ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТІРЕГІ – АТА ЗАҢ
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды. Бүгінде бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжаттың қабылданғанына да 29 жыл болды. Осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Өзінің заман талабына лайықтығын жан- жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек. Тарихқа кері шегінетін болсақ, тәуелсіздікке ие болған Қазақстанның ең басты қадамы Конституцияны қабылдаумен тұтастай байланысты. Ата Заңымыз бойынша мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық болып табылады.Мемлекетіміздің Конституциясы – бұл біздің бірлігіміз бен татулығымыздың кепілдігі, биліктің барлық буынының жолға қойылған тиімді жұмысы. Конституция Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне, сонымен қатар дін ұстанымы еркіндігіне, еңбекке, демалысқа, денсаулығының қорғалуына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл болады. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялы құндылықтардың сақталуына жауапты. Әрбір азамат өзіне тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды. Қазіргі таңда және өмір бойы басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни басты талап – Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау. Ал, оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау Республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
Құжаттың нормативтік әлеуметтері де халыққа талай қызмет етіп, демократиялық құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болып қала бермек. Осы тұрғыдағы ойымызды «Конституцияны қатаң ұстану бұл – мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, тарихымызды, жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштылыққа жету мүмкін болмайды. Яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ» – деген сөздермен қорытындылағымыз келеді.
Жасұзақ Баймендиев,
аудандық сот әкімшісінің басшысы.