Бала ұялы телефонмен емес, ұлттық құндылықтармен тәрбиеленуі керек

46 Views

Бұны бір писсимистік көзқарас деп ұқпасаңыздар екен. Дегенмен, күнделікті көзбен көріп, жұмыс барысында құлақ естіп жүрген сөз бұл. «Мына ұялы телефонның бала тәрбиесіне дендеп кіріп кеткенін» көп ата-аналарда айтып жүр. Өзімізде соның біріміз. Бірақ ол қашанғы солай болады? Бала ұлттық құндылықтарды бойына дарытып, өсіп, жетілуі керек қой. Қазақы салт-дәстүрді біліп, мақал-мәтел жаттап өскен баланың ойлау қабілеті де ерекше болады. Сондықтан әрбір ата-ана осы бастан ойланып, баланы «ұялы телефонмен» емес, қазақы тәрбиенің қайнар көзімен тәрбиелесе деген ой біздікі. Естеріңізде болса, газетіміздің алдыңғы нөмірлерінің бірінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова бастаған осы кеңеске мүше өзге де ақ жаулықты аналар республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының аясында ілкімді бір бастаманы қолға алғандығын, олар аудан аумағындағы балабақша тәрбиешілерінің бала тәрбиелеу ісіндегі жұмыстарына назар аударып, олқы түсіп жатқан тұсы болса, оларға методикалық кеңес беру мақсатында игі іс-шаралар өткізіп жүргендігін жазған едік.
Өткен жолы «М.Мирас» бөбекжай-бақшасында «Тәрбие – тал бесіктен» деген тақырыпта іс-шара өткен болатын. Бұл жолы, яғни өткен жұмада Жадыра Сатыбалдықызы басшылық ететін «Аяна и Б» бөбекжай-бақшасында «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері» деген тақырыпта іс-шара өткізілді. Айта кетейік, дәл осы күні, яғни 27 қыркүйек – Тәрбиешілер күні. Шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аудандық аналар кеңесінің мүшелері Есенкүл Мұхтарқызы, Ұлту Жайлышева, Бақыт Мырзалиева, Алтынкүл Адилова, Клара Серікбаева, Раушан Шамшиева, және Роза Мамырбаева қатысты.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «Аяна и Б» бөбек­жай-бақшасында қазіргі таңда 7 топ­та 165 бүлдіршін тәрбиеленуде. 2015 жылдың мамыр айында ашылған атал­мыш бөбекжай-бақшасына алғашында 100 бала қабылданса, 2018 жылы бұл бөбекжай-бақшаның ауқымы кеңей­ді. Яғни осы жылдан бастап, «Аяна и Б» бөбекжай-бақшасында 165 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Мұнда қазір 14 тәрбиеші еңбек етеді. Жалпы қызметкерлердің саны – 40.
Осы уақытқа дейін қаншама іс-шараларға қатысып жүрміз. Расын айтсақ, солардың көбісі көңілден шықпай жатады. Жадыра Сатыбалдықызы басшы­лық жасайтын «Аяна и Б» бөбек­жай-бақшасының ұжымы өздеріне жүк­телген тақырыптың мазмұнын жете түсініп, іс-шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастырды. Бұл бөбекжай-бақшада балаларға толығымен жағдай жасалған. Әрбір топтың бөлмесінде салт-дәстүр сөйлеп тұр. Өткен жолғы іс-шарада «Ата-аналар көптеп қатысса…» деген ұсыныс айтылған болатын. Бұл жолғы іс-шарада барлығы қамтылған. Ата-аналар да атсалысты. Тіл көзіміз тасқа, бүлдіршіндер жанып тұр. Іс-шарада «Ботақан» тобы «Бастаңғы», «Балапан» тобы «Текемет басу», «Көгершін» тобы «Босаға майлау», «Қарлығаш» тобы «Ұлттық құндылықтарды» көрсетті. Барлығы бала үшін әрине. Мінеки, мейлі ол мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, бала тәрбиелеу ісіндегі жұмыс дәл осылай жүргізілсе, біздің одан ұтарымыз көп.
Іс-шара соңында сөз сөйлеген аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Селбайқызы, аудандық аналар кеңесінің мүшелері Есенкүл Мұхтарқызы мен Бақыт Мырзалиева «Аяна и Б» бөбекжай-бақшасында ұйымшылдық, басшылық пен осында еңбек ететін қызметкерлердің арасында еркіндік, сыйластық бар екенін тілге тиек етіп, тәрбиешілерді мерекелерімен құттықтады. Және осы бөбекжай-бақшадағы бала тәрбиелеу ісіндегі методиканы өзге балабақшаларға үлгі ету қажеттігін айтты.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий