АЭС: батыл шешімдер уақыты

126 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде әділетті Қазақстанды құру бағытында атқарылып жатқан әлеуметтік, экономикалық салалардағы жұмыстарды айта келіп, алдағы жұмыстардың тоғыз бағытын белгілеп берді. Сонымен бірге «Дүние жүзінде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізде сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан атом энергетикасын дамытуға мән беруіміз керек. Себебі экономикамыз күн сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады» – деді. «ҚАЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас менеджері Асуан Сиябеков әлеуметтік желіде өткізген сағатта АЭС-тің тиімділігі туралы жан-жақты түсіндірді. Мамандардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы жылу станцияларының, электр қондырғылары линияларының 70 пайызы тозған. Жылдан-жылға энергия тұтыну көбейіп келе жатыр. Ғалымдарымыз 2035 жылға қарай энергия тұтыну деңгейі 25-30 пайыз өседі деп болжап отыр. Бүгінгі таңда әлемде 31 елде 415 АЭС жұмыс істеп тұр. Оның ішінде АҚШ-та – 94, Қытайда – 56, Францияда – 56, Ресейде – 36, Үндістанда – 20, Канадада – 19, жер көлемі азғантай Бельгияда – 5, Жапонияда – 12 тағы басқа да мемлекеттерде АЭС бар. Қазір 15 елде 62 жаңа реактор салынып жатыр. Олардың қатарында Мысыр, Украина, Түркия, Бангладеш елдері бар. АЭС салу туралы шешімді Өзбекстан да қабылдады. АЭС салынса, елімізде 10 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. АЭС электр энергиясының бағасын қолжетімді етеді. АЭС жыл сайын елімізде 100 млрд. теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, Қазақстан уран өндіруден әлемде бірінші орында. Барланған табиғи уран қоры бойынша дүние жүзінде екінші орында. Осынша уранымыз бола тұра, неге АЭС салмасқа? Ардақты ағайын, еліміздің болашағы жарқын, бай, қуатты болсын десек, АЭС салу керек деген ұсынысты қолдайық. АЭС дегеніміз – электр энергиясын алу. Мәселен, ЖЭО-нан, көмірден, судан, желден, күннен де энергия аламыз. Ал бұл жерде атом реакцияларының әсерінен энергия алу көзі болып табылады. АЭС салуды қолдау жөніндегі аудандық халықтық штаб мүшелерінің аудан тұрғындарымен кездесулерінде АЭС-тің маңызы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жиындарда тұрғындарға тиісті ақпараттар беріліп келеді. Осындай кездесулерде еліміз Тәуелсіздік алған кезде 10 жыл ауданның бас экологі болған, еңбек ардагері Бейсенбай Таңбаев: «Еліміз АЭС салудан еш қорықпау керек. Ол Қазақстанға қыруар пайда әкеледі, оның үстіне АЭС көмірқышқыл газ қалдықтарын шығармайды» деген еді. Қазіргі пайдаланып отырған энергия көздерінен шыққан зиянды, улы газдар ауаны, экологияны өрескел бұзып, табиғатқа да, адамдарға да көп зиянын тигізіп отырғаны анық. Ауданымызда халықтық штабтың мүшелерінен 5 ақпараттық топ құрылып, түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Құрметті аудан тұрғындары, еліміздің болашағы үшін, балаларымыздың келешегі үшін АЭС салу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасын бірауыздан қолдауға шақырамын.

Серік Өтегенов,
Қазақстан халқы Ассамблеясының Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша

ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: