Қарттар айтқан әр сөзде өсиет бар

70 Views

Журналист болған соң көп жиындарға қатысамыз. Жасырып қайтеміз, соның көбісі іш пыстырарлық деңгейде өтіп жатады. Неліктен? Өйткені сүбелі сөз бен ордалы ой айтатын азаматтардың қатары аз.
Ал, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов қатысқан кез келген жиын жұртшылыққа несімен ұнайды? Себебі, ол – парасаты биік, талғамы терең интеллект иесі. Еркін сөйлейді. Көкейге қонымды ой айтады. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында Қожайхан Қазыбайұлымен дидарласып, әңгімелескен едік. Газетіміздің бүгінгі санында кейіпкерімізбен өрбіген сұхбатымыздың жазулы нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қожайхан Қазыбайұлы, біз «ақса­қал, қария, абыз» деген тіркес­терді жиі қолдана­мыз. Бірақ бү­гінгі жас буын өкілдері бұл сөздер­дің маз­мұнына онша мән бермей­тін се­кілді. Алғашқы сұ­рақты осы­дан бастайықшы. Үш сөз­дің астарында қандай мән-ма­ғына жатыр…
– «Қарттарын сыйлаған елде қасиет бар, олар айтқан әр сөзде өсиет бар» деген мақал бар. Мына сұрақты өте орынды қойып отырсың. Алайда, жастарға кінә артуға тағы болмайды. Өйткені олардың арасында білімдісі, зерделісі жоқ деп айта алмаймыз. Осының бәрі өнегелі, ұлағатты кездесулердің жоқтығынан деп білемін. Әйтпесе, бүгінгі ұрпақтың миының жады өте мықты. Сондықтан бәріне бірдей топырақ шаша беруге болмас. Енді сауал төңірегінде сөз қозғайтын болсам, бір әулеттің ақылшысы болып, соған ақыл-кеңесін айтып отырған жандарды біздің қазақ қария, ауылдағы ағайынға баталы сөзін жеткізіп, мәселенің мәнісін шешкен тұлғаларды ақсақал деп атаған. Ал қазақтың мүддесі мен елдің абыройы үшін барын салып еңбек еткен адамдарды абыз десек болады. Мәселен, бұған әріге бармай-ақ тәуелсіздік жылдарында сөзімен де, ісімен де елдің есінде қалған Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Қадыр Мырза Әлі сынды ағаларымызды айтсақ жарасады.
– Камал Смайылов пен Шерхан Мұртаза сын­ды заңғар тұлғаларды тіл­ге тиек етіп қалдыңыз. Олар «ша­ңы­рағына қарап қария­сын емес, керісінше қариясына қарап шаңырағын сый­лайтын» күрескер азаматтар ғой?..
– Дұрыс айтасың. Бұрын өзің айтқандай, қартына қарап шаңырағын сыйлайтын едік. Ал қазір расымен де шаңырағына қарайтын заманға келдік. Бір үйдің баласы бизнесмен болса не болмаса жоғары дәрежедегі шенеунік болса, соған қарай ауып кететін жағдайлар жоқ емес, бар. Негізінде сыйластық мұндай өлшемде өрбімеуі керек қой. Осындайда Камал ағаларды еске түсіресің. Болмысы бөлек, өзіндік принципі қалыптасқан ұлтжанды азаматтар ғой, шіркін.
– Айжан Тәбаракқызы есімді ақын қызыңыз өзінің «Көңіл» атты өлеңінде «Пенделерге пейілсіз бекер сенген екенмін, Бар болу да – Құдайдан, Жоқ болу да – Құдайдан» деп жырлапты. Жалпы, дінге деген көзқара­сыңыз қандай?
– Мен «Түбіміз түркі, түлі­гіміз жылқы, атамыз алаш, керегеміз ағаш, алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз тәрбиелеген, көк тәңірінің құлы, көк бөрінің ұлы болған қайсар қазақтың ұрпағы болғанға мақтанамын» деген сөзді бәсірелі жиындарда жиі айтамын. Негі­зінен, дінді де қолдайтын жері бар. Ақиқатын айту керек, Ислам діні – жамандыққа тәр­биелемейді. Құранның қай аятын оқып шықсаңыз да, адал­дыққа, кішіпейілділікке, қара­пайымдылыққа үндейді. Құдайға шүкір, бүгінгі таң­да жастарымыздың дені иман­­дылыққа бет бұрған. Ең бас­тысы, ащы суға құмар емес. Мен осыған қуанамын.
– Қазір жас та, жасамыс та, қолы қалт етсе телефонға шұқшияды. Осы сәтте жазушы Сәбит Досановтың «Адам кітап оқуды доғарған кезде ойлауды да доғарады» деген сөзі есіме түсіп отыр. Бұған нендей ой қосасыз?
– Мен бұған толық келісемін. Біздің қоғам дәл қазіргі уақытта рухани тұрғыдан «аш» деуге болады. Қарап отырсаң, бесіктен белі шығып үлгермеген кішкентайларымыздың өзі ұялы телефонға әуес. Компьютердің тетіктерін шемішкеше шағады. Бұл жақсылық емес. Содан кейін, ата-аналар қатарынан қалып қоймасын деп, қомақты сомаға балаларына «сотка» сатып алып береді. Осының бәрі бізді рухани кемелдікке емес, керісінше «кедейлікке» алып келе жатыр. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында ұлттық идеологияға қатысты мәселелерге бас мән беріліп отырғандығын атап өткен жөн. Жаңа Сәбит Досановты айып қалдың. Сәкеңнің мынадай сөзі де бар, Маратжан. «Қарын ашса тойдыруға болады, ал рухани аштықтың орнын толтыру өте қиын» дейді жазушы.
– Өзіңіз әлеуметтік желіге тіркелгенсіз бе?
– Тіркелмегенмін деп өтірік айтпаймын. Өйткені ауданда өткізілген ілкімді іс-шараларды облыстық «Ардагерлер ұйымы» қадағалап отырады. Аракідік ішкі толғанысымды жазып қоямын. Яғни, жұмыс бабымен ғана қолданамын.
– Кезінде «Ұят болмасын» бағдарламасында Ақылбай қарияның рөлін сомдаған актер Бекжан Тұрыс ініңіз 50 жасқа келгенде «Ұлым саған айтам…» атты моно­спектаклін ұсынды көрер­мендерге. Қойылымда ак­тер­­дің «Ошақтың үш бұты бол­ғанмен, қазаным біреу еді ғой, үш жүзге бұра тартқа­ныммен, қазағым біреу еді ғой» дейтін жанайқайы бар. Меніңше, бұл сөздің астарында көптеген сыр жатқан секілді…
– Шерағаң айтпақшы, бұның бәрі бір кем дүние. «Жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз» деген тәмсілді де білесің. Сондықтан үш жүздің баласы біріксек көппіз, ал бірікпесек жоқпыз. «Сыртта сыбыр, іште күбір жетерлік, соны ойласам көңілімнен кетер құт, барша қазақ бір-біріңді дос көрмей, тынысыңда тірлігіңде бекерлік» деген екен. Дана Абайша тәпсірлесек, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос».
– Атақ деген ұғымды қалай түсінесіз? Бұл менің кейіпкерлеріме қояр дәстүрлі сұрағымның бірі…
– «Атақ» дегенді аурудың бір түрі деп есептеймін. Әлгі «Араққа мас болғаннан, атаққа мас болған жаман» деген со­дан қалса керек. Атағын пұлда­нып жүргендер жоқ емес, бар. «Кішіпейіл болған сайын биік­сің, қарапайым болған сайын ұлысың» дегенді де атам қазақ бекерге айтпаған. Жалпы айт­қанда, биік баспалдақ санасы төмен адамдарды кішірейтіп жібереді, ал санасы жоғары адамдарды одан әрі биіктете түседі. «Адал болсаң ақ көңіл бауырыма балаймын, достасуға ұмтылсаң дос болуға жараймын, қажет емес мен үшін сенің атақ-дәрежең, мен алдымен адамдық қасиетіңе қараймын» деген өлең жолдары есіме түсіп отыр. Атақ жайында менің түйгенім – осы.
– Сырлы сұхбатымызды жастарға тағылым болар ақ батаңызбен аяқтасақ…
– «Көздерінде қайрат бар, жүздерінде айбат бар, Мен жастарға сенемін» дейді Мағжан Жұмабаев. Жастарымыздың болашағы жарқын екеніне кәміл сенетін жанмын. Сондықтан оларға:
– Төле бидей көсем болсын,
Бөлтіріктей шешен болсын.
Сауытбектей ақын болсын,
Бәйдібектей батыр болсын.
Асанбайдай тілді болсын,
Бауыржандай зілді болсын.
Тегі текті құнды болсын,
Өмірлері ұзақ болып,
Жамбыл жеткен жасқа толсын, – деймін.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий