Өз өлкеңді танисың ба?
50 Views«Өзгені тану үшін алдымен өзіңді тани біл» деген жалпы адамзаттық қағида ең алдымен туған өлкенің тарихына үңілуді талап етеді. Осы орайда, жақында аудан орталығындағы…
Қант пен қораз
Атақты философ Кант Шығыс Пруссияда бір кісінің үйін жалдап, өзінің даңқты еңбектерін жазып жүрген кезі екен.
Бәрі жақсы-ау, бірақ әлгі үйдің айдары қып-қызыл қоразы бар екен. Қожайыны сияқты қораз да тиянақты. Мекіштерін ренжітпейді. Таңсәріде, күн сәскеде, бесін кезінде, намазшамда, не керек, өзінше тиесілі мерзімінде зор даусымен айқайлап тұрады екен.
Бірақ бұл дауыс философ Канттың мазасын май ішкендей қылады. Жазу жазып отырғанда, яки өмір туралы терең ойларға кеткен кезде ойын бөле береді ғой.
Кант қораздың иесіне жалынып:
– Мына бәленің көзін құрт. Маған жұмыс істеткізбейді, – дейді ғой.
Бірақ қожайын неміс емес пе:
– Жазығы жоқ қоразды қалай құртамын, – деп көнбей қойыпты.
– Онда не мен тұрамын, не қораз тұрады, – дейді философ.
– Өзің біл, – дейді қожайын.
Атақты философ қоразға бола басқа жаққа көшіп кетіпті.
Бір кем дүние.
Біздің ауылдың келіндері
Үйдің балконы Тәңіртау жаққа қарайды. Сол балконда келесі әңгіменің жайын ойлап, қарлы шыңдарға қарап, қаперсіз отыр едім… Көшеде ақ орамалды, қызыл көйлекті бір келіншек өтіп бара жатып, маған иіліп сәлем салды.
– Рахмет, айналайын, Құдай тілеуіңді берсін, – дедім. Бейтаныстау екен:
– Кімнің келінісің? – дедім.
– Аллаберген атамның, – деп жарқылдап жауап берді.
Мен ойланып отырып қалдым.
«Қай Аллаберген? Бұл ауылда Аллаберген деген бар ма еді?»
Отырып-отырып, ондай адамды таба алмадым. Кейін білсем, өзіміздің аталас ағайын Құдайберген екен.
Қазіргі заманның келіндері қайын ата, қайын аға, қайын ене, абысын-ажын дегендерді сартылдатып, бадырайтып өз аттарымен атай беретініне құлақ үйреніп кеткен.
Ал мынау тосын жаңалық. Бұл заманның белсенді қатындары «гендерлік саясат» деп басыңнан асыра дүңкілдейтін дәуірде… Бұрынғылар еске түсе кеткені…
* * *
Ауылдың сыртынан шырылдаған дауыс естіледі. Құлақты елең еткізеді.
– Ата, ата! – деп айқайлайды әлгі дауыс, – Ата, ата!
Сылдыраманың бер жағында,
Сарқыраманың ар жағында
Маңыраманы ұлыма жарып кетіпті.
Жаныманы білемеге жанып-жанып, тез әкелсін біреу, – деп шырылдайды әлгі жаңа түскен келіншек.
Қазіргі қазақ мұны түсінуі үшін мынандай сөздік керек:
Сылдырама – қамыс,
Сарқырама – өзен,
Маңырама – қой,
Ұлыма – қасқыр,
Жаныма – пышақ,
Білеме қайрақ.
Сонда бұл жаңылтпаш неге керек болған?
Сөйтсе, әлгі жаңа түскен келіннің:
Қамысбай деген атасы бар екен,
Өзенбай деген қайнағасы бар екен,
Қойбағар деген қайнысы бар екен,
Қасқырбай деген тағы бір қайнағасы бар екен,
Пышақбай деген атасы бопты,
Қайрақбай деген тағы қақбас бар болса керек.
Міне, баяғы заман келіншегі солардың ешқайсысының көңілін қалдырмай, әдептен озбай, әруақтан аттамай, салт-дәстүрді сақтай білген адал жан ғой.
* * *
Ал әлгі «Аллабергеннің келінімін» деген айналайын сол баяғылардан аман-есен осы заманға жеткен құтты құс болар, сірә. Құдай тілеуін беріп, алдынан әрдайым ақ күн туа берсін.
Сірә, жаңадан түсетін басқа да жас келіндер осындай шығар.
Қайдам-ау, қайдам…
«Гендер! Гендер!» деп дүрсілдеседі…
Бір кем дүние.
Он екі айдың сұлтаны
Ораза – денсаулық кепілі.
Ораза – рухтың тазалығы.
Ораза – тозақтан қорғайтын қалқан.
Ораза – тілектің қабылдануы.
Оразада – ауыз берік.
Ауру – астан, дау – қарындастан.
Ораза – аштықтың не екенін білу.
Ораза айында дау-дамайдан, ұрыс-керістен, қиянаттан, зорлықтан, дөрекіліктен, ұрлық-қарлықтан тыйылған жөн. Әлдекім киліксе: «Аузым ораза», – де.
Ораза тек ашығу емес.
Ораза – жақсы мінез қалыптастыру. Тәрбиелі тақуа болу.
Бір кем дүние.
Аш бала мен тоқ бала
Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды.
Ол рас. Бала күнімде, әсіресе соғыс жылдары көп ашықтым. Соның салдары әлі күнге дейін білінеді. Ішек-қарныма гастрит дей ме, холецистит дей ме, әйтеуір, өңшең «иттер» толып кеткен. Мұның бәрі сол соғыс жылдағы ашқұрсақтықтың кесірі.
… Бастықтар кейде бір уыс, жарым уыс талқан береді. «Бірақ итке сүйек тастағаның қайырымдылық емес. Өзің де аш отырып итпен сүйек бөліскенің қайырымдылық» (Дж. Лондон).
«Қайыр берген қол бата берген ауыздан артық» (Ингерсолл).
Құдықтың басында бір ит шөлден өлейін деп жатыр. Жеңіл етек, жезөкше әйел туфлиіне жіп байлап, құдықтан су алып беріп, итті өлімнен алып қалады. Осы жақсылығы үшін Құдай оның барлық күнәсін кешеді.
Сонда да бір кем дүние.
Ақсұңқар қайда?
Қарақұс жемін басып жейді. Ақсұңқар жемін шашып жейді.
«Ухуд тауындай алтыным болса, алдымен қарызымнан құтылар едім. Қалғанын жанымда үш күннен артық ұстамас едім», – дейді Пайғамбар хадистерінде. Рас па, жоқ па, бір Алла біледі.
Ал қазіргі байлар – аждаһа, түйені түгімен, кемені жүгімен жұтса да тоймайды.
Мұнай теңізі жұтылып жатыр.
Темір мен мыс, алтын, күміс…
Төбеден төмен қарай төгілген байлық мұртты жағалай ағады, ауызға түспейді.
Түспесе түспесін. Халық аман болсын. Ел бар болсын.
Бір кем дүние.
Ұрпақсыздар ұмытылады
Ұрпақсыздар ұмытылады. Өмір заңы солай.
Мен ес білетін кезден бері ауылда талай адам ұрпақсыз қалып ұмытыла бастады.
Мысалы, жақын ағам Нәметқұл. Темір ұстасы еді. Зергер еді. Екінші жаһан соғысының жауынгері. Жалғыз ұлы Байбосын ерте кетті.
Нәметқұлдан ұрпақ қалмады. Ауылдағы үйде ол соққан темір қысқаш қалған еді. Қазір бар ма, жоқ па білмеймін.
Бегалы деген туысқанымыз тал-дарақ өсірген орманшы екен. Соғыс жылдарында орман таусылды. Жалғасы жоқ. Аты ұмытылған. Оның ағайыны Мәмбетәлі де сондай. Енді өзім ше? Жалғыз ұл 50 жасқа келді. Баласы жоқ. Сонымен тұқым үзіле ме? Құдай Батырханнан тараған ұрпаққа ғұмыр берсін! Сонда Мұртаза аты өшпейді.
Ал менен кітаптар қалар. Олар ұрпақты жалғастыра ала ма?
Бір кем дүние.
(Жалғасы бар).