Қызылшадан сақтанудың жолы қандай?

98 Views

Қызылша – жедел жұқпалы ауру. Негізгі белгілері – қызу көтеріліп, теріде бөртпелер пайда болып, көзі қызарып, тыныс ағзалары зақымданады. Ауру тек науқас адамнан жұғады. Қызылша жасырын кезеңінде 9-11, жалпы 15-21 күнге созылуы мүмкін.  Алғашқы белгілері: дене қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл бөртпелер пайда болады. Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні бөртпелер денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр мен аяқтарға шығады. Бөртпелер көлемі 2мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді. Дегенмен әрбір бөртпелер арасында таза тері көрініп тұрады. 3-4 күннен кейін бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршықтар қалады. Қызылшаға көздің қызарып қабынуы, ірің шығып, таңертең кірпіктерді ашудың қиындығы, мойын артында, қолтық бездерінің үлкеюі, ұстағанда ауырсынуы тән. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін. Қызылша асқынғанында ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Аурудың алдын алу шаралары Үй-жайларын жиі желдету және ылғалды тазалау, науқастарды ерте, дер кезінде анықтау (балалар, жүкті әйелдер) және егу жұмыстарын жүргізу.
Қызыл­ша ауруын алдын алу үшін уақтылы егу жұмыстарын жүргізу, үйде қызылшамен ауырған науқас болғанда қарым-қатынасты шектеу қажет. Қызылшамен ауырған балалар көбінесе үйде емделеді. Егер науқастың жағдайы ауыр болса, онда ауруханаға жатқызылады. Сондай-ақ, ауруы асқынған және үй жағдайында күтімі жоқ балалар да ауруханада емделеді. Бір жасқа дейінгі бала міндетті түрде ауруханада ем алады. Жалпы ауырған баланың гигиена сақтауын қадағалап, дәрумендерге бай сұйықтықты жиі ішкізу қажет. Денедегі бөртпелерге ештеңе жақпау керек. Бөлме температурасында баланы сумен жуындыру жеткілікті. Онда да дене температурасы төмендегеннен кейін, яғни ыстығы басылғаннан кейін ғана шомылдыруға болады.
Қызылша ауруы бедеулікке әкелмейді. Бірақ жүкті әйелдерде түсік түсіру, мерзімінен бұрын босану және жатырішілік ақаулар болуы мүмкін. Ал қызылшамен ауырған ересектерде терінің қышуы 20% болады. Ларингит, бронхит 15 күнге дейін созылуы мүмкін. Әсіресе 60 жастан асқан адамдарда ұзаққа созылады. 20-30% қысқа мерзімді диарея және орталық жүйке жүйесі зақымдануы мүмкін. Қызылша асқынған жағдайда адам пневмонияға шалдығады.
Вакцинаның маңызы
Қызылшаға қарсы егу профилак­тикалық егу күнтізбесіне кірген. Алғашқы вакцинация 12-15 айлық дені сау балаларға жасалады. Вакцинаны қайта жасау (ревакцинация) 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады.
Вакцинада баланың иммунитетін дамытатын тірі қызылша вирустары бар. Вакцинацияға реакция әртүрлі болуы мүмкін. Баланың дене қызуы кейде 37,5-38оС-қа дейін көтеріледі. Бұл вакцинациядан кейін 5-8 күн ішінде болуы мүмкін. Және үш күнге дейін созылатын кездер де болады. Ескеретін бір жайт, иммунитеті төмен және онкологиялық аурулардан зардап шегетін балаларға вакцина алуға болмайды.
Айта кетсек, науқастардың негізгі бөлігі вакцинацияланбаған балалар. Ауру көзі болып әртүрлі аймақтардан келіп жатқан егуден қалыс қалып жатқандар (егілуден бас тартқандар, дер кезінде аймақтық емханаға тір-келмегендер, шетелдіктер).
Қызылша жұқпасының адам ағзасына келтіретін зардабы орасан. Сондықтан қызылша жұқпасының белгілерін тұрғындарға жеткізіп, санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізудің маңызы өте зор.

С.Алибаева,
Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
басшысының орынбасары.

Поделиться ссылкой: