдіреп жұлдыздай көзің,
Жүректі тербетті сезім.
Біз екеуміз, біз екеуміз,
Қауыз жарған гүл екенбіз.

Жастықтың жан сырын ашқан,
Нұрланған айлы түн, аспан.
Мейірбан пәктігін жырлап,
Сен болып көңілім тасқан.
Қайырмасы:
Жол тапқан жүректен ерен,
Айқабақ сұлуым сен ең.
Алғашқы махаббат отын,
Сәулем-ай сағынып келем.
Қайырмасы:
Бір жағынан ойлап қарасаңыз, дәл осындай сөз мәтінін Зейнолла Қабдолов, Қалижан Бекқожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сияқ­ты біртуар тұлғалардан дәріс алған Кәріпжан Нүсіптің жазуы заңды да іс­петті. Өйткені Кәріпжан Нүсіп ақиқат­тың қызыл шоғын ақ арымен көсеген кәсіби журналист әрі сыршыл ақын.
«Қалам ұстағанның бәрі бірдей журналист емес» дейді Әзілхан Нұршайықов. ҚазГУ-де оқып жүрген кезімізде Мұрат Шаймаран, Қойшыбек Мүбәрәк ағаларымыз осы сөзді жиі айтушы еді. Студент кезде жіті мән бермеппіз. Қазір бағамдап отырсам, әдейі сауырға қамшы басады екен ғой ұлағатты ұстаздар. Бір өкініштісі, бала кезден өлеңдерін жаттап, мақалаларын көз майымыз тауысып оқыған Кәрағаңмен әріптес болып, тілдесу реті бізге бұйырмады. Біз журналистикаға жаңадан қадам басқанда Кәрағаң дүниеден өтіп кеткен еді. Көңілге жұбаныш сыйлайтыны, әйтеуір ол кісімен әріптес болған ұжым мүшелері кері пікір айтпайды. Ең бастысы өмірден өткен соң сенің артыңнан жақсы сөздер айтылып жатса, онда сенің жақсы Адам болғаның емес пе?..
«Газет жұмысы – бір жағынан жазу­шының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады. Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе басың кетеді. Сөйтіп жүріп мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым. Ал, Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз» – деп еске алады Шерағаң жаңағы «Оралхан» атты мақаласында аяулы шәкіртін. Кәрағаңның «Біз екеуміз» әнінің мәтінін оқып отырып, өлең жазсаң осылай жазу керек деген ойға бекідік. Осы көлемді мақаланы жазарда жуырда ғана аудандық білім бөліміне басшы болып тағайындалған Мұратбек Айтымбетұлының да пікірін алған едік. Кәрағаң туралы оның да өз айтары бар.
Болмысы бөлек шын шайыр
– Жалпы, қасиетті Құлан жерінен қаламы қарымды, сөзі алымды сақа журналистер көптеп шыққан. Соның бірі әрі бірегейі деп ақын, есім-сойы ауданымызға, облысымызға, тіпті мұқым қазақ еліне белгілі жампоз журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ауданымыздың Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіп ағамызды айтсақ, бұл сөзімді жұрттың көбі қостайды деген ойдамын.
Кәріпжан ағамыз аудандағы 84 жылдық тарихы бар еңселі басылым «Құлан таңы» газетінде зейнет жасқа шыққанға дейін бар күш-жігерін сарқа жұмсап, еңбек етті. Ол өзі оқыған журналистика мамандығының қадірін жауапкершілікпен ұғынып, қаламына адал болды. Еткен ісін көбік сөзбен я болмаса жалаң ұранмен емес, жазуымен, шынайы кәсібилігімен дәлелдеді. Жастайымыздан белгілі қаламгердің шығармаларын жарғақ құлағымыз жастыққа тимей оқыдық десем де болады. Мәселен, Кәріпжан ағамыз өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдырған «Өмір өрнектері», «Балаларға байғазы» атты жыр-жинақтары менің әлі есімде. «Сырсандық», «Өнер деген өлке бар» деген прозалық шығармалары аузымен құс тістеген талай ақын-жазушылардың жоғары бағасын алып, оқырмандардың сүйіп оқитын туындыларына айналды.
Кәріпжан ағамыз сөзін жазған композитор Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Біз екеуміз» әні қазақ музыкасының алтын қорындағы есті әннің бірі болып тарихта қала­ты­ны сөзсіз. Себебі біз ғана емес, дүйім көпшілік осы әнді ерекше тебі­ре­ніспен шырқайды. Ол дегеніңіз – есті әнге сиқырлы мелодия жазған компо­зитордың кәсібилігі мен осы өлеңге келісті көркем сөз жаза білген шын шайырдың шеберлігі деп білемін.
Кәріпжан ағамыз табаны күректей 40 жылға жуық уақыт аудандық газетте абыроймен қызмет етті. Осы аралықта көптеген дарынды қыз-жігіттердің талабын шыңдап, олардың жазуға деген машығын қалыптастырып, ынта-жігерін оятты. Ол жандар да қазір өздері журналистика саласында өзіндік сүрлеу жол салып, ұлт баспасөзінің туын жықпай, қызмет етіп жүр. Олар­дың ішінде, жазушы Ардақ Үсейін, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, қаламгер, 100 жылдан аса тарихы бар облыстық «Ақ жол» газетінің әлеумет бөлімінің аға тілшісі Қамар Қарасаеваның есімдерін атауға болады.
Келесі жылы ақын, шын шайыр, жампоз журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ауданы­мыздың Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіптің туғанына – 85 жыл толады. Осы мақсатта 2025 жылы есім-сойы елге белгілі ерен тұлғаның 85 жылдығын атап өту мақсатында мектеп қабырғалары мен мәдениет ошақтарында, жалпы аудан көлемінде рухани бағытта көлемді іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Біздің өлке әркез өз таланттарын бағалаған. Бағалап та жүр. Кәріпжан ағамыздың ғұмырлық өмір­дерегі жөнінде айтқан пікірімді сол сөздің дәлелі деп білсеңіздер болады, – деді Мұратбек Айтымбетұлы.
Сөз соңы: «Дүниеде ұқсас нәрселер көп. Мәселен, Құдай қара құсқа қыран бүркіттің түрін берген. Алайда, қыран бүркіт көктен құйылып келіп аң алады да, қара құс өлексе жемтік іздейді» дейді ақын Темірғали Көпбаев. Бұл жерде ақын Темірғали таланттың тегеуріні турасында ой қозғаса керек. Журналистикадан «өлексе жемтік» іздеп жүрген көлденең көк аттылар жоқ емес, бар. Кәріпжан ағаның қызы Гүлназ ханым мына бір суретті қолға ұстатқан сәтте Темірғали ақынның осы бір сүбелі сөзі ойға оралды. Кәрағаң суреттің артына өзін және Мэлс Өзбеков деп жазыпты. Жылы жазылмаған. Екі талант бір-бірін қалай түсініскен десеңізші! Өзінің «Өнер дейтін өлке бар» атты кітабында Кәріпжан Нүсіп Мэлс Өзбеков жайлы кеңінен тарқатып жазады. Бүгінгі таңда аудандық мәдениет үйі даңқты сазгер Мэлс Өзбековтің есім-сойымен аталады. Ал Кәріпжан Нүсіптің тегімен атала­тын ауданда тым болмағанда көше де жоқ. «Өлді деуге бола ма, ойлаң­даршы, Өлмейтұғын артында сөз қал­дырған» деген абыз Абайдың сөзін жат­қа білмейтін жан баласы жоқ шығар, сірә. Осы ұғымның өлшемімен сараласақ, талантты журналист әрі сыршыл ақын Кәріпжан Нүсіп өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған тұлға екені айқын. Есім сойылы жұртшылыққа бейтаныс «біреулерге» берілген көше атауы осындай айтулы тұлғаларға берілсе нұр үстіне нұр болар еді…

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: