Өз өлкеңді танисың ба?
49 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
кезекті Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Базарға барсаңыз ұл-қызын ертіп жүрген ата-ананың қарасы көп. Барлығының қамы – балаларына мектеп формасы мен оқу құралдарын алу. Дәл осындай қауырт шақта саудагерлер мен алыпсатарлар мүмкіндікті қалт жібермей, тауардың бағасын мың құбылтатыны сөзсіз. Мен тек журналист емес, менің де іні-сіңлілерім бар. Балалардың мектепке дайындығы туралы жазуға тапсырма алған мен «екі қоянды бір оқпен атпақ болып», ұл мен қызға мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға шықтық. Сонымен…
Қасыма балалар мен әпкемді, яғни олардың анасын ертіп, аудандық орталық базардың сауда орталықтарын түгел аралап, бір оқушыға қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтың ең төменгі бағасына бағдар жасадық. Арзандатып сататын дүкендерге де бас сұқтық. Сөредегі заттың бағасы жазулы, барлығы «сайрап тұр». Сонымен, байқағанымыз, дүкен сөрелерінде тұрған тауарлардың бағасы өткен жылға қарағанда қымбаттаған екен. Бірінші, ата-ананың қалтасына ауырлау соғатын дүниесі – мектеп формасы. Бұл жерде ата-ана қалтасындағы қаражатына қарай көсіліп, таңдау жасайтыны сөзсіз. Сауда орындарында Қытай, Қырғызстан, Түркия елдерінде тігілетін мектеп формалары толып тұр. Бағасы да сапасына сай, әр түрлі деңгейде.
Біз алдымен бастауыш сыныпта оқитын сіңлімнің киімінен бастадық. Қыз баланың ер балаға қарағанда қажеттілігінің көптігінен қаржы да көп жұмсалатыны белгілі.
Оның үстіне, қыз балаларға арналған киімдер қымбатырақ. Алдымен сіңліме таңдаған ақ көйлектің бағасы 5500 теңге болды. Ал, әпкем бұл көйлекті өткен жылы 4000 теңгеден сатып алғанын айтты. Әрине, одан да арзанын табуға болады. Бірақ сапасы тым нашар. Бір жуғаннан сетінеп кететіндей көрінеді. Біз орташа бағада сатылымда тұрғанын сатып алдық. Ендігі кезек белдемшеге келді. Бұл жерде де таңдау көп. Түрлі сәнде тігілген белдемшелердің ең арзаны 3000 теңгеден басталып, 7000 теңгеге жетеді. Таңдауымыз сіңлімнің отырып-тұруына ыңғайлы, жинақы, «матасы түктенбейді-ау» деген 5000 теңгенің белдемшесіне түсті. Ақ көйлектің сыртынан киетін жеңсіз жилетті де қарадық. Оны қарап жүріп, 4000 теңгеге таптық. Сосын шашына тағатын бантиктерді 1000 теңгеге, шұлықтарын 1000 теңгеге, іш-киімдерін 2000 теңгеге сатып алдық. Ал аяқ киімге келгенде таңдауымыз ұзаққа созылды. Себебі, аяқ киімді барынша сапалы етіп таңдауды ұйғарып, базардағы дүкендердің көпшілігін араладық. Қыздарға арналған туфлидің бағасы 5000 теңгеден басталып, 15000 теңгеге дейін жетеді. Бұл жерде де әркім қалтасындағы ақшасына қарай таңдау жасайтыны белгілі. Бірінің бағасы тым қымбат болса, бірінің ішінен түрлі химиялық резинаның иісі шығады. Біз көп ойланып, сатушылардың айтуы бойынша түркиялық сападағы 12000 теңге тұратын аяқ-киімге тоқтадық. Сол жерде тұрып, жүзі жылы сатушыны сөзге тартып, бүгінде қымбатшылықтың қысып тұрғанын айтып едік, мұның басты себебі доллардың қымбаттауы екенін және шетелге тәуелді екенімізді сөзге тиек етті. Дегенмен, тауарларды шетелден алдырып, өзінің көп қоспайтындығын және көріп отырған пайдасының шамалы екенін айтты.
Сонымен сіңлімнің мектеп формасы түгенделгендей болды. Алған мектеп формасының жалпы құны 35000 мың теңгеден асты. Бірақ бұнымен біткен жоқ, әлі денешынықтыру сабағына киетін спорттық киімі бар. Спорттық киімдер де сапасына қарай бөлінеді емес пе? Қытайда тігілген спорттық киімдердің бағасы 8500 теңгеден басталса, Бішкектің тауарын 8000-9000 теңгеден табуға болады. Ал түркиялық спорттық киімдердің қымбаты 15000 теңгеден асады. Сіңлімнің қалауымен санаса отырып, орташа есеппен бағасы 13500 теңгенің спорттық киімін сатып алдық. Спорттық аяқ-киімнің де бағасы 8000 теңгенің көлемінде болды. Ал ішінен киетін футболкасын 3000 теңгеге алдық. Денешынықтыру сабағына арналған жиынтықтың бағасы 21500 теңгеге шықты. Сонымен сабаққа киіп баруға арналған қыз баланың мектеп формасы 56000 теңгені құрады. Біз қараған сауда орындарында спорттық киімнің арзан түрлері де кездесті. Бірақ сапаға қарай таңдап, қалтамыздағы қаржыға қарай ыңғайласқаны осы болды. Ендігі кезек 8 сыныпқа көшкен ініме келді. Сауда дүкендерінде ұл балаға қажетті түрлі деңгейдегі ақ көйлек 3500 теңгеден басталып, 10000 теңгеге дейін сатылуда. Біз 7000 теңгеге алдық. Костюм-шалбардың құны 15000 теңгеден басталып, 30000 теңгеге дейін бар. Інімнің таңдауы 15000 теңгелік костюм-шалбарға түсті. Ауыстырып кию үшін қырлы шалбарды 7000 теңгеге, галстукті 1500 теңгеге, туфлиді 12000 теңгеге, ақ майка мен шұлықтарды 2500 теңгеге сатып алдық. Сөйтіп, інімнің 1 қыркүйекте киіп баратын мектеп формасы 55000 теңге болды.
Киім-кешегін түгендеп, аяқ киімдерін алдық. Енді екінші мәселе, оқу құралдары мен жабдықтары. Білетінім, мектеп құралдарына аз қаражат жұмсамайды екенбіз. Оқу-құрал сататын бірнеше дүкенге кірдік.
Сауда сөресіндегі ең керекті дүниенің құнына көз жүгіртсек, сөмке 5500-15000, қарандаш 50-70 теңге, қалам 50-150 теңге, дәптер 25-30 теңге, қалың дәптер 200-350 теңге, түрлі-түсті бояу 500-750 теңге, түрлі түсті картон 250-600 теңге, пәндік дәптер 900 теңге, сурет дәптер 150-500 теңге, фломастер 600-ден басталып, 1300 теңгеге, сызғыш 50-250 теңге, құрастырғыш 2000-5000 теңге, желім 250-400 теңге, сазбалшық 300-600 теңге, өшіргіш 50-100 теңге, ұштағыш 100-200 теңге, өшіргіш пен ұштағыш 200 теңге, күнделік 350-700 теңге, қайшы 300 теңге, санағыш 300 теңге, дәптер қап 10 дана 450 теңге, кітап қап 10 дана 600 теңге. Бір балаға ең қажеттісін есептегенде жобамен 15 000 теңгеге жуықтайды.
Міне, аудандағы барлық сауда нүктелерін аралап, мектеп формасы мен оқу құралдардың бағасына бағдар жасадық. Айлығы тұрақты, тұрмысы жақсы отбасылардың өзі балаларын жаз бойы киіндіретініне көзіміз жетті. Тіпті шамасы келмейтіндерге банктерден берілетін бөліп төлеу төлемінің де мүмкіндік екенін білдік. Ал тұрақты жұмысы жоқ, жалақысы мардымсыз отбасы балаларының жағдайы қалай боларын кім білген..
Гүлнұр Аманжол.