Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
Елімізде еңбекпен есімі еленген, халқына пайдасын тигізген жандар жетерлік. Біз осы күнге дейін ауданымыздың дамуына үлес қосқан жандар жайында көп жазып келдік. Бүгін де сол үрдісті жалғастыру мақсатында аудандағы талай істің тізгінін ұстап, ел үшін қызмет еткен жерлесіміз – Жексенбі Мәткерімов жайында кеңінен сөз қозғауды жөн көрдік.
Ж е к с е н б і Мәткерімов 1948 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Т.Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылында дүниеге келген. 1955 жылы ауылдағы шағын мектептің табалдырығын аттап, ұлағатты ұстаз Тоқтаралы Барпиевтен дәріс алады. Сол кездегі балалар киімінің аздығы, мектепке қажет болар заттардың жоқтығы бала Жексеннің оқуға деген құлшынысын төмендете алмады. Керісінше 3-4 шақырымдай жолды еңсеріп, сыныптасының үйіне барып, кітап оқыды. Осылайша, 1966 жылы мектеп бітірген бозбала Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне құжат тапсырып, оқуға түседі. Араға төрт жыл салып, аталмыш оқу ордасын үздік тәмамдаған маман иесі жолдама арқылы Жамбыл облыстық ауылшаруашылық басқармасына келіп, облыстық нормалау зерттеу станциясына агроном болып жұмысқа орналасады. Алайда, 1971 жылы үйдегі үлкендердің өтінішімен ауданға оралып, «Путь к коммунизму» колхозында агрономдық қызметті әрмен қарай жалғастырады.
Георгий Челаев басқаратын колхоз дәл сол кезде мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да дамытқан, суармалы жері мол, көп салалы шаруашылық болатын. Колхозда кездескен әр түрлі жұмыстар Жексенбі сынды жас маманның тәжірибе жинақтауына көп септігін тигізді. Колхозда үш жылдай қызмет атқарып, 1976 жылы Луговой аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып орналасады. Аудандық партия комитетін ол кезде В.Кравчук басқаратын. Комитеттегі бірінші хатшының, сонымен қатар, партия жұмысын жетік меңгерген Ілес Бекебаев, Кеңес Исмайлов, Қалымбек Қонаров секілді азаматтардың ақыл-кеңестері Жексенбі Мәткерімовтың партия қызметкері ретінде қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Осылайша, тәжірибе жинақтаған Жексенбі Мәткерімов 1978 жылы «Қазақстан» колхозының партком секретары болып сайланды. Сонымен қатар, осы жылдары аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланып, бірнеше рет облыстық партия конференцияларының делегаты болды. 1988 жылы Луговой аудандық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, аудандық кеңестің депутатығына сайланды.
Бүгінде жасы жетпіске жеткен Жексенбі ақсақал бұдан өзге бірнеше қызметте болған азамат. Атап айтар болсақ, Мақпал совхозының директоры, «Құнарлылық» бірлестігінің басшысы, 1996-97 жылдары аудан әкімінің бірінші орынбасары, 1997-99 жылдары ауылшаруашылық басқармасының директоры болса, 2005 жылға дейін жер инспекциясының басшысы қызметінде болды. Ал, 2012 жылға дейін жер қатынастары бөлімінде жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықты. 40 жылдан астам қызметінде ақсақалдың ел игілігі үшін жасаған қызметі көп. Ол жұмыстарды жергілікті жұрт жақсы біледі.
Жексенбі ақсақалдың ұл-қыздарының бәрі жоғарғы білім алып, заң, білім және медицина салаларында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мұны ақсақалдың өзі зор мақтаныш санайды. Себебі, ол еліне қызмет еткен әрбір жанды мәртебесі биік адам деп есептейді. Ақсақалдың ұстанған өмірлік қағидасы да біреу-ақ. «Өзіңді тәрбиеле. Ал бала сенің істеген ісіңді қайталайды» -дейді көпті көрген қария. Өнер мен білімге жаны құштар немерелерінің санасына да осы бір қағиданы қазық қып қағып келеді. Қазіргі таңда қария сонау бала кезінде Нұрбала әжесінен естіген әңгімелерді ізін жалғаған ұрпағына айтып отыруды әдетке айналдырған. Себебі, үлкендердің айтқан әңгімелері мен жыр-дастандары өзіне әсер еткендей, немерелерінің болашағына үлкен септігін тигізетіндігіне сенімді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.