Реформаның үштағаны: жасампаздық пен жаңғыру жолы

119 Views

Барша қауымға белгілі, жалпы жұртқа жария бір ақиқат бар. Еліміз кейінгі бес жылдың бедерінде мүлде өзгеріп, билік құрылымынан бастап қоғамдық-саяси санаға дейін түбегейлі жаңғырып жатыр. Бұл жаңғыру батыл қадамдарға, байыпты шешімдерге табан тірейтіні сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған сол саяси бағдар жөнінде тарқатып айтқан жөн болар. 

 Әділеттілік – қоғамның жаңа қағидасы

Мемлекет – аса күрделі құры­лым. Оны реформалау және қандай да бір өзгеріске әкелу – қиынның қиыны. Мұны жүзеге асыру үшін халықты ұйыстыра­тын алып идея қажет екені айтпаса да белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев би­лік­ке келген тұста қоғамның мұн­дай идеяға деген сұранысы аса жоғары еді. Президент ұсынған «Әділдік» феноменінің бірден ел идеологиясының тұтқасына айналуы – осының айғағы.

«Әділдік» ұғымы ұлттық ре­фор­ма­лар­дың басты ұранына айналды. Бұл ұстаным ауқымды өзгерістердің үшта­ға­ны саналатын саяси, әлеуметтік-эко­номикалық және қоғамдық сана рефор­ма­сының өзегі ретінде берік бекіді. Сонымен қатар бұл өзгерістерді нақты идеяны арқау еткен, түпкі мұраты ай­қын­далған байыпты бастама ретінде қа­былдаған абзал.

Саяси институттар трансформациясы

Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент лауазымын қолға алғаннан бері іске асқан саяси реформалардың түпкі мазмұны елдегі демократия инс­титуттарын дамытуды көздейді. Бұл – саяси жүйені жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қор­ғауға, сондай-ақ мемлекеттік бас­қа­рудың тиімділігін арттыруға негіз болды.

Саяси реформалар туралы сөз қоз­ға­ғанда Конституцияны өзгертуге бағытталған жалпыұлттық референдум туралы атап өту – заңдылық. Бұл ретте Президенттің өзгерісті әркім өзінен бастауы керек деген ұстанымы жалпыға бірдей үлгі болғаны анық. 2022 жылы енгізілген Конституциялық өзгерістердің басты жаңалығы – Президенттің өкілет­тігін бір мерзіммен шектеу туралы ше­шім. Бұл «Әділдік» феноменінің нақты орын­далғанын көрсетті.

Сондай-ақ референдум аясында Пар­ла­менттің рөлін күшейту және құқық қорғау органдарының қызметін жақ­сартуға бағытталған шаралар қолға алынды. Бұл реформалар саяси жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға және халықтың билікке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қам­тамасыз етіп, демократиялық инсти­туттардың нығаюына ықпал етеді. Мемлекет басшысының саяси рефор­ма­ларының тағы бір тармағы саяси партияларды тіркеуді жеңілдету болды. Бұл өзгеріс саяси аренада жаңа партиялардың пайда болуын жеңілдетіп, саяси әралуандыққа жол ашты.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі де айтарлықтай өзгеріске бет алды. 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдері тікелей сайлау арқылы сайлана бастағанын білесіздер. Бұл қадам жергілікті мәсе­ле­лерді тиімді шешуге және азамат­тар­дың өз өңірлеріндегі басқару үдерісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Саяси трансформацияның тағы бір маңызды бөлігі – Парламенттің рөлін күшейту туралы шешім. Парла­менттің атқарушы билікті бақылау функцияларын күшейту арқылы заңна­малық органның ықпалы артты деуге толық негіз бар.

Президент ұсынған саяси реформа­лар­дың бір жаңалығы – адам құқық­тарын қорғауға бағытталған шара­лар. Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіретін және азаматтық қоғамды дамыта түсе­тін қолдау шараларын енгізді. Конс­титуциялық сот қайта қалпына келті­рілді. Заңдылықты қадағалайтын про­кура­тура мен Адам құқығы жөніндегі уә­кіл конституциялық мәртебеге ие болды. Бұл қадамдар халықаралық стан­дарт­тарға сай келетін құқықтық жүйені қа­лыптастырды.

Аталған реформалар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғамның саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ билік тармақтары ара­сын­дағы тепе-теңдікті сақтауға жол ашты. Түптеп келгенде, бұл ауқымды шара­лар Әділетті Қазақстанның нықтап орнығуына мүмкіндік берді.

Әлеуметтік-экономикалық реформалар

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеумет­тік-экономикалық дамуын қамта­масыз ету мақсатында да ауқымды реформалар жүргізіп келеді. Бұл – қоғамдағы әлеу­меттік әділеттілікті нығайтуға, эко­но­микалық өсімді қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру деңгейін жақ­сартуға бағытталған.

Президент Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға концептуалды өзгеріс енгізілді. Яғни жер мен оның қойнауындағы байлық халықтың мен­ші­гі ретінде айқындалды. Бұл қағида әлеуметтік саясаттың тірегіне айналды.

Нақты дәлел: «Ұлттық қор – бала­лар­ға» бағдарламасы іске қосылды. Бағдар­лама арқылы еліміздегі әр балаға Ұлттық қордан қаражат бөліне бастады. Бұл шараның түпкі мақсаты – әлеуметтік теңсіздікті азайтып, балалардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Бағдарлама өскелең ұрпаққа инвестиция салып, олардың білім алуына, денсаулығын жақ­сартуға және өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беруге тиіс.

Шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары да артты. Бизнесті тексеруге үш жылға дейін мораторий жарияланды. Заңсыз алынған активтерді елге қайтарып, экономикалық айналымға түсіре бастады. Еліміздің логистикалық мүмкіндіктерін молайту арқылы табыс түсімін арттыруға жіті мән бе­рілуде. Алдағы уақытта Қазақстанды логис­ти­калық хабқа айналдыру жөнінде ауқым­ды міндеттер қойылды. Соған сәйкес инфрақұрылымды дамытудан бас­тап, қалыптасқан жүйені цифрландыру жұ­мысын қарқынды жалғастыруға ай­рық­­ша мән беріліп отыр.

Президент индустрияландыру және инновацияларды дамытуға үлкен мән береді. Осы бағытта экономиканың әрта­рап­тандырылуы және жаңа технология­ларды енгізу мемлекеттің маңызды міндеттеріне айналды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары арқылы өндіріс орындарын құру, ғы­лыми зерттеулерді қолдау және жоға­ры технологиялық салаларды дамыту көзделіп отыр. Цифрландыру саяса­тын жаңғыртып, бұл бағыттағы жетістік­те­рімізді еселеуге жаңа мүмкіндіктер жасалып келеді.

Бұрын назар аударылмаған энерге­ти­калық, инженерлік жүйені түбегейлі жаңарту бастамасы қолға алынды. Ұлт­тық қауіпсіздік, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін бұл сала ондаған жыл бойы қараусыз қалып келгені ешкімге жасырын емес. Мемлекет басшысы бұл олқылықтар түзелмей тұр­мыс түзелмейтінін жақсы біледі және білгендіктен нақты шешімдер қабылдап келеді.

Әлеуметтік серіктестік қағидаттары да – ерекше тоқталуды қажет ететін тақырып. Еліміз еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және еңбек жағдайларын жақ­сарту мәселелерін айтарлықтай кү­шейтті. Әлеуметтік серіктестік аясында жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы диалогті нығайту, еңбек құқықтарын қорғау және өндірістік дау­ларды шешу тетіктерін жетілдіру маңызды орын алады.

Әлеуметтік саланың әуелгі тірегі саналатын денсаулық сақтау және білім жүйесі де түбегейлі реформаға ұшырады. Аталған сала мамандарының жалақысын екі есеге дейін ұлғайту тура­лы шешім қабылданды. Бұл білікті мамандардың салаға келуіне жаңаша серпін бергені сөзсіз. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Ғылымның дамуына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Ұлттық ғылым академиясы өзінің тарихи тұғырына қайта қонды.

Алдағы уақытта жоғарыда біз атап өткен әділеттілікке негізделген әлеуметтік және экономикалық сая­сат қағидасы – еліміздің қуатының, хал­қымыздың әл-ауқатының негізгі сенімді күші болып қалатыны даусыз.

Қоғамдық сананың серпілісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күллі реформасының өзе­гін­де «Заң мен Тәртіп» ұстанымы тұр. Шын мәнінде «Әділдік» феномені осы екі түсінік үстемдік құрмай тамыр жая алмасы анық.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Заң адам үшін жазылады. Адам заң үшін тумай­ды» деген сөзі бар. Еліміз қабылдаған қабырғалы құжаттар ең әуелі азаматтарымыз, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды кертартпа қоғамдық кеселдерден сақтау үшін жазылған.

Бұл ретте елімізде синтетикалық есірт­кі саудасын, құмар ойын жарнамасын, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, браконьерлікті ауыздықтайтын бірқатар заң қабылданды.

Мұның бәрі Әділетті Қазақстанды тұғырына шығарып, нық орнатуға бағыт­талған қадамдар. Түбегейлі ре­фор­малар өз миссиясын орындады. Бірақ реформаларды жүзеге асыру – бір бөлек, оны орнықтыру – бір бөлек дүние. Бұл үшін қоғамдық сана да жаңғыруға тиіс.

Президентіміз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын жаңа құндылықтар тізімін, яғни «Адал азаматтың» бейнесін айқын көрсетті. Бұл не үшін қажет? Қоғамдық ұстанымдар мен қолдау негізінде оң бағыттағы реформалардың іске асуы және берік орнығуы үшін қажет. Себебі адал азамат – ескі жүйеге оралмаудың кепілі, әділеттілік құнды­лық­­тарының қорғаны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен еліміз бес жылды еңсерді. Бұл ұзақ жылдар бойы сірескен саяси жүйені серпілткен бес жыл болды. Қордаланған әлеу­меттік мәселелердің түйінін шешкен бес жыл болды. Экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету үшін батыл ұмтылыс жасаған бес жыл болды. Ең бастысы, қоғам жылдар бойы күткен әділеттілікті төрге оздырған бес жыл болды. Бұл бес жыл алдағы жетістіктеріміздің жолашарына айналатыны анық.

Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы 

Поделиться ссылкой: