ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІН ҰЛЫҚТАУ – РУХАНИ ӨЛШЕМ БИІГІ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты публицистикалық мақаласы еліміздегі барлық баспасөз беттерінде жарияланды. Мен Елбасымыздың жүрекке рух сыйлайтын аталмыш мақаласын аудандық «Құлан таңы» газетінен оқыдым. Осы орайда, саяси астары үлкен масштабта жазылған Президентіміздің мақаласын қолдайтын жанның бірі ретінде өз ойымды жұртшылықпен бөліскім келді.
Жасыратыны жоқ, жаһандану дәуірі біздің ұлттық құндылықтарымызды көмескілендіріп барады. Ел аумағында орын алып жатқан түрлі оқиғалар бұл сөзімізге мың сан мысал бола алады. Шығыстың шайыры атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің таңдаулы туындыларын кітаптан емес, «Айфоннан» оқитын болдық. Бұл ұрпағымыздың білімін жетілдірмейді, керісінше, құлдыратады. Ұзақ жылдар ұстаздық қызметте еңбек еткендіктен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін өз басым оқушыларымыздың интернеттен емес, кітаптан оқығанын қалар едім. Себебі, кітапты өз қолыңмен парақтап оқыған сайын жан-дүниең рухани кемелденеді. Елбасымыз өз мақаласында бұл мәселені тамыршыдай тап басып жазыпты. «Мысалы, өткен дәуірдегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде өз мемлекеттерінің баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұла дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Абылай, Кенесары мен Абай сынды көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» деп айта келіп, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу керектігін сөз етті. Меніңше, бұл ұтымды бастама. Президент атап өткен баһадүр бабаларымыз бұл құрметке әбден лайық. Біз Ұлы дала тарихындағы тұғырлы тұлғалармен әрқашан мақтануымыз керек. Өйткені, олардың әрбір еңбегін өскелең өрендерімізге жеткізу – аға ұрпаққа жүктелген міндет деп есептеймін.
Доқтыркүл ЕСІРКЕПҚЫЗЫ, зейнеткер ұстаз.