Жастар арасында технологияға емес, темекіге құмартқандар көбейіп барады

157 Views

Жастар арасында технологияға емес, темекіге құмартқандар көбейіп барады

Қазіргі таңда «еліміздің ертеңі болады» деп сеніп отырған жасөс­пірімдер электронды шылымға әуес болып барады. Көк түтіннің қармауына мектеп жасындағылар да әуес болып алған.
Елімізде 23 маусымнан бастап вейп тауарын сатуға шектеу қойылды. Бұған дейін электронды темекіні қызы да, ұлы да еш қымсынбастан көшеде мақтанышпен шеккен болатын. Сұрасаң «Бәрі шегіп жүр ғой» – деген жауап аласың.
«Ел еніп кетті деп, артынан еріп кетудің» қажеті жоқ. Шегіп жүрген тәтті будың ішінде кем дегенде 1 миллиграмм никотин қосылатынын, оның ертеңгі ауруға айналатынын көп жас ұқса ғой, шіркін!.. Уақытша қызықтың соңы, жазылмас дертке ұласса ше? Уақытша ләззаттың уы бойыңа тарап, бармақ тістемесіңе кім кепіл? Еліктеймін деп тәуелді болып, ағзаңа сіңіп кететін химикаттық ауруды ақшаға сатып алуды доғару қажет. Вейптің түрі көп, денсаулық – біреу.
Бүгін вейп шегіп, ертең азап шегудің алдында тұрмыз. Бүгін ұятты ысырып шылым шеккен қыздар ертең қалай ана атанбақ? Олардан туған бала сау бола ма? Жастайынан жаманның дәмін көрген бала ертең қандай азамат болмақ? Отан қорғайтын ерлеріміз организмдерін қорғай алмайтын күйге жеткендей. Мұны ғалымдар түрлі эксперименттермен дәлелдеп, тәртіп сақшылары рейд жүргізсе де, шылыммен күрестің пайдасы емес, тұтынушысы артқаны қиын-ақ. Сатылымда көш бастап тұрған вейптің 23 маусымнан бастап жоқ болып кетері ақылға қонымсыз. Вейптің тұрақты тұтынушылары бүгін-ертең мұнан бастарта қоймас. Ауру қалса да әдет қалмайтын адам­ның үйреншікті әдетін бір күнде доғаруы­на күмән көп. Дегенмен «Ел болам десең бесігіңді түзе» – деп, бесіктен белі шықпағандарға ненің зиян екенін тәптіштеп түсіндіру керек. Керек болса, оларға өздері қолданатын дүниенің қандай қоспалардан дайын­да­латынын жарнамадағыдай әдемі түр­де жеткізу дұрыс болар. Бұл бүгін олардың елеп-ескере бермейтін қате­лігі болғанымен, ертеңгі күннің өкі­ніші болып қалмауымен күресу, біз­дің қазіргі мақсатымызға айналып отыр. Технологияға емес темекіге қызыққандармен қалай арпалыссақ та, денсаулық өзіне керек екенін түсіне алмай жүргендер қаншама? Бұл олар­дың білім­сіздігі ме, әлде заңның әлсіздігі ме? Десе де, бәрі өз қолымызда. Тек дұрыс таң­дау жасай білсек болғаны. Дұрыс өмір сүру салтын ұстанайық.

Мадина Мұсабай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік университеті Конвергентті журналистика мамандығының
2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: