Жұмыстағы басты қағидатымыз – ашықтық
23 маусым – Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Аудандық газет тілшілері жыл сайын бұл мереке қарсаңында осы салада қызмет істеп жүрген полиция қызметкерлері жайлы арнайы мақалалар топтамасын әзірлеп, оны оқырман назарына ұсынуды дағдыға айналдырған. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, аудандық полиция қызметкерлерімен тілдесіп, жазар мақаламызға қажетті детальдарды алып қайтқан жағдайымыз бар. Кеше сол детальдарды жиынтықтап, мақалаларды көркемдік тұрғыдан жазып шықтық. Оны газетіміздің бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынған болатын. Бұл тұжырымдаманы «Полиция қызметкерлерімен не үшін байланыстырып отыр?» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда біз сол тұжырымдаманың басты мақсаты – көзбояушылықпен айналыспай, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың мұң-мұқтажына құлақ түру екенін айтайық. Яғни кез келген адам алдыңа келсе, одан «ат тоныңды ала қашпай», онымен еркін, ашық форматта диалог құру. Мамандығымыз журналист болғанымен, біз де қазақ дейтін қарға тамырлы халықтың өкіліміз. Жасыратын несі бар, кейде «аты дардай бір мекемелерге» барсаң, ол жерден ақпарат алу туралы айтпай-ақ қоялық, кіріп, тілдесудің өзі қиын. Сейсенбі күні біз полиция қызметкерлерінің төл мерекесіне орай материал әзірлеп, газетке жариялайтынымызды Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Сүлеймен Қайсар Бақытжанұлына хабарласып айтқанымызда, ол «анаған, мынаған» деп қызметкерлерге сілтей салған жоқ. «Нақты уақытын айтыңыз, сол уақытта сізге қажетті ақпараттарды дайындап, жазар мақалаңызға кейіпкерлерді де ойластырып қойдым» деді. Міне, ашықтық деген осы. Сәрсенбі күні Қайсар Бақытжанұлымен жолығып, әңгімелестік. Шені – подполковник болса да, ол мұрнын шүйіріп, кеудесін тік ұстаған жоқ. Қайта қарапайымдылығын көрсетіп, қойған сұрақтарымыздың барлығына ашық әрі нақты мысалдармен жауап беріп отырды. Енді Қайсар Бақытжанұлын аудандық газетке қызметке келгелі бері білемін десем болады. Оның осы салада қызмет істеп жүргеніне биыл 15 жылдың жүзі болыпты. Бізге – 10 жыл болды. Бұрнағы жылдары да атаулы мерекеге орай мен полиция қызметкерлері жайлы мақалалар әзірлегенмін. Сол кездерде де Қайсар Бақытжанұлының ақпарат беруден бас тартып, «қызмет орнымда емес едім не болмаса жиналысқа кетіп бара жатыр едім» деген сыңаржақ сөз айтқанын көрмедім өз басым. Біз бәріміз әуелі адамбыз. Қызметте ешкімге мәңгілік емес. Сондықтан бір-біріміздің кеудемізден қақпай, адамдық қалыпты сақтап, етене бірге жұмыс жасағанымыз жөн. Осы ұғымды Қайсар Бақытжанұлы жақсы түсінеді әрі біледі.
Мәселен, біз Қайсар Бақытжанұлынан аудандық полиция бөлімінің 2024 жылдың 5 айында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарған жұмыстары туралы сұрадық. Ол бәрін қағазға қарамай-ақ, тарсылдатып айтып берді. Өйткені өз жұмысын жақсы біледі.
«2024 жылдың 5 айында аудан аумағында жалпы 53 құқықбұзушылықтар тіркеліп, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 11,7 пайызға төмендеп отыр. Орын алған қылмыстардың ашылу деңгейі 69,6 пайызды құрайды. 2024 жылдың 5 айындағы қылмыстардың түріне тоқтала кетсек, ауыр дәрежедегі қылмыстар 6, былтыр осы уақыт межесінде 13 болған, яғни 53,8 пайызға төмендеген. Аса ауыр дәрежедегі қылмыстар 2 дерек, былтыр 5-еу болған, бұл да 60,0 пайызға төмен. Есірткі қылмыстары 5, былтыр 10 болған, яғни 50,0 пайызға төмен. Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 11 дерек, былтыр 13 болған, 15,4 пайызға төмендеген. Өкінішке орай, пәтер ұрлықтары бойынша 5 қылмыс дерегі орын алып отыр. Былтыр 3-еу болған. 66,7 пайызға өскен. Ұялы телефон ұрлықтары 4 қылмыс, былтыр 1-еу болған, тағы да өкінішке орай дейміз бе, 300,0 пайызға өскен» деді аудандық полиция бастығының бірінші орынбасары.
Ауылдарда өтетін жиналыстарда жиі боламыз. Сол кездерде тұрғындар мал ұрлығы жөнінде көптеген сауалдар қояды. Бізде бұл сұрақты Қайсар Бақытжанұлына қойдық. Ол:
– Мал ұрлығы қылмыстары 1 дерек, былтыр осы уақыт межесінде 5-еу болған, яғни 80,0 пайызға төмендеп отыр, – деп жауап қайырды. Біз Қайсар Бақытжанұлына қазір интернет алаяқтық қылмысы өршіп тұрғанын да айтып, сауал қойдық.
«Интернет алаяқтық қылмысы бойынша 4 дерек тіркеліп отыр. Былтыр 1-еу болған, 300,0 пайызға өскен. Ашылуы 50,0 пайызды құрап отыр. Ал, аса ауыр дережедегі интернет алаяқтық қылмыстарға 2024 жылы жол берілген жоқ. Былтыр 1-еу тіркелген болатын» деді ол. Бұдан бөлек, 2024 жылдың 5 айында аудан аумағында 3216 әкімшілік іс анықталып, былтыр 2017 болған, өткен жылмен салыстырғанда әкімшілік істерді анықтау дерегі 1199 хаттамаға өскен екен.
Дамыған Еуропа елдерінде полиция қызметкерлерінің адами имиджі қандай деңгейде екенін барлығы да күнделікті ақпарат құралдарынан көріп, естіп те жүр. Біздің елдің енді лезде сол қарқынға ілесіп, сондай деңгейге жете қоюы екіталай. Бірақ, полиция қызметкерлерінің имиджін қалыптастырып, олардың да халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып жұмыс жасау мәселесі төңірегінде мемлекет қолдан келер бар жағдайды жасап отыр. Бұл жөнінде Қайсар Бақытжанұлы:
– Аудандық полиция бөлімінің «Инстаграм» әлеуметтік желісінде арнайы парақшасы бар. Онда 1700-ге жуық әлеуметтік желі қолданушылары тіркелген. Өзіңіз еңбек ететін «Құлан таңы» газеті мен осы әлеуметтік желіде барлық саны 235 материал жарияланды. Осының бәрі айналып келгенде, ашықтықты көрсетеді. Біз әрқашан сіздермен бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері антына адал болып, басшылық артқан сенімге селкеу түсірмей бар күш-жігерлерін сарқа жұмсап еңбек етіп келеді. Осы бөлімде еңбек етіп келе жатқаныма да 15 жыл болды. Сондықтан мен полиция қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз екенін жақсы білемін. Төл мерекеміз қарсаңында өз әріптестерімді шын жүректен құттықтағым келеді. Еңбектеріне табыс, жанұяларына бақыт тілеймін ,– деді.
Марат Диханбай.