Сұлу сөздің зергері

932 Views

Алатау қабағында бұлт бұйығып,

Көктемнің бала мінез шағы тынбай.

Тұр еді, нөсер құйды кілт түйіліп,

Дарынды хас ақынның шабытындай.

Бұлт көшіп, жайнап дала атырабы,

Шопан тұр маңын шолып биік қырдан.

Күн көзі нөсерден соң жадырады,

Баладай жылап алып, күліп тұрған.

Бұл -Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркісойдың «Мақтұмқұлы» атындағы төсбелгісінің иегері, табиғат тамыршысы атанған елімізге белгілі ақын Қуандық Шолақтың «Нөсерден соң» атты өлеңі. Ақиқатын айтайық, Қуандық Абашұлының әрбір өлеңінен нағыз ақынға тән суреткерлік болмыс айқындалып тұрады. Оқыған сайын жаның рақаттана түседі. Бұл ойымыздың қаншалықты шындыққа жанасатынын есімі күллі қазақ жұртына мәшһүр ақын Иран-Ғайыптың мына сөзінен-ақ аңғарсаңыздар болады. Ол Қуандық ағаның шығармашылығы жайында: «Ақын, жазушы деп суреткерді айтады. Сөзбен күллі тіршіліктің, соның ішінде бақыт пен қуаныш, азап пен шердің болмысын жасайды. Ақын үшін осы бір ғана өлшем – суреткерлік. Өзгелер әйтеуір өлең ұйқастыра алатындар. Бұлар көп. Өң бір алды қартайып, артының жасы өзгеге ақыл айтуға жетсе де қадірсіз, елеусіз ақынсымақтардан аяқ алып жүре алмай қалдық. Қуандық Шолақ – ақын. Табиғаттың тамыршысы іспетті ақын. Оның «Қоңыр әуені» жақсы кітап. Поэтикалық әуен. Эстетикалық сипаты мол. Оқитын дүние. Осымызды оқырманның өзі де мойындайтынына күмән жоқ» деп пікір білдірген екен. Ал көлгірсіп мақтағаннан гөрі шындықты бетке айтуды өмірлік ұстанымына балаған қабырғалы қаламгер Шерхан Мұртазаның «Қазақтың рухани дүниесінде екі Шолақ бар. Олар Балуан Шолақ және Қуандық Шолақ» деген сөзін бүгінгі күні еңбектеген бала да, еңкейген қарт та жатқа айтып жүр.

Жуырда Тараз қаласында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Халық шығармашылығы орталығына қарасты Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен ақын Қуандық Шолақтың жырларын жастар арасында дәріптеу мақсатында «Күзде гүлдеген тобылғы» атты әдеби кеш болып өтті. Шығармашылық кешке ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, белгілі сатирик Бақытжан Советұлы және республикалық, облыстық басылымдардың журналистері қатысып, ақын шығармашылығы турасында өнегелі сөздер өрбітті. Сондай-ақ, әдеби кеш барысында оқылған жауһар жырлар ақынның адамгершілік қасиетін одан әрі асқақтата түскені сөзсіз. Шара соңында Қуандық Шолақтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: