Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Журналист болған соң, барлық газет-журналдарды оқып отырамыз. Жақында облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі Нұрболат Аманбек өзекті мәселені көтеріп, мақала жазды. Облыстың бас газетінде жазылған мақаланың тақырыбы – «Есімің жердің бетінде, желдің өтінде емес, елдің есінде қалсын» деп аталды. Осы мақалада жазылған автордың көзқарасына қолдау көрсетіп, біз де газетімізге шағын мақала жазуды жөн санадық.
«Жаз мезгілінде қала тұрғындарының демалатын орындарының бірі – шаһардағы саябақтар мен мәдени орындар. Алайда, бүгінде қай саябақ пен аллеяларға барсаңыз да, орындықтар мен скверлерде, аялдамалар мен мрамор төсеніштердегі шимай-шатпақ жазулардан көз сүрінеді. Бірінде – жас ғашықтардың есімі жазылса, ал бірінде жөнсіз кемсітулер мен айтуға ауыз бармайтын бейәдеп сөздер бар. Ең өкініштісі, мұндай жабайы жазулардың авторы – ел ертеңі деп сенген жастар болып отыр. Ғылымда мұндай әрекет вандализм болып саналады» деп жазған екен тілші Нұрболат Аманбек өзінің мақаласында. Рас қой. Журналист жөн мәселені көтеріп отыр. Мұндай кемсітулерге толы анайы сөздер мен былапыт жазулар ауданымыздың орталығындағы саябақтарда тұрған орындықтарда да жазулы тұр. Бұған әрине, ешкімді кінәлай алмайсың. Бірақ бізде қит еткен нәрсенің барлығына «Әкімшілік жауапты» дегендей сыңайдағы пікірлер айтылады. Дегенмен, оның дұрыс еместігін көзі ашық, көкірегі ояу адам жақсы біледі. Мәселен, аудандық салық басқармасының артындағы саябаққа (мына суреттегі) сәнді арканың да қойылғанына көп болған жоқ. Шатпақ-шимақ жазуды осында да жазып тастапты бәзбіреулер.
Адамға ақыл айтудан аулақпыз. Осының бәрі айналып келгенде өзімізден екенін ұмытпағанымыз абзал. Тәрбиелі адам олай істемесе керек-ті. Тіпті бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Атырау жерінде өткен үшінші Ұлттық құрылтайда ой қозғап, қоғам тәрбиесіне алаңдаушылық білдірген еді. Сол жиында Президент мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштерден бөлек, ауладағы ойын алаңдарындағы, көшедегі аялдамалар мен лифтілерді шимай-шатпақпен бүлдіру қоғамдық кесел екендігін, мұның бәрі тәртіпсіздік, мәдениетсіздіктен туындайтынын баса айтып, өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керектігін айтқан болатын. Шіркін, ел ертеңі деп сеніп отырған жас өскіндер осы пікірден сабақ алып, ұғынса дейсің…
Марат ДИХАНБАЙ.