Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
15 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Өткен аптада Құлан ауыл шаруашылығы колледжінде студенттер мен Луговой гарнизонының сарбаздары Лондоннан келген мәртебелі қонақтарды қарсы алды. Жазушы әрі тележүргізуші Джонатан Фрейер Шыңғыстану және Африкатану мектебінің оқытушысы. Ал, Рахима Әбдубаитова болса жалпы әлем бойынша Айтматов Академиясының директоры, Қырғызстанға ғана емес бүкіл Еуропаға танымал ғалым. Ол Германиядағы оқу орындарының бірінде студенттерге дәріс береді. Онымен бірге жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Мәдиева мен доцент Сәуле Бектеміровалар бірге келді.
Қонақтарды колледж директоры Ж.Бүкірова мен аудан әкімінің орынбасары М.Тлепов қарсы алып, алдымен музейді аралап көрсетті. Оқу орнында жақында ғана болып өткен «Айтматов оқуларынан» меймандарды хабардар еткен соң М.Тлепов мырза Шыңғыс Айтматовқа арналған мемориалдық тақтаның лентасын қиды. Қонақтар осыдан соң оқу корпустарын аралап көріп, студенттердің Шыңғыс шығармашылығына арнаған қолөнер туындыларымен танысты.
Кездесу оқу корпусының үлкен залында өтті. Оған Луговойдағы бес гарнизонның сарбаздары, студенттер мен ұстаздар көптеп жиналды. Кездесу шымылдығын жақында ғана колледжде өткен «Айтматов оқулары» аясындағы колледжаралық байқауда жеңімпаз атанған топтар заманымыздың заңғар жазушысының Мұхтар Шахановпен достығынан туған «Құз басындағы аңшының зары», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» сияқты шығармаларынан сахналық қойылымдар көрсетіп, монологтар оқыды. Кездесуде залға жиналған қауым қонақтарға сұрақтар қойды. Сұрақтардың көпшілігіне «Адамзаттың Айтматовы» атанған ғұлама жазушымен сонау Францияда, ЮНЕСКО-ның кеңсесінде бірге жұмыс істеген ғалым Рахима Әбдубаитова тиянақты жауап қайтарды. Ол: -Шыңғыс Төреқұлұлымен шетелде болған кезімізде біз ол кісінің отбасымен етене жақын араластық. Жазушыны Лондон мен Парижде қонаққа шақырмаған корольдік семья жоқ шығар сірә. Иә, Шыңғыс Айтматовтың әлемдік әдебиетімізден ойып тұрып алған орнын біз, қырғызстандықтар мақтан етеміз. Десек те, ол кісінің шығармаларының тең жартысы түгелдей дерлік Қазақстан туралы. Қазір менің Германиядағы тыңдаушыларым Айтматовтың «Шыңғыс ханның ақ бұлты», «Касандра» атты туындыларын оқып, оны сахнадан тамашалауда,-дейді.
Иә, қалай десеңіз де колледжде ашылған мемориалдық тақта келешектегі байланыстарымыздың дәнекері болып қала береді. Кездесуге қатысушылар одан үлкен әсер алды. Олар мәртебелі қонақтармен бірге естелік суретке түсті. Бұл кездесу Қырғызстан мен Қазақстан мемлекеттері арасындағы тағы бір мәдени байланысымызға жол ашатын рухани «көпір» бола алады деп толық сеніммен айта аламыз.
С.ҚОЖЕКЕ.