Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Алдымен сөзбасы: Бұл өмірде армандамайтын адам баласы жоқ шығар. Біреу даңғарадай зәулім виллам болса дейді, біреу қызметім «тезірек» өссе дейді, біреу ары-бері жұртқа мақтанып жүретін қымбат көліктердің бірі «Ломбарджиниім» болса дейді, ал енді біреулер өз мамандығының білгірі болсам дейді. Сол секілді Эльзат Аязқұлқызы да өз жұмысын жақсы білетін іскер педагог дей аламыз. Ол ұстаз болуды бала күнінен армандапты. Қазір сол балалық бал шағының асқақ арманын өмірінің маңызды құрамдас бөлігіне айналдырып, ұлы қызмет тізгінін 30 жылдан аса абыройлы арқалап келеді. Сымбаты мен санасы бір арнада тоғысып, білігі мен биязылығы біте қайнасқан білікті ұстаздың жетістікке толы өмір жолын өз аузынан естідік. Сұхбатымыздың басы былай басталды.
Естеріңізде болса, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-зерттеуші, аудандық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық ұйымының үйлестірушісі, өзіне берілген кез келген тапсырманы қыздың жиған жүгіндей мінсіз орындайтын Тілеубаева Эльзат Аязқұлқызы Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласына Халықаралық жастар фестивалінің аясында Халықаралық балалар ұйымдарының ассоциациясының «Движение Первого» фестиваліне жол тартқаны жөнінде көпшілікке сауын айтып, газет бетіне шағын мақала жазғанбыз. Сол мақалада елге оралған соң Эльзат Аязқұлқызынан сұхбат алатынымызды да айтқан едік. «Уәде – Құдай сөзі» деген. Мінеки, оқырман алдындағы жауапкершілікті сезініп, кейіпкерімізден сұхбат алдық. Сұхбаттың жазулы нұсқасын газетіміздің осы нөмірінен оқи аласыздар.
– Эльзат Аязқұлқызы, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Ісім оң болсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз, даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» деген екен. Ылғи қызу жұмыстың үстінде жүресіз. Тіршіліктің тынысын, уақыттың жүрісін сезіндіретін, білім әлемінің сырын білетін, өзінің алдынан өтіп жатқан шәкірттерінің жырын жүрекке түйген тағылым иелері ұстаздарымыздың еңбек жолы көпке үлгі-өнеге десек болады. Айтқан сөзіңізді екі етпей, газетімізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет. Ұстаздық жолдың қыр-сырын, Мәскеуде өткен форум тақырыбында кеңінен баяндап бересіз деген үміттемін. Ендеше әңгімені сонау бала шақтан бастасақ. Ұстаз болуды сіз де бала күніңізден армандаған боларсыз…
– Көп рақмет! Бүгін ауданымыздың тыныс-тіршілігін уақтылы жариялап отыратын «Құлан таңы» газеті арқылы қалың оқырманмен байланысып отырғаным үшін өте қуаныштымын. Оған сеп болған сіздерге рақмет! «Ұстаздық – ұлы қызмет» деп бекер айтпаса керек. Оның ұлылығына осы жолға белімді бекем буғалы бері сан мәрте көз жеткіздім. Шәкірттерім биіктен көрінген сайын кезекті шыңымды бағындырғандай күй кешемін. Енді сауалыңызға оралайын. Ұстаз болу бала күнімнен арманым болды. Үйдің қасындағы өзімнен үлкен-кіші балаларды отырғызып қойып, сабақ беретінімді әлі күнге дейін ауылыма барғанда көрші апалар күліп есіне алады.
– Өз өскен ортаңыз, балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз?
– Өзім Қазақ ауылында туып өстім. Алаңсыз балалық шағым сол жерде өтті. Бос уақытымызда көшенің балалары бірігіп отырып, теледидардан сүйікті бағдарламамыз бен кино көруші едік. Ауылдық клубқа келетін концерт, киноларға барып, мектеп және ауыл кітапханасындағы кітаптарды және жазылып алдыртатын газет-журналдарды оқитынбыз. Мектепте керемет шаралар өтеді, соған қатысатынбыз. Қайсыбірін қозғайын, барлық адамзат баласына тән бал балалыққа деген сағыныш менің бойымды да үнемі билейтіні рас. Әсіресе ауылға барған сайын…
– Ұстаздық ұлы қызметті таңдауыңызға не түрткі болды?
– Қолыма ең алғаш қалам ұстатқан Мәрия апайым, ары қарай білім нәрімен сусындатып тәлім-тәрбие берген Қуанышкүл апайым, Сейділдә ағай, Күләш апай сынды ұстаздарым осы жолды таңдауыма себепкер болды деп ойлаймын. Білікті, бала жүрегіне жол таба білетін Ұстаз болғым келді.
– Осы қызметке келгелі бергі басты жетістігіңіз қандай деп есептейсіз?
– Өте орынды сауал. Ең бастысы, балаға ұлттық рухта білім мен тәрбие беріп, сол білім мен тәрбиені бала өз өмір жолында пайдалана алса, менің ең үлкен жетістігім сол деп ойлаймын.
– Бұл қызметте бір орында тоқтап қалу – тоқырауға әкелетіні сөзсіз. Осы ретте біліктілікті үнемі жетілдіріп отырасыз ба?
– Ол рас. Шындық. Білімді үздіксіз жетілдіріп, көтеріп отыру керек. Бұл тұрғыда тек өз салам бойынша ғана емес, жан-жақты даму керек деп есептеймін. «Дамимын, оқимын» деген адамға қазір барлығы қолжетімді. Кәсіби шеберлікті дамытып, үздіксіз білім алып, біліктілігімді арттырып отыру – менің басты міндеттерімнің бірі. Әсіресе, арнайы курстарға қатысып, шеберлік сағаттарына жиі қатысамын. Өз білгенімді бөлісіп, тәжірибе алмасқанды ұнатамын.
– Өзіңіз қызмет ететін мекеменің басты мақсатын, бағыттарын айта отырсаңыз?
– Мен еңбек ететін білім беру мекемесі балалардың жеке тұлға ретінде әлеуметтік талаптарға және қоғам өміріне еркін бейімделуіне, жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында орталығымыз жемісті еңбек етіп келеді. Сонымен қатар орталықта, болашағы бүгіннен басталатын өскелең ұрпақтың бойында патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, беріктік, Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру, рухы асқақ, ұлтжанды, мәдениеті биік көшбасшыларды тәрбиелеу мақсатында құрылған аудандық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық ұйымының жұмысы жүйелі түрде балалармен жұмыс жүргізіп отырады. Біздің орталық ауданымызда өнерге деген киелі ұғымды балғындарға ұғынтып, талантын ұштап, талабына қолдау көрсетіп, мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болып жүргенін білесіздер…
– Әрине рас. Осы тұста алған марапаттарыңызбен де бөлісе отырсаңыз?
– Маман ретінде аудан, облыс, республика көлеміндегі «Үздік педагог», «Үздік үйлестіруші», «Үздік қосымша білім беру педагогі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Әдістемелік вернисаж» сияқты тағы көптеген сайыстар мен ғылыми практикалық конференцияларға, яғни мұғалімдерге қатысты барлық сайысқа қатыстым десем де болады. Ешбір сайыстан жүлдесіз оралып көрмеппін. Дайындығыма, біліктілік деңгейіме сай қанжығам да қашан да майлы болды. «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерімін.
– Ал енді жуырда ғана Мәскеу қаласында өткен Халықаралық жастар фестивалінің аясында Халықаралық балалар ұйымдарының ассоциациясының «Движение Первого» фестиваліне еліміздің атынан барып келген жаңалыққа ойыссақ. Оқырмандарымызға арнайы сұхбат алатынымызды да айтқан едік. Сол форум барысы туралы толығырақ айтып өтсеңіз?
– 2024 жылдың 30 мамыр мен 3 маусым аралығында Мәскеу қаласына еліміздің атынан мен және Астана қаласынан белсенді жасұландық Балжан Турдалиева мен Талдықорған қаласынан жан-жақты жасұландық Нұрасыл Шарипов қатысты. Бұл фестивальдің мақсаты – әділдік пен теңдік негізінде мәдениетаралық балалар мен жастардың қарым-қатынасы үшін шекарасыз орта құру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, халықаралық балалар мен жастар қоғамдастығын қалыптастыру. Форумға 45 мемлекеттен белсенді жастар келді. Фестиваль барысында көптеген қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәскеу қаласына саяхат, түрлі танымал адамдармен кездесулер, «Даңқ» мұражайына саяхат, атақты оқу орны Мәскеу Мемлекеттік университетіне апарды. Ең әсерлі саяхаттың бірі ВДНХ болды (ВДНХ – крупнейший экспозиционный, музейный и рекреационный комплекс мире). 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай осы ВДНХ орталық алаңында үлкен мерекелік бағдарлама өтті. Балалар түрлі жобаларын қорғады. Орталық алаң, Кремльге саяхат жасадық.
– Керемет екен. Енді отбасыңыз туралы айта кетіңізші. Өз балаларыңыздың ұстаз болғанын қалар ма едіңіз?
– Отбасыма келер болсам, үлкен қызым Ақмаржан психология саласын таңдады. Одан кейінгі ұлым Қуаныш әскери салада. Аға лейтенант. Жалпы, балаларға мамандық таңдауына еркіндік берген дұрыс деп ойлаймын. Өздерінің жүрек қалауларымен таңдауы керек деп есептеймін.
– Белгілі бір қиындықтар алдыңыздан кезіккен кезде ұстаздық қызметтен басқа салаға кеткіңіз келген сәттер болды ма?
– Шындығына келсек, басыма не күн түссе де, ешқашан жұмысымды тастап басқа салаға кетем деген кезім болған емес. Бұл өз мамандығыма деген адалдығым, жақсы көргенімнен болар деп топшылаймын. Бұл қызметімді басқа ешбір саламен алмастырмас едім. Риясыз махаббатпен істеген қызметіңнің еш кемшілігі көзіңе шалынбайды.
– Қызметке жаңадан орныққан жас педагогтарға айтар кеңесіңіз бар ма?
– Мұғалімдік мамандықты кездейсоқ таңдамағаныңа сенімді бол. Ешқашан білмеген нәрсеңді сұраудан ұялма. Білімдеріңізді үздіксіз жетілдіріңіздер дегім келеді.
– Эльзат Аязқұлқызы, рухани тұрғыдағы әдемі өрілген сұхбатыңызға алғысымыз шексіз! Ашық, шынайы жауаптарыңыз оқырман көңілінен шығады деген сенімдемін. Ісіңіз берекелі жалғасын таба берсін! Шәкірт санасын білім мен тәрбие нәрімен сусындатудан жалықпай, шарықтай беріңіз!
– Сізге де, «Құлан таңы» газетінің ұжымына да көп рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Марат Диханбай.